Home » статьи » Біртұтас ұлттық тәрбие – бала бойына ұлттық рух дарытудың бастауы

Біртұтас ұлттық тәрбие – бала бойына ұлттық рух дарытудың бастауы

Базаркулова Светлана Кадыркышевна
Алматы қаласы, Әуезов ауданы,
«№100 бөбекжай-балабақша» КМҚК
тәрбиешісі

Тәрбиеші шеберханасы: Біртұтас ұлттық тәрбие – бала бойына ұлттық рух дарытудың бастауы

        Ұлттың ұлы мұраты – өз болмысын сақтап, рухани байлығын келер ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл міндетті жүзеге асыру – ең алдымен бала тәрбиесінен басталады. Балабақша – адамның тұлғалық қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Сондықтан осы кезеңде берілген тәрбие баланың бүкіл өміріне жол сілтер шамшыраққа айналады. Осыған орай, мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық тәрбиеге негізделген жұмыстардың жүргізілуі – заман талабы ғана емес, ұлт алдындағы аманат.

           
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Біртұтас ұлттық тәрбие» тұжырымдамасы – осы бағытта атқарылатын тәрбиелік жұмыстың идеологиялық тірегіне айналды. Бұл тұжырымдамада ұлттың тілі, ділі, дәстүрі, мәдениеті мен тарихы – тәрбиенің өзегі ретінде көрсетілген. Осыны негізге ала отырып, мен тәрбиеші ретінде өз тәжірибемде мектепке дейінгі балаларға ұлттық құндылықтарды ерте жастан таныстыруға, оларды күнделікті өмірмен ұштастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келемін.

         Баланың туған халқының тілі мен мәдениетін сүюі, тарихын құрметтеуі – оның бойындағы елжандылық пен адамгершілік қасиеттердің бастау көзі. Бұл қасиеттерді қалыптастыру үшін тәрбиеші әрбір оқу іс-әрекетінде ұлттық тәрбиеге мән беріп, баланың жүрегіне жол табуы керек. Өзімнің көпжылдық тәжірибемде осы ұстанымды берік ұстана отырып, балаларға ұлттық тәрбиені тек сөзбен емес, іспен, ортақ әрекетпен, отбасымен тығыз байланыста жеткізуге баса мән бередіь.

     
Ұлттық тәрбие – тәжірибемен бекіген шынайы құндылық. Балабақша жанында ашылған «Апалар мектебі», «Түймедақ» ортаңғы топ тәрбиеленушілер үшін, ата-аналар үшін өте маңызды, отбасылық, ұлттық құндылықтарға тәрбиелейтін, баланың ұлтжанды болып өсуіне ықпалын тигізді.

Солардың бірі – «Аналар мектебі». Бұл арқылы аналар мен балалар бірлесіп тәрбиелік іс-шараларға қатысып, ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтып, баланың ұлттық құндылықты түсінуіне жол аштық.

            Мысалы, бұл баланың өз анасына деген сенімін арттырып, шығармашылық қабілетінің ашылуына ықпал етті. Бала мен ана арасындағы тығыз қарым-қатынасты арттыра түсті.

           «Әжелер мектебі» Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде әжелеріміз балабақшаға арнайы шақырылып, бауырсақ пісіру шеберлік сабағын өткізді. Балалар қамыр илеп, бауырсақты өз қолдарымен жасап, әжелерінен жылы тілек естіді. Сонымен қатар, «Тұсау кесу» дәстүрі де балалардың көз алдында орындалып, оның мән-маңызы түсіндірілді. Бұл арқылы балалар дәстүрдің формасын ғана емес, рухани маңызын, терең мағынасын бойына сіңірді.

             Ата-ана мен балабақша ынтымақтастығы – бала тәрбиесіндегі алтын көпір. Бала тәрбиесі – тек балабақша немесе ата-ананың ғана міндеті емес, бұл — екі жақтың бірлесе, үйлесімді түрде атқаратын ортақ жауапкершілігі. Мен өз тәжірибемде ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлемін. Себебі, балабақшада басталған ұлттық тәрбие тек отбасында жалғасын тапқанда ғана шынайы нәтиже береді.

             Ата-аналарды тәрбиелік процеске тарту – баланың көз алдында ұлттық тәрбиеге деген құрметті күшейтіп, оны өмірлік құндылық ретінде қабылдауға жол ашады. Бұл бағытта іске асқан «Аналар мектебі» мен «Әжелер мектебі» ата-аналар мен балаларды ортақ ортада біріктіріп, олардың арасындағы сенімді, жылы қарым-қатынасты нығайтты.

             Мұндай бірлескен жұмыстар баланың бойында жақындарын құрметтеу, үлкендерді тыңдау, отбасылық құндылықтарды бағалау сынды қасиеттерді қалыптастырады. Сонымен қатар, ата-аналар да баласының күнделікті өміріне жақын болып, оның қабілетін, қызығушылығын тереңірек түсіне бастайды. Бұл – тәрбие мен білім берудің сапасын арттыратын маңызды тетік.

             Мен де өз тәжірибемде балалардың қызығушылығы мен жас ерекшелігін ескере отырып, ұлттық дүниетанымды қалыптастыруға бағытталған әдістерді қолданамын. Мысалы, ұлттық бұйымдарды таныстыру, ертегілер арқылы салт-дәстүрді меңгерту, қуыршақ театры арқылы тарихи кейіпкерлерді сомдау – балаға түсінікті әрі әсерлі тәсілдер.

             Ұжымдық ауызбіршілік пен тәрбиешілердің біртұтас мақсатта жұмыс істеуі – біздің жетістігіміздің кепілі. Бұл – әр баланың бойында ұлтына деген мақтаныш пен жауапкершілік сезімін қалыптастырып, елін сүйетін азамат болып өсуіне негіз болуда.

            Біртұтас ұлттық тәрбие – ұлттың болашағын айқындайтын рухани бағдар. Бұл тек ұран емес, әр тәрбиешінің күнделікті еңбегінің мазмұнына айналуы тиіс. Мен тәрбиеші ретінде балабақша қабырғасында ұлттық тәрбиені бала жүрегіне жеткізудің маңызын күн сайын сезінемін. Өз тәжірибемде әрбір іс-әрекеттің ар жағында баланың болашақ тұлғасы қалыптасып жатқанын түсіне отырып жұмыс істеймін.

            Бүгінгі күні ұлттық тәрбиені жүйелі түрде енгізіп отырған тәрбиешілер мен балабақша ұжымының еңбегі – ұлт болашағына қосылған үлкен үлес. Ал біз, осы жолдағы мамандар, бұл жұмысты сүйіспеншілікпен әрі жауапкершілікпен жалғастыра береміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*