Әжімұрат Ботагөз Қарасайқызы
Астана қаласы,
№ 12 Қарлығаш балабақшасы,
Әдіскер
Балабақша –бақыт мекені болуы мүмкін бе?
Аңдатпа
Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие, оның ішінде балабақша тақырыбы — бүгінде елімізде аса түйткілді мәселелердің бірі. Қоғамға балабақша аса қажет мекемелердің бірі бола тұра, мектепке дейінгі мекеменің жұмысына айтылар сын да азаймай тұр. Бір ғана Астана қаласының өзінде балабақшалар саны соңғы 3 жылда екі есе өскен. Демек ата-аналар тарапынан балабақшаға қажеттілік те күн сайын арта түскенін байқауға болады. Әрбір мекеменің өз тұтынушысы бар. Олай болса неге сынала беретін сала қатарынан түспей тұрмыз? Біріншіден, балабақшаның жұмысын әр ата-ана өзінше көзқарасымен бағалайды. Біреулер үшін баласының тоқ болғандығы маңызды болса, екінші ата-анаға баланың тәрбиешісінің егде жаста болғаны маңызды. Тағы біріне балабақша үйіне жақын орналасқандығымен тиімді. Жас ата-ананың басым бөлігі әлеуметтік желідегі оң пікір жиған балалабақшаға баласын бергісі келетіні де жасырын емес…
Осы саланың ондаған жылдар жұмыстанған маманы ретінде айтарым, мектепке дейінгі ұйым жұмысын бір ғана критеримен бағалау мүмкін емес. Алайда ең бастысы, баланың балабақшаға тез үйренісіп, ішкі травмасыз, қысқа мерзімді адаптациямен үйренісіп кетуі дер едім. Екінші мәселе, ата-ана өз перзентін балабақшаға берген сәттен бастап «менің балам қоғамның бір мүшесі» деп санауы жетіспейді. Үйде балаға ата-анасы қалыптастырған қағиданың барлығы балабақшада 100 пайыз жалғасын табуы мүмкін емес.
Жалпы мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие салғырт қарайтын сала емес. Қазіргі таңда әрбір бүлдіршіннің мектепке дейін міндетті түрде балабақшадан тәрбие алуы басты назарда тұр. Бұрын қазақ халқында ата-әжелер бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарғаны сияқты қазір балабақшаның да баланың тәрбиесінде атқарар рөлі орасан зор.Әріден тарататын болсақ, балабақшада балаға берілетін оқу-тәрбие жұмыстары мектептегі бағдарламалармен қатар арнайы стандартпен бекітілуінің өзі бұл саланың жұмысына әрбір ата-ананың салғырт қарамауы керек екенін айқындап бергендей. Айтпақшы, 2022 жылдан бастап Оқу ағарту министрлігі тарапынан жаңа, заманауи Стандарт қабылданды. Бұл стандарттағы басты ерекшелік- балалардың ойнай жүріп жаңа дағдыларды үйренуіне басымдық берілуі. Ата-ана өз баласы балабақшада өзін қалай ұстап жүр, өз жасына сай дағдыларды дұрыс меңгеруде ме, жасына сай дамып жатыр ма, ойын үстінде ол өзін қалай ұстайды осы жағына да назар аудару керек. Мобильді заманда ата-аналар балабақшадағы перзентінің күні бойғы іс-әрекетін жан-жақты /онлайн бейнебақылау, педагогтер тарапынан жіберілген бейнежазбалар, фотосуреттер т.б. арқылы/ бақылап , куә болып отырған кезде бала көзіндегі еркіндіктің де қаншалықты ұшқындап немесе қысылып тұрғанына назар аударғаны дұрыс болар еді.
Заманына қарай адамы дегендей, заманымыздың күннен күнге түрлі жаңа технологияларға жол ашуы- балабақшаларда да көп өзгерістер енуіне себеп болуда. Интербелсенді тақталардан ұсынылған креативті ақпараттар, оқу жылының 9 айындағы ұйымдастырылған іс-әрекеттер, жаздың 3 айындағы сауықтыру жұмыстарын үйде де толыққанды үйде қайталап жасап, баласын қоғамға икемдеп жатыр деп барлық ата-ана туралы айта алмаймыз.
Сондықтан да 6 жасқа дейінгі әрбір дені сау бала балабақша табалдырығын көргені, өз жасындағы балалармен күнделікті біте қайнасып бірге әрекеттер жасап үйренгенін толықтай құптаймын. Өз жасына сай ортада болып, солармен бірге жаңа білім көкжиегін ашқан сәтке, зерттеу жұмыстарын жасап құрдасымен бірге сықылықтап күліп, мәз болған кезіне еш ғажап жетпейді. Балабақшадағы атмосфераны үйде алмастыру мүмкін емес. Айтарым, баланың жасына сай дамуын қалайтын әрбір ата-ана баласын балабақшаға беруге тырысуы керек.
Балабақша шын мәнінде 2 жас пен 6 жастағы әрбір бала үшін бақыт мекеніне айнала алады, егер ата-анасы педагогпен бірлесе отырып екіжақты жұмыс жасаса, баланың ұзақ түрдегі адаптацияға ұшырамай, тез сіңуіне жұмыстанса дер едім.
Неге адаптация деген тақырып қазір ата-аналар арасында балабақшамен ассоциацияланып, балабақшаға барғаннан тез үйренісуі қиындап кетті? Себебі , ата-аналардың көбісі өз міндетін балабақшаны таңдағаннан кейінгі қадам ғана деп санайды, ал баланың жаңа үйренісуінің жауапкершілігін толықтай мектепке дейінгі үйымның құзіретіне жатады деп түсінеді. Балабақшаны әрбір бүлдіршін үшін бақыт мекеніне айналдыру әркезде ата-ана мен педагогтің екіжақты жұмысынан құралады.Ата-ана сынаушы позициясынан қолдаушыға ауыспаса, онда баланың жаңа ортаға сіңуі, жан-жақты дағдыларының дамуын елестете алмаймыз. Балаға уайымда жүрген ата-ананың көңіл күйі өте кері әсер етеді. Сондықтан да әрбір ата-ана өзі таңдаған мекемеге перзентін толық сеніммен беруі керек. Бейімделу уақыты кезінде баланың көңіл-күйі өте құбылмалы болатынын да ескеру керек. Бала көңілі түсуі балабақшаның аурасы нашар дегенді білдірмейді.
Мысалы,балаңыз балабақшаға таңертең ұйқысы қанбай келуі мүмкін, немесе таңертең сіз баламен дұрыс қоштаспай асығыс кеттіңіз, баланың айтарын тыңдамай жүрсіз, жұмысыңыздағы немесе отбасыңыздағы жайсыздықтар салдарынан балаға жиі жекіп сөйлеп жүрсіз, жаңа баспанаға көшіп, бала түнде дұрыс ұйықтамай жүр, баланы балабақшаға берген сәттен бастап декреттен жұмысқа қосылып, өзіңіз де адаптацияда жүрсіз, анасы жақында ғана босанып, үйдегі кішкентай бауырына әлі үйренісе алмай жүр, т.б. сан түрлі себеппен бала көңілі тұйықталып , көңілсіз жүруінің соңын да кейде балабақша жұмысының дұрыс болмауынан деп қате топшылап жататын ата-аналар бар.
Балабақшаның ең басты артықшылығы- бала өзінің құрдастарымен күнделікті қарым-қатынаста бола отырып, өз дағдыларын қалыптастырады. Күннен-күнге өз жасына сай дами түседі. Балабақшаның күнделікті ішкі өмірімен біте қайнасқан бала тәрбиешілеріне деген құрметті де бойына ерте қалыптастыра бастайды. Түрлі атаулы даталарға сай ақпараттанып, сахнада өз өнерлерін ұсынып, қатарластарымен сапқа таласқандарының өзі бір ғанибет емес пе баланың?! Қазіргі таңда «дене шынықтыру» , «музыка», «қазақ тілі» ұйымдастырылған іс-әрекеттері арнайы мамандармен ұйымдастырылуы қарастырылған. Демек баланың бірнеше педагогтен тәлім алуы да балабақшада қарастырылған. Жаз бойы жүргізілетін сан түрлі сауықтыру шараларының өзі балаға бақыт сыйламауы мүмкін емес.
Әрбір саналы ата-ана мектепке дейінгі жастағы дені сау баласын үйде баламен уақыт өткізетін ересек адамның бар-жоғына қарамастан, міндетті түрде балабақшамен қамтамасыз етуі керек. Ойлап қараңызшы баланың алғашқы сөздік қорының , математикалық түсініктерінің, сахна мәдениетінің дұрыс қалыптасуының өзінде балабақшаның әсері мол.Сонда ғана ата-ана мен мекетепке дейінгі ұйым тарапынан жүргізілген нәтижелі жұмыс балабақшаны -балалар мекені, бақыт мекеніне айналдыра алады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 03.08.2022 жылғы № 348 бұйрығы);
- Мектеп жасына дейінгі баланың өміріндегі ойын/Н.В.Нищева. – М.: Балалық шақ Пресс, 2020 – 240-б.
- Кравцов Г.Г., Кравцова Е.Е. Ойын психологиясы (мәдени-тарихи тәсіл). – М., 2017. – 331-бет.
- Смирнова Е.О. Ойын психологиясы және педагогикасы: академиялық бакалавриатқа арналған оқулық және практикум/Е. О. Смирнова, И. А. Рябкова. — Мәскеу: Юрайт баспасы, 2019. — 223-б.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіту туралы Қаулысы. https://adilet.zan.kz/rus/docs/P2100000726#z5