«Тәуелсіздік Тұғырым»
Көп күттіріп келген тәуелсіздіктің құнын ел болып есімізден шығармауымыз керек!
Ата-бабаларымыз бен аға-әпкелеріміз қан мен терге малынып, жан тәсілім еткен бұл тәуелсіздік, біз үшін де, біздің ұрпағымыз үшін де қымбат!
«Қазақ, ел боламын,–десең, бесігіңді түзе!»–деп бекер айтпаса керек, өйткені бала көргенін істеп, естігенін айтып өседі. Сондықтан, тәлім мен тәрбиені, білім мен ғылымды, салт пен дәстүрді, тарих пен танымды жас ұрпақтың санасына сіңіріп өсіруіміз қажет.
Білім жолында бүлдіршіндеріміздің көгжиегін кеңейтіп жүрген, мектепке дейінгі мекемелердің атқарып отырған еңбегі шынымен де ауыз толтырып айтуға тұрарлық іс.
Біз бүгін, Алматы облысы Талғар ауданына қарасты, Белбұлақ ауылында орналасқан ЖШС «АЯ–СЕН» жекеменшік «Балдәурен плюс» бөбекжай–балабақшасында болдық.
Есіктен кірген мені, елең еткізген мемлекеттік әнұранымыздың балауса, балғын бөбектердің тәтті дауысымен шарықтап шыққан үні құлағымның құрышын қандырып, мақтаныш пен мейірімге бөледі.
Балабақша ұжымының қолдауымен,
құрылтайшы: Байдалиев Алимсейт Сейілханұлы;
әдіскер: Ахметова Айнұр Әнуарбекқызы;
ересек «Дарын» тобының тәрбиешісі: Әуесбекова Ақбота Әлібекқызы;
және кіші «Талап» тобының тәрбиешісі: Рысмендиева Шынар Рахманбекқызының ат салысуымен бүгін «Балдәурен плюс» бөбекжай–балабақшасында «Тәуелсіздік Тұғырым» атты ұйымдастырылған ашық іс–әрекет өтті.
Кіші «Талап» тобының тәрбиешісі Шынар Рахманбекқызының өткізген ашық іс–әрекетінен, балаларға тәрбиеші тарапынан берілген мейірім мен білімнің, баланың бойына сіңгенін байқадым, есін енді–енді біліп келе жатқан бүлдіршіндерді білімге баулуда асқан шеберлік пен шыдамның керегі анық. Іс-әрекетті тәжірибеге сүйене отырып, баппен жүргізген тәрбиеші, қарамағындағы әр баланың мінез құлқын дөп басып отырды. Кішкентай қолдарын жұдырықтай жүректерінің тұсына қойып шырқаған Әнұрандары тіпті ерекше. Көрсеткен суреттен «Ту» «Әнұран» «Елтаңба»
деп, тәрбиеші апайларымен жарыса айтқан бүлдіршіндер, құтыға құйылған суға тамған, бір тамшы көк бояудың әп-сәтте тудың түсін шығарғанына таңырқай қарап, шаттанып шапалақ соқты, бәрі мәз–мейрам балаша қуану,- деген осы шығар…
Түстерді табуға ерекше тәсіл қолданыпты, қызыл–жасыл оюларға баланың көзін үйретіп, түстерді жатқа айтқызды. Сергіту сәтінде әдемі ән шырқай отырып өз еркімен балалардың «Ту» мен «Елтаңбаны» табуына ықпал жасалды. Баланың тілі де қылығы да бал ғой шіркін, былдырлаған тілдеріне сүйсіндім білуге, білімге құштар бүлдіршіндер көк аспанымыздың астында бақытты ғұмыр кешсін,–деп тіледім.
Ересек «Дарын» тобының тәрбиешісі: Әуесбекова Ақбота Әлібекқызы өз тобымен ашық тәрбие сағатын жыл мезгілін сипаттаумен бастады. Қыс мезгіліне байланысты жеңіл әрі қызықты сауалдармен балаларды баурап алды, балалар сабаққа белсене қатысып, талапшыл тәрбиешінің тарапынан қойылған әрбір сауалға тақылдап жауап беріп отырды. Аты айтып тұрғандай, ересек топтың балаларына қойылған талап та өзгеше сыңайлы, балалар өздерін өте ширақ, әрі жинақы ұстады, ұстаздарын мұқият тыңдап берілген тапсырмада ауызбіршілік танытты.
«Әнұран» орындаған бүлдіршіндердің бойынан патриоттық сезім желдей есіп тұрды, еңсесін биіктеп тік ұстаған балаларға қарап рухым өсті. Мерекеге сай киінген балапандардың бал-бұл жайнаған жүздеріне қарап, міне, біздің еліміздің болашағы осылар,–деп қуандым.
Сабағына асқан жауапкершілікпен үлкен махаббатпен дайындалған тәрбиешінің бойынан тәртіп пен талап, білім мен парасаттылықты байқадым.
Бүлдіршіндер күмбірлеген күйдің ырғағымен «Желтоқсан оқиғасының» құрбандарын еске алып құрмет көрсетті.
Биыл егемен ел атанып көк байрағымызды көкке көтергенімізге 33 жыл толып отыр,–деп ашық ұйымдастырылған іс–әрекетін жалғастырған тәрбиеші, балалардан президенттеріміз бен рәміздеріміз турасында сұрады. Бұл сауалдарға да балалар хормен тез, жеңіл әрі нақты жауап беріп отырды. Балаларды жалықтырып алмас үшін тәрбиеші сергіту ойындарын да ұтымды пайдалана білді. Балалардың білім деңгейінің биіктігі ұстаздың берген тәрбиесімен өлшенері анық, осы орайда Ақбота Әлібекқызынан тәлім алған балалардың өресінің өскені тайға таңба басқандай көрініп тұрды.
Еліміздің еңсесі биік тәуелсіздігіміз тұғырлы, ұрпағымыз ғұмырлы болсын. Жас ұрпақ халқымыздың тарихын танып, біліп өсуі керек. Тарихына үңіліп тағзым еткен ұрпақ, қайыры мол берекелі елге айналары анық.
Бойындағы білім мен біліктілігін алдына келген шәкірттеріне дарыта білген ұстаздан бақытты жан жоқ–ау сірә.
Ұстаз –деген ұлы тұлғаның ұстанымы мықты болса, өскелең жас ұрпақтың өресі биік болып өсері сөзсіз.
Алдына келген әрбір бүлдіршіннің ырқына жығыла отырып, иін қандырып, назары мен зейінін өзіне аудара білетін сақа тәлімгерлер бүгінгі таңда некен саяқ десек те, баршылық екен деп қуанып «Балдәурен плюс» бөбекжай–балабақшасының ұжымына, шығармашылық табыс тілеп қайттым.
BILIM AINASY
Алматы облысы
Назира Сұлтанмұратқызы