Home » Детский сад » Балабақшадағы әуенді әлем

Балабақшадағы әуенді әлем

Музыка – жүрекке жылу, көңілге қуаныш сыйлайтын ерекше өнер. Осы ұлы өнердің сырын тереңірек ұғындыру мақсатында Алматы қаласы, Бостандық ауданы, №68 бөбекжай-балабақшасында «Музыкалық аспаптар және олармен жақын танысу» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинарға Бостандық ауданының білім бөлімінің бас маманы — Шолпан Муратовна және Әдістемелік бірлестік мүшелері, сондай-ақ ауданның балабақша тәрбиешілері, музыка жетекшілері мен әдіскерлер жиналып, бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттерін дамытудағы музыкалық аспаптардың маңызын талқылады.

Кездесудің басты ерекшелігі – балалардың түрлі аспаптармен танысып қана қоймай, олардың үнін естіп, өз қолдарымен ойнап көруі болды.
Балалар домбыра, баян, жетіген, сазсырнай сияқты ұлттық аспаптардың үніне құлақ түріп, олардың шығу тарихын тыңдады. Әр аспаптың ерекшелігі түсіндіріліп, оны ойнаудың қарапайым тәсілдерін көрді.
Балалардың таңданысы мен қызығушылығы көздерінен байқалды. Жетігеннің үнін естіген бүлдіршіндер «Бұл аспаптың үні табиғаттың әуеніне ұқсайды екен!» – деп тамсана сөйледі. Ал домбыраның қос ішегін қағып көргендер: «Нағыз күйші болғым келеді!» – деп өз армандарымен бөлісті.

Семинар аясында музыка мамандары балаларды ұлттық музыкаға жақындатудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Қатысушылар тәжірибе алмасып, мектепке дейінгі мекемелерде музыкалық аспаптарды үйретудің жаңа бағыттарын талқылады.

Шара соңында қонақтар №68 бөбекжай- балабақшасының меңгерушісі Бағдат Алтынбековна мен музыка жетекшісі Шәріпов Ғалымжан Ишанбекұлына және
балабақша ұжымының еңбегіне алғыстарын білдіріп, осындай танымдық семинарлардың маңыздылығын атап өтті. Өнердің құдіретін бала жүрегіне ұялатқан бұл күн әрбір қатысушы үшін жарқын әсер қалдырды.
Музыка – мәңгілік мұра, ал оны танып-білу – үлкен бақыт!

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*