Айтбаева Айша Абдуллаевна
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің ағылшын тілі пәні мұғалімі
Қазіргі жаһандану дәуірінде ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас, ғылым, бизнес және мәдениет салаларында негізгі тілге айналды. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру жеке тұлғаның кәсіби және жеке дамуы үшін маңызды болып табылады. Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының қарқынды дамуы — білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер мен әдістерді енгізуде. Ағылшын тілін үйренуде ЖИ қолдану оқыту үрдісін тиімдірек әрі қызықты етуге ықпал етеді. ЖИ жүйелері оқушының білім деңгейі мен қажеттіліктеріне сәйкес жеке оқыту жоспарын жасай алады. Олар оқушының күшті және әлсіз тұстарын анықтап, сәйкес материалдарды ұсынады, бұл оқу процесін жеке тұлғаға бағыттайды.
Өз тәжірибеме сүйене отырып, б ірнешеуіне тоқталар болсам, ЖИ негізіндегі қосымшалар мен платформалар грамматика, лексика, тыңдау және сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған интерактивті тапсырмалар мен жаттығулар ұсынды. Мысалы, Duolingo, Babbel сияқты қосымшалар ойын түрінде оқу процесін қызықты етті. Жасанды интеллектінің көмегімен тыңдау және сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған құралдар пайда болды. Speech recognition (сөйлеуді тану) технологиялары арқылы оқушылар өз айтылымдарын тексеріп, дұрыс айтылуын үйрене алды. Мысалы, ELSA Speak қосымшасы оқушылардың айтылымын түзетуге көмектесті.
ЖИ жүйелері мәтіндерді талдау, аудару және түсіндіруде қолданылады. Олар мәтіннің мағынасын түсініп, сұрақтарға жауап бере алады, бұл оқушылардың оқу түсінігін жақсартуға ықпал етеді. Жасанды интеллект мұғалімдерге оқушылардың прогресін бақылауға, бағалауға және кері байланыс беруге көмектесті. Сонымен қатар, ол оқыту материалдарын әзірлеу мен оқу процесін ұйымдастыруда уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді.
Жасанды интеллектіні ағылшын тілін үйренуде қолдану білім беру процесін жаңа деңгейге көтереді. Ол оқушыларға жеке оқыту тәжірибесін ұсынып, тілдік дағдыларын тиімді дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, ЖИ мұғалімдерге оқу процесін басқаруда және оқушылардың жетістіктерін бақылауда көмектеседі. Алайда, ЖИ технологияларын қолдануда этикалық және қауіпсіздік мәселелерін ескеру маңызды. Жасанды интеллектіні қажет кезде орынды, сапалы пайдалану ағылшын тілін үйрену үдерісін қызықты әрі нәтижелі етуге негіз болады.