Алматы қаласы
КМҚК “№34 бөбекжай-балабақшасы”
Тәрбиешілер:
Алдабергенова Жанат Маратовна
Нысанбаева Бахтыгул Сатыбалдиевна
Ұлттық құндылық — ұлт болашағы.
Ұлттық құндылық әр бір ұлттық болмысы мен салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін өзге ұлттан ерекшелендіріп, айқындап беретін құндылықтар жиынтығы болып саналады. Қазіргі таңда технологияның қарқындап дамып келе жатқаны соншалықты, тарихымыз бен әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміздің кейбірі ұмыт болып бара жатыр. Салт — дәстүрлерімізді жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңдіріп, күнделікті қолданысқа енгізу біз үлкендердің басты міндетіміз деп санаймын. Өйткені кішкентай бүлдіршін, бейне бір өсіп келе жатқан тал-шыбықтай, қалай баптап өсірсең солай есейеді.
Ұлттық құндылықты тәрбиеленушілерге дәріптеу үшін, КМҚК «№34 балабақша» ұйымында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында, мектепалды және ересек топтары арасында «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның басты мақсаты, балалар мен ата-аналар және балабақша арасында тығыз байланыс орнатумен қатар ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесі мен ұлт болашағы үшін маңызын айқындау болып саналады.
№1 мектепалды тобында тәрбиешілер Алдабергенова Ж.М., Дайырбекова Ж.М. «Әкелер мектебі» жобасын қолға алып, әкелермен кездесу ұйымдастырды. Әкелер мен балалар арасында жарыстар өткізіліп, ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойындар ойнатылып, әкелер амандасу рәсімі, қол күресі, қамшы өру өнерімен балаларды таныстырды.
№4 ересектер тобында тәрбиеші Нысанбаева Б.С. мен қазақ тілі педагогы Абдраимова М.К. «Әжелер мектебі» жобасы аясында әжелермен кездесу ұйымдастырды. Асыл әжелер балаларға шашу шашып, алаша тоқу өнерін балаларға үйретіп, ұмыт болып бара жатқан ұлттық әндерімізді еске түсірді.
№2,3 ересектер тобында тәрбиешілер Дулятова Н.А., Нусупова Г.С. «Аналар мектебі» жобасына байланысты аналармен кездесу өткізіп, жүн түту, өңдеу, көрпе жастық тігу арқылы балаларға үлгі-өнегелік маңызы бар өнерлерімен бөлісті.
Ұлт болашағының жарқын болуына, тәрбиелі, саналы ұрпақ болып өсуіне, ұлттық құндылықтардың ұмытылмастан жаңарып отыруына, осы аталмыш жобалардың тигізер әсері мол. Қазақ халқы бекер айтпаған «Ел боламын десең, бесігіңді түзе».