Алимгожина Гульнар Нурмагамбетовна
Астана қаласы әкімдігінің
«Көз көру қабілеті бұзылған балаларға арналған
«№23 «Алтын бесік» балабақшасы меңгерушісі
Ұлттық тәрбие – құндылық негізі
Біз – өскелең ұрпақтың болашағына жауапты тұлғалардың біріміз. Өзім балабақшада еңбек ететін болғандықтан, басты міндетім – тәрбиеленушілердің бойына білім мен тәрбиенің негізін сіңіру. Соның ішінде барлық құндылықтың бастауы болатын ұлттық тәрбиеге айрықша көңіл бөлемін.
Әрине, сәбиге ең алғашқы тәрбиені өз отбасында ата-ана беретіні ақиқат. Одан кейін мектепке дейінгі ұйымның табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерді балабақша тәрбиешілері қабылдап алады. Әлі оңы мен солын тани қоймаған балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде түрлі бағыттағы жұмыстарды жүргізуге болады. Оларды туған тілін құрметтеуге, туған жерін сүюге тәрбиелеу, салт-дәстүрлерімізбен таныстыру, халық ауыз әдебиетімен сусындату секілді жұмыстарды өзіміздің жоспарымызға сай жүзеге асырамыз.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар білім ордасына көру қабілеті бұзылған 145 бүлдіршін келеді. Олардың қоршаған ортаны қабылдау ерекшеліктеріне қарай әлеуметтік ортаға бейімдеп, өзімен қатарлы қалыпты балалармен тең дәрежеде дені сау азамат етіп тәрбиелеу біздің басты міндетіміз. Осы мақсаттың бірі бүгінде «Тілге бойлау» жобасы аясында тілді оқытудың әдіс тәсілдерін қолданып, баланың тілін дамытуға арналған жаңа технологиялармен әдістерді зерделеуге, енгізуге жұмыс жасап келеміз.
Бұл- балалардың ұлттық құндылықтарға негізделген тұлғалық және рухани дамуын қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл жерде балабақша мен отбасының бірлескен жұмысы маңызды.
Ұлттық тәрбие арқылы баланың тұлғалық қасиеттерін, рухани дүниесін қалыптастыруға басымдық береміз. Түрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып, білім және тәрбие беру үрдістерін жүзеге асырамыз. Ол шараларда балалардың сана-сезімінде қазақтың салт-дәстүрлері, бабалар сөзі, ұлттық мерекелер, ұлттық ойындар, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз, ауыз әдебиеті, қолөнер, ұлттық тағамдар, отбасы құндылығы туралы түсінік қалыптастыруға назар аударамыз.
Қазақ ертегілері мен аңыздарын, тарихи оқиғаларын баяндау; ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың мағынасын ашу; ойын технологиялары; шығармашылық және тәжірибелік, интерактивтік және сахналық әдістер қолданылып, жеке және топтық жұмыстар жүргізіледі.
Балабақша қабырғасында аталып өтілетін Тәуелсіздік күні, Республика күні, Наурыз мейрамы, Ата Заң күні сынды халықтық мерекелердің де рөлі басым. Осындай атаулы күндердегі іс-шаралар арқылы халықтық мәдениетті жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға тырысуымыз қажет.Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктерін де ескерген дұрыс. Кіші топтағы бүлдіршіндерге фольклорлық шағын жанрдағы өлеңдер мен әндерді, санамақтарды, көңілді әндерді үйретуге болады. Ал үлкен топтың балаларын халық ертегілері, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлеріміз қызықтырары сөзсіз. Халық ауыз әдебиетінің өзінде ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігі, Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық болмысымыз айқын көрінеді. Мұның өзі – үлкен тәрбие. Ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы ұйымдастырылған іс-әрекеттерге ата-аналарды тарту арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мысалы, ұлттық ойындар, қолөнер бұйымдарын жасау, салт-дәстүрлерден көрініс көрсету сияқты шараларға әке мен ұлды, анасы мен қызын немесе отбасымен бірге қатыстырудың маңызы айрықша.
Өткенін біліп өскен бала болашаққа сеніммен қарайды, елінің тарихы мен мәдениетін қадір тұтады. Ұлттық киім кию, күй тыңдау, ою-өрнектермен танысу – қарапайым әрекет болып көрінгенімен, баланың эстетикалық танымын кеңейтуге әсерін тигізеді. Осылайша біз ұлттық құндылықтарымызды балаға ерте жастан насихаттау арқылы оның болашақта ұлтжанды, адамгершілігі мол, адал азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз. Ұлттық-рухани тәрбие беру арқылы ел болашағына үлес қосып жатқанымыз ұрпақ ертеңіне пайдасын тигізсе біздің еселі еңбегіміздің де еш кетпегені.