Осы атаумен Алматы қаласы, Медеу ауданы, Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінде Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай аудандық дене шынықтыру мұғалімдері арасында волейбол турнирін өткіздік.
Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 94 жыл толып отыр. Ол 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.
Ол әрбір мезгілмен бір көктеп көгеріп, әр ұрпақпен бірге жасайтын ақындардың таңдаулы тобына жатса керек.
Волейбол турнирі ақын атамызға арналған әдеби-сазды кешпен басталды. Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдер оқылды.
Әдеби-сазды кеш аяқталысымен тартысты волейбол бәсекелері өз жалғасын тапты. Барлық волейболшылар жарыста тыңғылықты дайындығы мен жауынгерлік қасиеттерін көрсетті. Жалпы достық атмосфераға қарамастан, жарыста салауатты бәсекелестік рух орнады. Әр ойын өзінше қызықты, болжау мүмкін емес және эмоционалды болды. Біздің мектептің командасы жеңіске жету үшін лайықты күресіп, жақсы нәтиже көрсетті.
Жарыс нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды №33 мектеп-лицейі алса, екінші орынға №172 мектеп-гимназиясы, үшінші орынға №98 ЖББМ тұрақтады. Жарыс жеңімпаздарына медальдар мен дипломдар табысталды.
Спорттық іс-шараны өткізудегі мақсатымыз — ұстаздарымыздың спортқа қызығушылығын ояту,
Медеу ауданы білім бөліміне қарасты барлық мектептердің бір-бірімен қарым-қатынасын нығайту. Барлық мектептерге алғысымыз шексіз.
Жеңісті күндерде жолыққанша!
Алматы қаласы Медеу ауданы
Бауыржан Момышұлы атындағы
№131 мектеп-лицейінің
дене шынықтыру мұғалімдері