Home » статьи » Тамақтан уланудың алдын алу

Тамақтан уланудың алдын алу

Алматы қаласының Әуезов ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
Исембаева Асима Бақытжановна

санитариялық-гигиеналық бақылау,
техникалық регламенттер талаптарының
сақталуын бақылау  бөлімінің бас маманы
Жақыбай Саида Ыбышқызы

 

Тамақтан уланудың алдын алу

Адам денсаулығына тікелей қауіп төндіретін маңызды мәселелердің бірі – тамақтан улану жағдайлары. Тамақ өнімдері арқылы таралатын инфекциялар мен уланулар әртүрлі аурулардың туындауына, асқынуларға және кей жағдайларда өлімге де алып келуі мүмкін. Сондықтан тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғамның денсаулығы мен әл-ауқатын қорғаудағы басты міндеттердің бірі.

Тамақтан уланудың негізгі себептеріне сапасыз немесе дұрыс өңделмеген өнімдерді қолдану, дайын тағамдарды дұрыс сақтамау, жеке гигиена ережелерін сақтамау жатады. Әсіресе, жаз мезгілінде температураның жоғарылауына байланысты тағам өнімдері тез бұзылады, бұл микробтардың көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады.

2024 жылы жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда тіркелген тағамнан улану оқиғаларының басым бөлігі үй жағдайында дайындалған және дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну нәтижесінде орын алған. Бұл көрсеткіш тамақ өнімдерінің сапасын бақылау мен тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді.

Тамақтан уланудың алдын алу үшін келесі негізгі ережелерді сақтау қажет:

-Өнімдерді дұрыс сақтау: Тоңазытқышта сақталуы қажет тағамдарды қажетті температурада ұстау, ал бұзылған немесе күмәнді иісі бар өнімдерді тұтынбау.

-Жеке гигиенаны сақтау: Тамақ дайындау алдында және кейін қолды сабындап мұқият жуу керек.

— Өнімдерді термиялық өңдеу: Ет, балық, жұмыртқа сияқты тағамдарды жеткілікті термиялық өңдеуден өткізу арқылы қауіпті бактерияларды жоюға болады.
-Тағамдарды бөлек сақтау: Шикі және дайын тағамдарды бөлек сақтау керек, айрықша кесу тақталары мен пышақтарды қолдану ұсынылады.
— Сақтау мерзіміне назар аудару: Қаптамада көрсетілген жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді қолданбау.

Мектептер, балабақшалар және қоғамдық тамақтану орындары үшін санитариялық талаптарды қатаң сақтау маңызды. Бұл мекемелерде тағамның сапасын, сақталу жағдайларын және персоналдың санитариялық білімін тұрақты бақылау қажетті. Осы тұста айта кетейік мектептердің асханаларына, балабақшалардың тамақтануына және қоғамдық тамақтану орындарында қойлытын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы  №ҚР ДСМ-16 бұйрығында регламенттелген.

Қоғам денсаулығы үшін тамақтан улану фактілерінің алдын алу бағытында халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізу, тағам өнімдерінің сапасын жақсарту және азық-түлік өндірісінде қауіпсіздік талаптарын сақтау шараларын күшейту өзекті болып табылады.

Тамақтан уланудың алдын алу – әр адамның жеке жауапкершілігі мен бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*