Алматы қаласы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
бастауыш сынып мұғалімі
Жақыпбекова Айгүл Елжасқызы
Қазіргі білім беру жүйесінде оқушыларды тек ақпаратпен қамтамасыз ету жеткіліксіз. Бүгінгі күннің талабы – оқушыларды өз бетінше ізденуге, шығармашылық ойлауға және белсенді әрекет етуге үйрету. Осы мақсатта тиімді қолданылып жүрген әдістердің бірі – төңкерілген сабақ. Төңкерілген сабақ (flipped classroom) – дәстүрлі оқыту жүйесінен өзгеше ұйымдастырылатын әдіс. Әдетте мұғалім сабақта жаңа тақырыпты түсіндіріп, оқушылар оны үйде бекітсе, төңкерілген сабақта бұл процесс керісінше жүреді. Яғни, оқушылар жаңа тақырыпты сабаққа дейін өз бетімен зерттеп, бейнематериалдар, мақалалар немесе басқа да ресурстар арқылы танысады. Ал сабақ барысында алған білімдерін талдап, тәжірибе жасап, пікір алмасады, өзара оқытады. Бұл әдіс оқушылардың дербестігін арттырып, зерттеушілік дағдыларын дамытады. Төңкерілген сабақтың артықшылықтарының бірі — оқушылардың белсенділігінің максималды арттыруында. Олар өз бетінше ақпарат іздеуге дағдыланады. Топтық және зерттеушілік жұмысты күшейтеді. Сабақ барысында теория емес, тәжірибелік жұмыс басты назарға алынады. Әр оқушы өз қарқынды жұмыс жасайды. Алдын ала материалмен танысу арқылы әркім өзіне қажетті білімді қабылдай алады. Мұғалімнің рөлі өзгереді. Ол тек ақпарат жеткізуші емес, оқушыларға бағыт-бағдар беруші, кеңесші қызметін атқарады.
Жақында 2-сыныбына қазақ тілі пәнінен “Зат есім” тақырыбында төңкерілген сабақ өткіздім. Сабақ барысында түрлі заманауи әдістерді қолдандым. Оқушылар топпен жұмыс жасап, ойын элементтері арқылы білімдерін бекітті, өз ойларын еркін жеткізуге машықтанды. Нәтижесінде балалардың пәнге деген қызығушылығы артып, тақырыпты терең түсінуге жағдай жасалды. Ашық сабаққа 19 мұғалім қатысып, сабақтан соң ой-пікірлерін ортаға салып, сабақтың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Олар оқушылардың белсенділігіне тәнті болып қана қоймай, заманауи әдістердің тиімділігіне көз жеткізіп, өз тәжірибелеріне енгізуге ниет білдірді.
Айтпақ ойымның түйіні ретінде сабақтан соң жасаған рефлексиямнан үзіндіні ұсынуды жөн санадым: «Сабаққа дейін оқушыларға жаңа материалды үйде оқып келу тапсырылған болатын. Сабақта өткенді игергенін бақылап, тақырыпты талқылап, түрлі тапсырмалар бердім. Топтық жұмыстар арқылы олар бір-біріне көмектесіп, өз шешімдерін ұсынды. Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі жоғары деңгейде болды, дегенмен, сабақтың барысында кейбір оқушылардың жаңа материалды толық меңгермегенін байқап, оларға дер кезінде қосымша түсініктемелер беріп, көмек көрсету қажеттілігі туындады. Кедергіні дер кезінде еңсерген оқушылар сабақ соңында өздерін сенімді сезінді, бұл сабақты өз деңгейінде игергендерінің дәлелі деп есептеймін».
Төңкерілген сабақтар білім беруде инновациялық тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл әдіс оқушылардың белсенділігі мен дербестігін арттырып, олардың өздігінен білім алу дағдыларын дамытады. Оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оқыту сапасын жақсартуға жағдай жасайтын осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырмақпыз.