Бижанова Набира Мубараковна
Алматы қаласы, Бостандық ауданы
«Ғ. Мұстафин атындағы№
№ 191 жалпы білім беретін» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі
Алматы қаласы, Бостандық ауданы «Ғ. Мұстафин атындағы№
№ 191 жалпы білім беретін» КММ-де, С.Сейфуллин, І. Жансүгіров,
Б. Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Үш бәйтерек» әдеби талқылау семинары өтті.
«Үш бәйтеректің» өлеңдерімен ашылған кеш оқушылардың әуелетуінде С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әніне ұласты. Кеш барысында С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин шығармашылықтары талданып, ұлттық характер жасау шеберліктері тұрғысында терең ойлар айтылды.
Бұл шараны қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері мен кітапхана меңгерушісі ұйымдастырған. Семинар аудан көлемінде өтіп, мектеп кітапханашылары қатысты.
Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі. Ұлттық санамыз сілкініп, саяси ой — өрісіміз өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата — бабамыздың қандай болғанын, кең байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, тегіміздің мызғымас мықты екенін ұрпаққа ұғындырып, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру жолында жанын пида еткен алаш ұлдары аз емес. Солардың бірегейі, әдебиетіміздің үш бәйтерегі атанған үлы тұлғалар-Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин. Тәуелсіздікті ту еткен қазақ халқы осындай ағаларымызды мақтан тұтады.
Қазақ халқының ұлттық әдебиетінің қалыптасуы мен елдің қоғамдық өмірінің дамуына үлкен үлес қосқан, өздерінің жазған түрлі тақырыптағы шығармаларымен адамдардың жаңа заманға сай, сауатты болуына, ой-өрісінің өсуіне ықпал еткен, елді оқуға, білім алуға шақырған, үшеуі де үш бәйтерек сынды қатар өсіп, туған елі үшін еткен еңбектерімен шырқау көкке көтерілген, халқының болашағына жол сілтеген асыл перзенттері, 1894-1938 жылдар аралығында қатар өмір сүрген Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтер болды.
Сәкен, Бейімбет, Ілияс! Үшеуінің де жөргегі – ұланғайыр бір даланың топырағы. Біреуі – соның кіндік ортасында, біреуі теріскей, біреуі – күнгей шалғайында бір жыл туыпты. Үшеуі де бір жаздың майсасынан алғаш нәр татып, бір қыстың ызғарынан алғаш қар басыпты.
Үш бәйтерек…. Үшеуінің туысы қандай бірдей болса, тұрысы қандай әр бөлек. Біреуі – дәйім биікке талпынып, алға ұмтылған өр халықтың асыл арманындай асқақ, біреуі – талайды бастан кешіп, тауқыметке төзіп өскен қауымның сарқылмас сабырынан жаратылғандай сом, мығым. Біреуі – көпті көріп, көпті сүйген халықтың парасат – парқын, арман – аңсарын, мұқалмас жігерін кең қамтып, кемел сіңіргендей қуатты да нәрлі. Үшеуі де – халқы мен заманның ауыздарынан түсе қалғандай адал ұл.
Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дарқан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс — әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт – сенімдері кеңінен көрінеді.
І. Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б. Майлиннің өмірі мен шығарамашылығы туралы мәліметке келсек, олардың бір заманның өкілі екені анық.
Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дарқан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс — әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт – сенімдері кеңінен көрінеді.
«Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.
Әдебиеттің «Үш бәйтерегі» өмірдегі өрнекті өнегелерімен халық жүрегінде жол тапты.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақадыр ауданы) туған . Әкесі Сейфолла домбырашы, шешен әрі саятшы болған. Анасы Жамал ертелі – кеш Сәкенге аңыз-әңгіме, ертегілер айтып берген.
Табиғаттан дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қырмұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Садуақас деген есімнің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Әке – шешесінің ықпалымен жас Сәкен нәрсені біліп, болашаққа үмітін арттыра түсті.
Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса – хиқаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді «орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен», — деп, тоғыз жасында Нілді заводына жіберді. Сәкеннің жан – жақты білім алуы, азаматтық — әлеуметтік көзқарастырының қалыптасуы, шығарамашылық қадамының басталуы оның 1908 – 1913 жылдары Ақмоладағы Приходская школада, қалалық училищеде, 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты.
Екінші бәйтерегіміз – Ілияс Жансүгіров Алматы облысы, Ақсу ауданында туған. Ілияс анасынан ерте айырылып, әкесі Жансүгірдің үлгі — өнегесін көп көрген. Ескіше хат таныған. Аңыз — әңгіме, шежіре сырларын естіп өскен.
Жетісудың бай табиғаты, ақындық, батырлық дәстүрлері Ілиястың өмірге, ізгелікке, сұлулыққа құштар болып өсуіне көп ықпал етті. Ілияс Жансүгіров Алматы, Ташкент қалаларындағы ағарту ісіне қатысты курстарда оқыды. Фольклорлық экспедицияға шығып, баспасөзге араласты. «Сағанақ» атты алғашқы кітабы 1928 жылы жарық көрді. Ілиястың ақындығы «Тілші», «Кедей еркі», «Арман», «Әншіге» деген шағын өлеңдерінен басталып, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты көлемді поэмаларымен жалғасын тапты. Ақын «Дала» поэмасында – Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Сібір мен Самарқанд, Шу мен Сыр секілді кең – байтақ өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір – тұрмысын, дәстүр — өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал, «Күй» және «Күйші» поэмаларында тарих пен тағдыр ісі, қазақ халқының бастан кешкен оқиғалары тартымды жырланады.
Бимағамбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы Қостанай уезі, Дамбар болысы, Әйет өзені бойындағы Ақтөбе деген жерде туған. Жасынан әкесінен айрылып, анасының тәрбиесінде болған.Бай есігінде жүріп, бейнет пен жоқшылықты көп көрген.Ауыл молдасынан хат танып, Троицкідегі «Уәзифа», Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Татар, башқұрт ақын – жазушыларымен достық байланыста болып, алғашқы өлең, әңгіме, очерктерін жазды.
Бейімбеттің шығармалары – қазақ өмірін, кедей тұрмысы мен тіршілігін, ауыл адамдарының еңбек әрекеттерін бейнелейді. Ақынның «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқан келіншек», «Маржан» атты өлеңдері әйел теңдігін, жер бөлісін, адам әлемін суреттейді. Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасын бай мазмұнымен, көркем де шеберлік сипаттарымен ерекше орын алады.
Бейімбет еңбектері жаңа өміріміздің шежіресі еді, биік белесіне енді шыға бергенде үзіліп кетті.
Қорытындылай келсек, «Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты.