Семіздік проблемасының жыл сайын өзектілігі артып жатыр. Артық дене салмағы және онымен байланысты асқынулар ересектерде ғана емес, балаларда да кездеседі және жыл сайын науқас саны ұлғаюда. Семіздік қоғамдық денсаулық сақтау саласының күрделі мәселесі ретінде танылып отыр. Балалық семіздіктің себебі неде екенін білеміз ба?
Қазақ тағамтану академиясының мәліметтері бойынша артық дене салмағы немесе семіздік, орташа шамамен алғанда, 14 жасқа дейінгі балалардың 15,3% құрап отырғандығын айтып отыр. Бұл дегеніміз – әрбір 7-ші бала семіздікке шалдыққан. Семіздіктің қауіптілігі – оның көптеген созылмалы жұқпалы емес аурулардың (СЖЕА) пайда болу қаупін едәуір арттыруында. Мысалы: созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диабеттің 44%, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек-қантамыр аурулары, ортопедиялық мәселелердің жиі пайда болуы, психикалық бұзылыстар мен денсаулықтың басқа бұзылыстары, артериалдық қысымның көтерілуі, бауырдың май басуы ауруларына шалдыққандығы дәлелденуде.
Семіздіктің яғни толықтықтың 98% жағдайының себебі салауатты емес өмір салтында, қимыл белсенділігінің төмендігінде және артық жеуде екендігі болып отыр. Адамның тағаммен алатын энергиясы шығындайтын энергиясынан көп болғанда оның қолданылмаған бөлігі организмде май түрінде жинақталады. Бұл бастапқыда артық дене салмағына (семіздік алды), одан кейін, егер адам рационның калориялығын уақытында азайтпаса және дене белсенділігін арттырмаса, семіздік басталады.
Бүгінде калориясы жоғары және құндылығы төмен көптеген өнімдердің пайда болуыменде байланыстыруға болады. Мұндай өнімдерге қант, кондитерлік өнімдер, жоғары сұрыпты ұннан жасалынған пісірмелер, түрлі фаст-фудтар, қанттың мөлшері жоғары зауыттық сусындар (лимонад, кола, т.б.), тұз бен қанттың мөлшері жоғары болатын технологиялық өңделген өнімдер — шұжық, паштеттер, маргаринге иленген қатпарлы қамыр жатады.
Сондай-ақ балалар теледидардың немесе компьютердің алдында сағаттап қозғалыссыз отыратындығы, бейнеойындар ойнауға немесе Ғаламторды шарлауға көп уақытын жіберетіндігі бәріміз көзімізбен көрудеміз. Осы мезетте чипсілерді, қытырлақ таяқшаларды, қуырылған жаңғақшаларды, үлпектерді, ұсақ печеньелерді жеп отырады. Тәтті сусындарды да қоса ішеді. Сонымен қатар, жоғары қабатқа көтерілу үшін лифтіні қолданамыз, жеке немесе қоғамдық көлікпен жүреміз. Құрметті ата-аналар. Қауіпті азайтайық.
Семіздіктің алдын алуды ерте балалық шақтан бастайық. Бұл дегеніміз – балаларды салауатты өнімдерді тұтынуға үйрету, дұрыс тағамдық талғамды қалыптастыру. Отбасындағы тамақтану дәстүрін өзгертіп, отбасы мүшелеренің барлығының денсаулығын нығайту және денешынықтыру жаттығуларымен үнемі айналысу өз қолымыда екенін ұмытпайық.
Ата аналарға айтарым, ең бастысы – адамның өз денсаулығына деген көзқарасын өзгерту. Сондықтан, баласына өмірінің басынан бастап салауатты өмір салтын сақтау, соның ішінде дұрыс тамақтану ережесін қалыптастырған ата-аналар баласының денсаулығының мықты іргесін қалап, үлкен болашақ иелері болатындығына кәміл сенеміз.
Алатау ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы Толқынбеков Мақсат Мырзабекович.
Алатау ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау, техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің
бас маманы: Садырбаева Анара Хусаингазыевна