Home » статьи » Абайдың  рухани   мұрасы

Абайдың  рухани   мұрасы

Қарасай Гауһар Сәндібекқызы

Абайдың  рухани   мұрасы
Ұлы Абай — қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің
символы болып табылады. Оның ілімі халықтың рухани
жаңғыруымен тығыз бай­ла­нысты.

Абай туралы сөз айту, не болмаса сөз жазу   кез-келген адам үшін оңай емесі анық. Абайды оқуға, Абайды түсінуге, білуге деген құштарлық бірақ,  кім-кімнің де  болса да  ойында бары анық. Абайдан әр адам өзіне нәр алып, өзінше қалам тербейді. Ал, Абай  кімнің болса да жүрегіне еніп, оған өшпес із қалдыра алады. Сондықтан  әркімнің өз Абайы бар.

Абай әлемі жатқан бір тұтас дүние. Ол — бүкіл әлем болмысын қамиды. Сол себепті Абай шығармасынан бүкіл әлемнің сырын ұғынуға болады. Тек оны түсініп оқи білу мен қатар, ойға түйе білу керек.

Абай тұлғасының ұлылығын, асқақтығын сезіну үшін оның рухани әлемін тұтас қамтыған тұста ғана ақынның шалқар жан дүниесінің ұлылығына  көзімізді шын жеткізе аламыз.  Сонда ғана ұлы ойшыл ақынымызды ардақтау ғана емес, сонымен бірге, оның ұлы мұрасын өмірде кеңінен қолданып, өз өмірімізді соған үйлестіруге  бейімдей аламыз.

Абай мұрасына зер салар болсақ, ойшылдың рухани мұрасынан әлем заңдылықтарын көріп, өзіміздің  күнделікті өмірде де, мемлекетіміздің  өркениетінің қарқынды даму жолында да пайдаланатын өте көп құндылықтарды таба аламыз. Бақытқа жету үшін адамға ненің керек екендігін де өз шығармаларын өрнектей отырып жеткізе білді. Егер оны ұғынар сана мен түсінер ой болса.

Әр елдің өз тарихы, өз даналары бар. Бір ғана Қытайды алар болсақ Конфуций мұрасын өздерінің рухани өмірлерінің күре тамырына айналдыра отырып, әлемде теңдесі жоқ жетісіктерге жетіп отыр. Елдің барлық саяи-әлеуметтік өзгерістерінде де ұлы Конфцийдің ілімі ешбір шет қалмайды, қайта жаңарып, түрленіп отырады. Конфуций Қытайдың шамшырағы болса, Абай — қазақтың шамшырағы болуы керек. Абайдың әрбір шығармасының   әрбір жолында, әрбір тармағында терең ой жатыр. Қазіргі таңда Абайтанушы Омар Жәлелдің зерттеулерінде анық көрсетіліп жүр.  Абайдың бір ғана «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің бірінші қатарын-ақ  алайықшы; «Ғылым таппай мақтанба» осы ауыз сөзің өзі бізге үлгі өнеге. Біз не таптық?, Біздің баламыз не тапты?, Неге қолы жетті? Біз еш нәрсенің байбына бармай-ақ мақтанамыз. Немен мақтанамыз? Біз көлігімізбен, әдемі киімімізбен, баламыздың алған дүниелерімен ғана мақтанамыз. Бұл шынайтуына келгенде мақтаныш емес. Мақтану керекпіз, егер баламыз қоғамға, елге пайдасы тиер жаңалық ашса, не бір ғылымға үлес қосса. Егер әрбір қазақ отбасы осы бір ауыз сөзің байыбына барып, ой түйер болса  қазақ бұл күнде  биік белеске жеткен эконмикасы мықты ел болар еді.

Рас, Абайдың рухани мұрасы  зерделеу-зерттеуден кенде емес.  Дегенмен де, өткен заманның  салқын лебімен  терең  ашылмай келе жатыр.  Егер алқаның жібін тауып, шашылған тастарын жинар болсақ, алқа алғашқы —   өз мәнін алып көркемденеді. Сол тәрізді ұлы ойшылдың да терең ойларын байланыстырып жалғастырушы, асыл сөздерін рет-ретімен тізетін болсақ сонда ғана Абай мұрасы үлкен мәні бар рухани қазына, көркем алқаға айналмақ. Оның руханиятқа, дінге, ұлттық мәдениетке, Батыс-Шығыс  ғылымдарына қатысы,  ойшылдың ақындық кітапханасы деген сияқты қазіргі абайтану саласында айтылып  зерттеулер өз орнын тауып, нақтыланып шешімін табар еді.

Бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі Абайдың мұрасына деген ескі көзқарастан арылып жаңашылдықпен қарау болып тұр. Бұл Абай тұлғасын бүкіл адамзат құндылығы тұрғысан қабылдауды жеңілдетеді. Абайтану ғылымының іргетасын қалаған М.О.Әуезов екені баршаға аян. Абайтану  тарихы-халық тағдырының айнасы. Мысалы, белгілі абайтанушы ғалым М.Мырзахметов былай деп жазды; «Абайтану тарихының даму жолдарын көшілікке түсінікті болуы үшін үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші кезең (1889-1934) яғни  абайтанудағы М.Әуезов дәуіріне дейінгі кезең, екінші кезең (1934-1961) абайтанудағы М.Әуезов дәуірі, үшінші кезең (1962-2005) М.Әуезовтен кейінгі даму жолын айтамыз» Абайтану ғылым халқымыздың тарихымен байланысты.

Абай  мұрасына жаңаша көзқас дегеніміз- ойшыл мұрасының бүкіл әлемнің бір жаратушының себебі мен жаратылу мақсаты барына, сонымен бірге әлем тіршілігінің ортақ бір заңдылыққа бағынатынына негізделетінін мойындау. Абай ілімін мойындау адамға болмыс құпияларын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді.  Заман ауысып, уақыт алға жылжыған сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлып, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Ұлы бабамыздың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып ұрпақ тәрбиесінде өзіндік үлес қосып келеді. Абайдың жазған шығармалары эстетикалық немесе сезімге, адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, ақынның шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт – санасы, тұрмыс – тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті туралы  көп мағлұмат алуға болады. «Адамды адам қылатыны – сезім, ой, рух, білім, өнер,адамгершілік, сана, әрекет»,- деп айтып кеткен ғұлама халық өміріне, ұлт болашағына бей – жай қарамаған. Осылардың бәрі болса, адам өз – өзімен табыстырады, өзін өзгемен жарыстырады, қала берсе халық игіліген сай келтіреді.

Ойшыл ұлы ақын білім алу саласына да өз көзқарасын болашақ ұрпаққа үлгі болсын деп, білімнің екі түрі болады деген ұғым білдірген. Білімнің біріншісі – материалдық түрі; екіншісі – рухани.  Бұл Абайдың өзінің зерттеген ұғымдары. Абай ұғымдарының, оның шығармалырының, өлеңдерінің қайсысын зерттеп талдасақ та, берер үлгі – өнегесі, көрсетер тағылымы өте зор. Елбасы мақаласының негізгі рухани темірқазығы ұлы Абай ақынның ілімінің идеясымен үндестігі байқалады. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  негізгі басымдықтарды айта келіп, «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» секілді ерекше бағдарламаларды алға тартқан болатын.

Қазақ халқының XIX ғасырдың соңынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны ерекше. Абайдың ақындық жолға бет бұрғандығы алғашқы сөзі мәдениет пен білімнің маңызын насихаттауға арналады. Оның 1885 жылы жазған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі бұл тақырыптағы тұңғыш шығармасы болумен қатар, ақынның сөз өнері жолындағы жаңа ізденісін де танытады. Абай мұнда, ең алдымен, жаңа үлгідегі ақынға керек ғылым жайын сөз етеді. Ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді. Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады. Сонымен қатар ол «Қызмет қылсын, шен алсын» деген халық мүддесіне жат тәрбие жайын мінеп, сынайды. 1886 жылы Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдер жазды. Мұның алғашқысы ұстаз ақынның кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті түрінде жазылған. Бүкіл өлең бойына Абай «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы — ғылым болуы керектігін түсіндіреді. Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің мөрлілігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншілдікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дүниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты және т.б. қай замандарда болмасын адам бойында болатын моральдық-этикалық қасиеттерді сөз ете отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен күресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керектігін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан, діни-пәлсафалық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды. Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Соның бірі – достық мәселесі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген, халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолына, қиянатсыз, адал достыққа үгіттейді. Оларды жалған татулық, бояма мінезден сақтандырады. Отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі — дос» деген хакім Абай өлеңдерінде «Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп» жырлап, ұлтқа, дінге, нәсілге, әлеуметтік жікке, жынысқа бөлмей баршаға махаббат сезімде болуды үндеуі, қазіргі адамзат қоғамының басты ұранына айналуы тиіс.

Қорыта келе, Абайды тану арқылы біз өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз. Бүгінде Абай есімі жеткілікті деңгейде ұлықталып жатыр. Бірақ оның шығармаларымен жаңғыру деңгейіне әлі жете қоймадық. ХХІ ғасырда кез келген қоғамның парқын, түптеп келгенде, адам сапасымен өлшеу үрдісі бірінші орынға шығып отыр. Бұл ретте Абай армандаған «бүтін адам», Абай көксеген «толық адам» тұжырымдамасы ең озық идея ретінде бүгінгі зерделі оқырманды да бей-жай қалдырмайды. Данагөй ақынның терең ойлары мен асыл сөздері, өлеңдері мен қара сөзері қай заманда болмасын жақұттай жарқырап, көкіректерге нұр болып құйыла берері хақ. Оның мұрасы жаңа ұрпақпен бірге жасай береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Досым Омаров «Абайдың рухани мұрасы» Алматы, «Ел-шежіре» 2007 ж
  2. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы
  3. Уәлихан Қалижанов,  «Егемен Қазақстан» Қамшы порталы 10 Тамыз, 2017ж

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*