Алмалы ауданы, Алматы қаласы
КМҚК №139 бөбекжай-балабақшасы
«Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тұтқасы»
Алматы қаласы, Алмалы ауданына қарасты КМҚК №139 бөбекжай-балабақшасында «Бүгінгі бала – ертеңгі елдің тұтқасы» тақырыбында ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – бүлдіршіндердің шығармашылығын, сөйлеу қабілетін, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрге деген құрметін арттыру, сондай-ақ ата-аналар қауымына балабақшадағы білім беру процесін таныстыру болды.
Іс-шараға келген қонақтар мен ата-аналар алдымен тіркеуден өтті. Ашық есік күнін балабақша меңгерушісі
Сабазова Сандугаш Самархановна ашып, өзінің алғы сөзінде бала тәрбиесіндегі тәрбиешілер мен ата-аналардың бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталып өтті.
Шара барысында түрлі бағыттағы қызықты әрі тәрбиелік мәні жоғары бөлімдер қамтылды. Музыка жетекшісі Қиса Еңлік Қисақызының жетекшілігімен бүлдіршіндер «Елге сәлем» әнін орындап, шара шымылдығын ашты.
«Бәйшешек» тобының кішкентай тәрбиеленушілері көрермендерге «Анамның ақ жаулығы» көрінісін ұсынып, көпшіліктің көңілін тебірентті. Сонымен қатар, халық әні «Илигай» жетіген аспабының сүйемелдеуімен орындалып, ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосты.
Іс-шарада әдіскер, авторлық бағдарламаның иесі Мұхамедрахимова Назым Талғатбекқызы «Суреттер арқылы балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру» тақырыбында өз бағдарламасын таныстырып, қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Баланың тілдік қорын байытудағы бұл әдістеменің тиімділігі тәжірибеде дәлелденіп келеді.
Ортаңғы «Балапан» тобының тәрбиешісі, авторлық бағдарламаның иесі Оразова Сандуғаш Бауыржанқызы «Монтессори әдістері» бойынша жұмыс тәжірибесін бөлісті. Балалардың жеке қабілеттерін дамытатын бұл тәсіл ата-аналар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Сандуғаш Бауыржанқызының балалармен жұмыс істеудегі нәзік тәсілі мен жаңашыл көзқарасы ата-аналар тарапынан үлкен қолдау тапты.
Сондай-ақ, «Аналар мектебі» үнді биі мен қонақтармен бірге өткізілген «Аналар қоржыны» ойыны кештің көркін аша түсті.
Ересек «Қызғалдақ» тобының тәрбиешісі Жаппарова Мираш Ашимбайқызы «Табиғатты аялайық» тақырыбында балалармен бірге өткізген шығармашылық жұмыстарын таныстырып, бүлдіршіндердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарымен бөлісті. «Аналар мектебі» атынан «Жүн сабау» биі де ұлттық тәрбиенің үлгісін көрсетті.
«Аналар қоржыны» ойыны кештің көңілді әрі әсерлі өтуіне сеп болды.
Балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятудағы Мираш Ашимбайқызының әдістемелік шеберлігі мен жауапкершілігі көпке үлгі боларлықтай.
Кеш барысында психолог Мұхамедрахимова Н.Т. қатысушылармен психологиялық сәт ұйымдастырып, жағымды көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, мектепалды «Бәйшешек» тобының тәрбиешісі Нургазиева А.К. «Ұлттық құндылықтар» тақырыбындағы авторлық бағдарламасын ұсынды. Бұл бағыттағы жұмыстар балалардың ұлттық болмысты тануына оң әсерін тигізуде.
Қорытынды бөлімде «Аналар» және «Әкелер» мектебі ұжымының орындауында «Ана» әні шырқалып, шараға ерекше әсер берді. Балалар орындаған «Жалғызым қазақ» ұлдар биі және оркестрмен сүйемелденген музыкалық нөмірлер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ашық есік күні балалар мен ата-аналар үшін танымдық, тәрбиелік, өнерге баулу бағытында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Балабақша ұжымы осындай іс-шаралар арқылы бала тәрбиесіндегі маңызды құндылықтарды дәріптеуді жалғастыра бермек.