Home » статьи » «ДОСТЫҚ» ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІНІҢ БІР КҮНІ

«ДОСТЫҚ» ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІНІҢ БІР КҮНІ

Бекбосынова Халида Васильевна басқарып отырған Павлодар қаласының №7 жалпы орта білім беру бейіндік бейімдеуге мамандандырылған мектебі жылдағыдай, биыл да өз оқушыларының үш айлық жазғы демалысын барынша мағыналы әрі тиімді өткізуге тырысты.

Мұндағы мектеп жанынан ашылған екі мерзімді «Достық» жазғы сауықтыру орталығы екі жүзге жуық оқушының бос уақытын пайдалы қамтып, қуанышы мол қызықты мерекелерінің сан қилы әрі көптігімен ерекшеленді. Балалар орталық әкімшілігі ұйымдастырған іс-шаралар мен көңілді ойын-сауықтарға қатысып, түрлі шығармашылық жарыстардың жүлдегерлері де атанып үлгерді. Соның ішіндегі, есте қаларлық ең ауқымдысы – жас жеткіншектерді отансүйгіштікке, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге бағытталған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласы болды. Аталған бағдарламаға сәйкес, демалыс орталығының бір күні халқымыздың салт-дәстүрін сахналап, әдеп-ғұрыптарын насихаттауға арналды. Мерекелік іс-шараға: республикалық «Білім айнасы» ғылыми-танымдық газетінің меншікті тілшісі Айгүл Молдаш пен Павлодар халық радиосының тілшісі Гүлайым Тасова шақырылды.

Аталмыш білім мекемесінің балаларға арнаған бүгінгі базарлығы салмақты көрінді. Мектептің бір қабаты толықтай түрлі-түсті қағаздан қиылған ою-өрнектер мен сары, ақ, көк түсті шарлармен безендіріліп, мерекелік сипат алған. Ұзын дәлізде төр көрпе, сырмақтар төселіп, 3-4 дөңгелек үстел қойылған. Балалар тәрбиеші-мұғалімдерімен бірге топ-топқа бөлініп, әркім өзіне жүктелген тапсырманы барынша нәтижелі атқаруға кіріскен. «Гүл өссе – жердің көркі, Қыз өссе – елдің көркі» дегендей, бірінші топ қыз балалардың шашын өру мәдениетімен таныстырса, екінші біреулері  «Ата көрген — оқ жонар»  дәстүрімен, қамшы өрудің қыр-сырын түсіндіріп жатыр. Сондай-ақ, киізге ою-өрнек басып, құрақ құрау, төр көрпе тігу, ұршық иіру секілді әжелеріміздің тағлымды, асыл мұрасы да жиналғандардың назарынан тыс қалмады. Тағы бір топ асық, тоғыз құмалақ ойындарын ойнауда айтарлықтай шеберлік танытып, қызықтаушыларының қатарын көбейтуде. Мектептің спорт залында сан алуан спорттық ойындардан жарыстар өткізіліп, жас  палуандары өзара бақ сынасты.  Мереке қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда топ жарған жас өнерпаздардың ән шашуына ұласып, ұлттық тағамдар қойылған кең дастархан жайылды.

Біркүндік іс-шара соңынан жеңімпаздар анықталып, жүлдегерлер Дипломдармен марапатталды.

 Айгүл МОЛДАШ,
Павлодар қаласы

«Білім айнасы»

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*