Тәуелсіз елміз — бұл сөз құлаққа қалай жағымды естіледі десеңізші. Бүгінде еліміздің әр қаласы мен ауылы шалқайып кіріп, марқайып шығатын дәрежеге жетті.
Бұл күннің бізге оңай келмегені анық. Жоғалтқанымыз да, ұмытқанымыз да көп. Өткенімізді ұлықтау, тарихымызды ұмытпау мақсатында Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты №7 жалпы білім беретін мектебінде
«Тәуелсіздік батырлары» тақырыбында кездесу өтті. Бұл кездесу Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Медеу ауданының тікелей басшылығының жоспарымен алынған тақырып болды.
Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 33 жыл толады.
Кездесудің құрметті қонағы
желтоқсан оқиғасының қатысушысы, ұлағатты ұстаз Шынтемірова Роза Медетқызы болды.
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылғы Алматыда болған бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқының тарихындағы айтулы оқиға.
Роза Медетқызы оқушылармен жылдар бойы жүрегінде сақтап келе жатқан оқиғасымен бөлісті. Балаларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, халқымыз үшін тәуелсіздік егемендік қалай келгенін түсіндіріп, сан ғасырлық арманға айналған бұл күн
Отанымыздың әрбір азаматы үшін қасиетті мереке екенін атап өтті.
— Біз еліміздің ұлы тарихын, ата-баба рухын, аға ұрпақтың қаһармандық өмір жолын құрметтейміз. Балалар, сендер өздеріннің ана тілдеріңді,
тәуелсіз елімізді, жерімізді сүюге және бағалауға тиіссіңдер. Әрқашан аспанда қалықтаған бүркіт секілді самғай беріңдер! Еліміздің еркін жастары болғандарың үшін мақтаныңдар! – деді Шынтемірова Роза Медетқызы.
Кездесу барысында оқушылар әсем ән шырқап, Алаш арыстарын ардақтау ұранымен көрініс қойып, кешті “Атамекен” әнімен қорытындылады.
Иә, Отанға деген махаббаттың жөні бөлек.
— Тәуелсіздік-халық пен елдің басты құндылығы. Іс-шарамыздың басты мақсаты-Оқушыларды еліміздің жетістіктерімен таныстыру, қазақ халқының батылдығы мен даналығын көрсету, — деді кездесудің ұйымдастырушысы, ұлағатты ұстаз Байшимова Бибигул Балтабайқызы.
Желтоқсанда жарқ еткен ардақты жанмен кездесуді өз жауапкершілігіне алып ұйымдастырған Бибигул Балтабайқызының еңбегі аса құнды, игілікті әрі өлшеусіз еңбек. Жоғары дәрежеде өткен кездесу — талмай еңбек ету мен тынбай ізденудің арқасында ғана қол жеткізетін жетістік тәрізді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сөз орайы келген соң, сәл де болса сөйлегеніміз орынды шығар. Бибигул Балтабайқызы —
ұлағатты ұстаз ғана емес, мол тәжірибесін әріптестерімен бөлісе білген тағылымды жан екенін байқадық. Ешбір құрылғымен өлшенбейтін осы бір еңбегіңіз мектеп тарихында алтын әріптермен жазылып қала бермек.
Тағылымға толы кездесу барлық қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.
Бұл шараға тарих пәнінің мұғалімі — Айтжанова Нұргүл Арқабайқызы,
қазақ тілі әдебиет пәнінінің мұғалімі — Амирбаева Кенжегүл Сабырақынқызы және де мектептің кітапхана меңгерушісі Ахметова Венера Ағабекқызы
да өз үлестерін қосты. Туған елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің оқушылар жадында мәңгі сақталуына үлестерін қосып жүрген №7 жалпы білім беретін мектеп ұжымына бәрекелді деуден басқа айтарымыз жоқ.
Теңіздейін толқытып көк туымды,
Тәуелсіздік болсын мәңгі жұғымды.
Тас тұғырдан тайма, Тәңір тербеткен,
Текті атаның текті ұрпағы бүгінгі…
Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін.
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы