Home » статьи » Біртұтас тәрбие – ұлттық құндылығымыздың маңыздылығын  жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық рухта тәрбиелеудің ізгі жолы

Біртұтас тәрбие – ұлттық құндылығымыздың маңыздылығын  жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық рухта тәрбиелеудің ізгі жолы


Кайралапова Нурзат Алпысбаевна
Алматы  қаласы, Әуезов ауданы,
КМҚК №100 «Гауһар» бөбекжай балабақшасы
Жоғары деңгейдегі  педагог- зерттеуші.

Тәрбиеші шеберханасы:  Біртұтас тәрбие – ұлттық құндылығымыздың маңыздылығын  жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық рухта тәрбиелеудің ізгі жолы.

 «Баланы мектепке дайындау  мәселесіне    айрықша назар аударған жөн.
Мектепке дейінгі тәрбие беру  және   оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар жауапты»

Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт  Тоқаев айтып өткендей,балабақшада тәрбиелеу мен оқыту процесін ата – аналармен ынтымақтастықты нығайта отырып дамыту. Педагогтің балалармен және олардың ата-аналарымен белсенді қатынасы, баланың жеке қасиетінің сипатын ашып, ұлттық құндылықты қалыптастыра отырып, үштік  одақ арқылы қол жеткізіледі.  Балабақша мен отбасы тәрбиесінің  үйлесімділігі мен бірізділігін қамтамасыз ету мақсатқа алынды.

Балабақшада тәрбиелеу  мен оқыту үрдісінде қолданылатын  өзіндік білім жетілдіру  жүйесі негізінде мақсатты түрде еңбек етемін. Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Балаға деген ерекше махаббатым, мамандығымның қыр – сырын тұңғиық тереңінен түсініуді үйретті. Өзімнің іс-тәжірибемде балалар бойына ұлттық рухты, патриоттық тәрбие беру арқылы,ұлттық құндылықтармен нәрлендіруге аса көңіл бөлемін. Әр тәрбиеленушіні майталман бағбандай  баулып, өз ойын еркін жеткізе алатын, ойы ұшқыр, өр-рухты тұлғаны тәрбиелеуде  аянбай еңбек етудемін.

Балабақша – тәрбие бесігінің бірі. Сондықтан да қазіргі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына сай халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұлттық  қымбат қазыналардың бірі ретінде бағалап, балабақшадағы тәрбиелік іс-шараларды кешенді ұйымдастырдым. Балабақшада алған тәрбиенің бала өмірінде  алатын  орны ерекше.  Ертеңгіліктерді түрлі ашық есік күндерін жыл сайын тек қызықты шара ретінде емес,қазақ халқының бай мәдениетін танытатын, тәрбиелік мәні зор рухани,іс-шара ретінде өткізуге тырысамын. Өзімнің тәрбиеленушілеріме жаңа әдістеме әлемін халқымыздың ұлы мұрасымен ұштастыруды көздедім. «Әжелер мектебін», «Аталар мектебін», «Аналар мектебін» ұйымдастыру  барысында арнайы   көрмелер, шығармашылық шеберханалар,  дөңгелек үстел,  сайыстар, тренингтер,бейнероликтер қарау ұйымдастырылды.

Отбасылық тәрбиенің озық тәжірибесін насихаттап, өзара  қарым-қатынасты нығайту көзделді.

Балабақшада тәлімдік тәрбиеге толы салт-дәстүрімізді ұлықтауға арналған игі іс-шара ұйымдастырдым.  Ересек «Бәйтерек» тобында  «Даналық мектебі» тәрбиесіне негізделген  іс шара өткіздім. Топ іші мерекеге сай безендірілді. Топ тәрбиеленушілері  мен ата-аналар ұлттық  киімдерін  киіп,   белсене қатысып, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге ерекше үлес қосты.
          

Наурыз мейрамы – қазақ халқының кеңпейіл көңілін, ашық қабағын жайдары да сауықшыл қасиетін, табиғи жымдасып жататын әсем сұлулығын білдіретін көл-көсір мінезге сай бірегей мейрам.    «Әжелер,аталар мектебі» аясында шеберлік сыныптар өткізілді. Әжелер — ақылдың кені, дананың көзі. Тәлімі мен тәрбиесі-өскелең ұрпаққа мирас болып  қалған тарихын, атадан қалған мұраны аялай білуге, салт-дәстүрін  қастерлеуге баулыды. Балаларды қазақ халқының ұлттық тағамдары-наурыз көже мен  ұлттық өнеріміз, ою-өрнектердің түрлерімен, ат — әбзелдерін танып білуге,қамшы туралы түсінікті кеңейтті

   Қазақ халқының  әрбір тағамында мағына бар, бұл- ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас.  Наурыз көже — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Ұлттық тағамдардың қасиетімен таныстырып, ұзақ сақтауға болатынын және құрамы дәрумендерге бай екені айтылды. Денсаулыққа пайдасын ұғындырды. Салауатты өмір салтын ұстануда ұлттық тағамның  ерекше қасиеті айқындалды.

Ұлттық өнеріміз, ою-өрнектердің сырларымен мағынасын әңгімеледі. Өмірге қажетті сәндік бұйымдарды, тұрмыстық заттарды халық шеберлері  түрлі түсті ою-өрнектермен безендіріп, керегіне қарай игілігіне жаратып отырған. Зергерлердің өнері, шеберлігі мен дағдылары атадан балаға мұра болып қалып отырады.  Әр ою-өрнектің мән мағынасын ашып, жасалу жолдарын көрсетті

Әже балаларға,фетрден жасалған кестелерді таратып,ою-өрнектерді көктеп тігуге көмектесті.

 Атамыз ат- әбзелдерін таныстырды. Ат-әбзелдері  —    жылқыны   мініс    пен        шаруашылыққа         пайдалануда       қолданылатын құрал жабдық түрлері. Қазақтың ат-әбзелдеріне ер, тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі,  жүген, қамшы және т.б жатады. Әбзел жасайтын, ер қосатын шеберлер мен өрімшілерді халықта құрметтеп, олардың еңбегін қымбат бағалаған. Жүген — ат басына кигізілетін негізгі әбзелдің бірі. Ат әбзелдерінің қатарына сан алуан қамшы түрлері де жатқызылады. Қамшы жасалу ерекшелігіне, қолданылған   материалына  ерекше салынған өрнегіне байланысты тобылғы қамшы,шашақты қамшы,сарыала қамшы,ырғай сапты қамшы деп түр-түрге бөлінеді.

Ата балаларға, жүгенді тоқуды, қамшының жасалу жолдарын көрсетті.

Кең байтақ даланы қоныстанған ата-бабаларымыздың игілікті дәстүрлерінің

бірі- қонақ қабылдау. «Қырықтың бірі -Қыдыр»-деп,ата-бабамыз үйіне келген қонаққа ерекше мән беріп, танымаса да одан барын аямаған.  Қазақ халқының қонақжай,  меймандостық, дарқандығы — жаны жайсаң, адамдық рухани биіктігін  көрсетеді. Қонақтарға ілтипат көрсетіліп, «Қонақ кәде» дәстүрімен  «Ерке сылқым» күйі орындалды. Ұлдар «Батырлар», қыздар «Наурызек»  биін биледі.

Халықтық салт-дәстүрін сақтаған, ғасырлар тарих сынынан өткен ерекше бір саласы — ұлттық ойындар. Ұлттық ойындар баланың дербес қимылын арттырып, күш-қуатын шыңдап, тапқырлыққа, елгезектікке  баулиды. Күмбірлеген күй,  ат дүбірін айнытпай келтіретін  әсем  әуенмен сүйемелденген «Бәйге», «Теңге алу», «Аударыспақ» ойындары ойнатылды.

Мереке соңында, қонақтар арнайы дайындалған наурыз көжеден  дәм татып,  үлкен-кішіге ақ баталарын берді.  Ұмай анамыз келіп «Шашу»  сынды ұлттық көріністі көрсетті. Ата-аналар дән риза болып,ізгі тілектерімен алғыстарын білдірді. Тәуелсіздік күніне орай «Бәйтерек» тобының тәрбиешілері мен ата аналарының қатысуымен «Ұранды елдің- ұрпағы қайсар» мерекелік шара өткізілді. Балалар рәмізімізді жатқа айтып, ондағы белгілердің    мазмұнын айтты. Ұлттық құндылықты бойына сіңірген ұлттық рухты, адал, парасатты, жасампаз азаматты тәрбиелеуге баулу барысында жұмыстар жүргізілді. Тәуелсіздік символы «Алтын адам»  мен қыран құс туралы түсінік берілді.          Тәрбиеленушілер  қазақ елінің ғұлама ақыны — Абай Құнанбаевтың мағыналы, ғибрат аларлық өлең оқу сайыстарына қатысты. Балалардың қызығушылығын арттыру  барысында, әжелер мен аналарға ертегілер мен әңгімелер  баяндап беру ұсынылды. Топта ертегі тыңдалып, мазмұны түсіндірілді. Мнемокесте әдісі бойынша мақал -мәтелдер, «Бесік жырын»,күйлерді өз тәжірибемде кеңінен қолданамын. Тілдік мәдениетін  жетілдіруге бағытталды.

Әрбір іс- шара, ұйымдастырылған іс-әрекеттер – ұлттық құндылықтың өнеге үлгісінде тәрбие берудің мәнді тәсілдері, ұлағат тәрбие мектебі болып табылады. Ата-бабадан қалған өнер мен өнеге, үлгілерін баланың сана сезіміне құйып, әдептілікке, бауырмалдыққа, үлкенге-құрмет, кішіге-қамқорлықты көрсете алатын елжанды, жарқын болашақ иесін баулу көзделді. Балалардың білім деңгейін жетілдіруде шығармашылығымды шыңдап,іздену жолындамын.   Тобымның ата-аналары  кез келген іс-шарада, ертеңгілікте немесе балабақшада  болып жатқан қоғамдық жұмыстарда бейқам қалмайтындығы, ата-аналармен жұмысымның бір жүйеге қойылғандығын дәлелдейді. Тәрбиеленушілерім келешекте елімнің мерейін өсіріп,мәртебесін биіктетер ұрпақ  болатынына сенімдімін.

Тәуелсіз еліміздің ұлттық құндылығын ұлықтап, ата – аналармен ынтымақтастықты   дәріптеу  барысында, ерік-жігері жоғары, дарынды, талабы биік  баланы тәрбиелеу менің басты парызым.

 

 

 

  

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*