Балалардың дұрыс тамақтануы – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ!
Алматы қаласы Алмалы ауданының «№10 бөбекжай-балабақшасында»2025 жылдың 31 қаңтарында «Балабақшадағы балалар тамағын ұйымдастыру» тақырыбында семинар өтті.
Бұл семинар Алматы қаласы Білім басқармасы мен «Қазақ тамақтану академиясы» ЖШС бірлескен «Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар денсаулығын басқару» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинарға Алматы қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың медицина қызметкерлері қатысты.
Семинарды «Қазақ тамақтану академиясы» ЖШС өкілі Уливанова Вероника Григорьевна өткізді. Ол – Қазақ тамақтану академиясының мектепке дейінгі және мектептік тамақтану жөніндегі маманы, диетолог дәрігер, сондай-ақ
Республикалық Жоғары медициналық колледждің біліктілікті арттыру факультетінің «Мектепке дейінгі және мектептік ұйымдардағы тамақты ұйымдастыру» және диеталық мейірбикелерге арналған «Емдік тамақтану» курстарының оқытушысы.
Семинардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес мектепке дейінгі жастағы балалардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыру және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау бойынша білімді жетілдіру.
Вероника Григорьевна семинарға қатысушыларға ерте және мектепке дейінгі жастағы балалардың физиологиялық даму ерекшеліктері, ағзаның ақуыз, май және көмірсуларға деген қажеттілігі, сондай-ақ балабақшадағы дұрыс және тиімді тамақтану тәртібі туралы айтып берді.
Сондай-ақ семинарда тамақ өнімдері мен аспаздық өнімдерді сақтау, дайындау және өткізу шарттарына қойылатын талаптар, тамақ блогының жабдықтарына, құрал-жабдықтарға және ыдыстарға қойылатын талаптар егжей-тегжейлі қарастырылды. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығына сәйкес «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларында бекітілген.
Семинар соңы тақырыпқа қатысты сұрақ-жауап форматындағы кері байланыс, пікір алмасумен жалғасты. Қатысушылар семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, тақырыпқа сай дайындалған балабақша мамандарының жұмысына ризашылығын білдірді. Келешекте осындай игі шаралар жиі өткізіліп тұрса дейді.
Балабақша – баланың алғашқы әлеуметтік ортасы, онда олар жаңа дағдыларды меңгеріп, өмірлік маңызды әдеттерді қалыптастырады. Бұл жерде тәрбиешілердің атқаратын рөлі ерекше, өйткені олар балаларға жеке гигиена, дұрыс тамақтану және мінез-құлық ережелерін үйрету арқылы олардың денсаулығы мен тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Біз семинарға дейін «№10 бөбекжай-балабақшасының» топтарына кіріп, жақын танысып қайттық. Балабақша тәрбиешілері балаларға:
ас алдында және кейін қол жуу керектігін, тамақты асықпай жеу әдетін, тамақтану кезінде сыпайылық сақтауды жиі-жиі түсіндіріп отырады екен.
Сондай-ақ «№10 бөбекжай-балабақшасының» аспазшысы ас мәзірін жасау, балаларға тамақ дайындау барысында көкөністерді жуу, нан сақталатын сөрелердің тазалығын сақтау туралы мәлімет те бере кетті.
Ұжым тату, ата-аналар ризашылығында, ал балабақша абыройы асқақтай берсін! Жаңа белестер мен жетістіктерге жете беріңіздер!
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Аманқызы