Home » Новости » МЕН КӨРГЕН СӘУЛЕЛІ ЖҰЛДЫЗ…

МЕН КӨРГЕН СӘУЛЕЛІ ЖҰЛДЫЗ…

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалы драма театрының актрисасы әрі эстрада әншісі Атамбек Талжібек Жұмаділқызы 1964 жылдың 26 қаңтарында қазіргі Жетісу облысының (бұрынғы Талдықорған облысы) Панфилов ауданы Лесновка ауылында дүниеге келген. 1981 жылы онжылдықты бітіріп, Темірбек Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтының (қазіргі Өнер академиясы) музыкалық комедия бөліміне оқуға түседі.

Аппақ армандарын арқалап жеткен ару қыз 1986 жылы ата-анасының қолдауымен, музыкалық театр актрисасы және эстрадалық әндерді орындаушы әртіс мамандығы бойынша аталған жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдайды.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, жас түлектің таланты мен өнерге деген ерекше құлшынысын байқаған театр режиссері әрі профессор Жанат Әубәкірұлы Хаджиев Талжібекті Торғай облыстық қазақ драма театрына қызметке шақырады. Ұстазының ұсынысын қуана қабыл алған ол алғашқы еңбек жолын Торғай облыстық қазақ драма театрында бастайды. Сонда біраз уақыт тәжірибе жинап, шығармашылығын шыңдай түседі.

1988 жылы Торғай облысының жабылуына байланысты аталмыш өнер ордасы Жезқазған қаласына көшіріледі. Кейіпкеріміз актерлық қызметін ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, беделді актер Серәлі Қожамқұлов (Серке Қожамқұлов) атындағы Жезқазған облыстық қазақ музыкалық драма театрында жалғастыруды жөн көреді. Арада жыл өткізіп, Алматы қаласындағы Қазақконцерт бірлестігінің эстрада театрына ауысады.

Павлодарлық режиссер Ерсайын Тәпенов театр өнерінің қыр-сырын енді ғана танып келе жатқан бір топ талантты жастарды Павлодар қаласында жаңадан ашылғалы жатқан Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрына шақырады. Солардың ішінде Талжібек Жұмаділқызы да бар еді. Көп ұзамай, өнерпаз жастар жаңа өнер ордасының іргетасын қалауға білек түріп белсене кірісіп кетеді. Кереку-Баян өңірінің өнерсүйер қауымы алыстан «ат терлетіп келген» жігерлі жастарды құшақ жая қарсы алады. 1990 жылы желтоқсан айының жетісі күні ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын Тәпеновтің қойылымындағы Мұхтар Әуезовтың «Айман — Шолпан» музыкалық комедиясымен театрдың алғашқы маусымы ашылады. Міне, содан бері ор текедей ойнақтап, отыз төрт жыл өте шықты. Театр ұжымының құрамы талай мәрте өзгеріп, небір қиын кезеңдерді бастан кешірді. Алайда киелі сахнаға деген адалдық мен сүйіспеншіліктің арқасында бұрынғы жас театр есейіп, ел-жұрты құрметтеген беделді өнер ордасына айналады.

— «Мен үшін рөлдің үлкен кішісі жоқ, мен рөл таңдамаймын, қай рөлді берсе, сол рөлді қанағат тұтып, барынша шынайы ойнап шығуға тырысамын», — дейді актриса. Иә, осы ретте орыстың танымал театр режиссеры Константин Сергеевич Станиславскийдің: «Кішкентай рөлдер болмайды, кішкентай актерлар болады» деген тәлсімі еріксіз еске түседі.

— Өмір болғасын, «әттеген-айы» да болады екен. Мен «Қыз Жібек»-ті қырық бес жасқа дейін ойнадым. Арманым жоқ! Ол кезде жастығыммен алдым. Егер қазір қайтадан ойнау мүмкіндігі туса, оны басқаша сомдаған болар едім. Себебі, жылдар бойы меңгерген актерлік шеберлігім, жинаған тәжірибем, түйген ойларым жетерлік. Бұрынғы талантты өнер иесі – Талжібек пен қазіргі білікті, кәсіби актриса – Талжібекті мүлде салыстыруға келмейді, — дейді кейіпкерім.

Талжібек Атамбек – өнерде өсіп, өз орнын тапқан ашық-жарқын мінезді, тілге бай, ойы ұтқыр, сөзі сергек жан. Оның сахна төріндегі іс-әрекетінің көркемдігі, сомдаған бейнелерінің шынайылығы – жылдар бойы жинаған тәжірибесінің толысып, «сегіз қырлы бір сырлы» нағыз сахна ханшайымына айналғанының дәлеліндей көрінеді. Ол қай жанрда болмасын заманы бөлек, танымы бөгде кез-келген мінез-құлық иелерінің ішкі жан-дүниесіне терең үңіліп, бейнесін асқан шеберлікпен көрермені сүйсінетіндей етіп, әсерлі жеткізе алатынымен ерекше.

Талжібек Жұмаділқызы бүгінде – сүйікті жар, Әнел, Мадина есімді екі бірдей сұлу қыздың аяулы анасы. Мадинасы Елордасы – Астана қаласында Назарбаев университетінің докторантурасында оқып, сол жерде қызмет етеді. Ал, Әнелі болса, жоғары білім алып, өзі ұнатқан мамандықтың сара жолын салуда. Талжібек Атамбек қазіргі жеткен жетістіктерінде өмірдегі басты қолдаушысы әрі отағасы – Жомарт Абдрахманұлы мен жанашыр жиен сіңлілері Зәуре мен Мадинаның үлестері зор екендігін айтады.

Атамбек Талжібек Жұмаділқызы Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында — Айман, Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында — Жібек, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» — әнші Майра, И.Штраустың «Жарқанатында» — Розалинда, И.Кальманның «Сильвасында» — Сильва, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» — Дениза, У.Гаджибековтың «Аршин Малаланында» — Жихан, А.Цагерелидің «Ханумасында» — Ханума, А.П.Чеховтың «Шағаласында» — Заречная, Ш.Айтматовтың «Ана — Жер анасында» — Жекшенқұлдың әйелі, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасында — Гүлбаршын, Б.Жакиевтың «Әке тағдырында» — Бурыл, Иран Ғайыптың «Естайдың Қорланында» — Қорлан, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» — Биғайша, Д.Исабековтың «Мұрагерлерінде» — комиссия мүшесі, Ө.Ахметтің «Желтоқсан ызғарында» — Бәтжан, Е.Төлебайдың «Оян қазақ, ойлан қазағында» — Ғаникамал, Ғ.Ештанаевтың «Әбілмансұр, Сабалақ, Абылай» — Күтуші әйел, К.Жұмабековтың «Адасқандарында» — Кәмшат, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлуында» — Күнекей, Ж.Хаджиев пен К.Ахметовтың «Ерке ояндым, ойландымында» — Ұлжан, Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатында» — Әлипа, Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» — Жаңыл, «Ақ кемесінде» — Ақсақ кемпір, Мольердің «Сараңында» — Фразина, Г.Хугаевтың «Қара шекпенінде» — Қуқар, Р.Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелласында» — Камила, М.Төлебаевтың «Біржан Сара» операсында — Сара, С.Жүнісовтың «Қызым, саған айтамында» — Рәзия, Киплингтің «Мауглиінде» — Багира рөлдері арқылы көрермендерінің жүрегіне жол тауып, ықыласына ие болды.

1-суретте: Т.Атамбек Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек рөлінде. 2-суретте: Ж.Хаджиев пен К.Ахметовтың «Ерте ояндым, ойландымында» — Ұлжан бейнесінде.

3-суретте: Т.Атамбек И.Кальманның «Сильвасында» — Сильва рөлінде.
Әрбір жеңістің артында үздіксіз ізденіске толы жылдар, қыруар күш-жігер, қажырлы еңбек тұратыны мәлім. Әртіс әрі эстрада әншісінің көпжылдық ерен еңбегі  ескерусіз қалған жоқ.
Талжібек Атамбек 1999 жылы Омбы қаласында «Жібек» образы үшін губернатор Полежаев тағайындаған арнайы жүлденің иегері атанды.
1990 жылғы І республикалық эстрадалық түп жанры сайысының лауреаты.
1992 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық «Драма әртістері ән салады» фестивалінде ІІІ дәрежелі лауреат дипломын иеленді.
2004 жылы Сәкен Жүнісовтің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық театр фестиваліне «Қызым, саған айтам…» спектаклінде Рәзия бейнесін шебер сомдағаны үшін «Аса үздік актер шеберлігі» аталымына ие болды.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасымен;
2019 жылы Павлодар облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен;
2019 жылы Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Құрмет» грамотасымен;
2020 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет» грамотасымен;
2021 жылы Павлодар облысы мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен;
2024 жылы «ЕртісБаян» І республикалық театрлар фестивалінде «Үздік эпизодтық әйел адам бейнесі» — «RICHARD ІІІ» спектакліндегі Герцогиня Йорк рөлі үшін Дипломымен және тағы басқа бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды.

  • Біздің ұжымның өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі ол – аға буын өкілдері мен

жас актерлар арасындағы өзгермейтін сыйластық қасиет. Тағы бір ерекшелігіміз – әсіресе, үлкендер жағы жұмысқа кемінде бір сағатқа ерте келеміз. Сосын бізде рөлге таласу деген болған емес. Бір театрда бір ғана «героиня» болса, кеудесін көтеріп кетпесін деп Ерсайын Қандержанұлы бүкілін «героиня» ғып тастайтын. Екі – Қыз Жібек, екі – Сильва болды. Қойылымды екі құрамға бөлініп ойнадық. Бұл – режиссеріміз, марқұм Ерсайын Тәпеновтың өнерге баулумен қоса, бойымызға сіңіріп кеткен тамаша қасиеттерінің бірі деп ойлаймын. Ол кісіге айтар алғысымыз шексіз!

Қазірде Т. Жұмаділқызы өзі шыққан өнер биігіне жас әріптестерін баулып, білгенімен бөлісуде. Лайықты иесін тапқан әрбір марапат кейіпкеріміздің «ұстаның көрігінде пісіп, тезінде шыңдалған, өнерде өсіп, өмірде өркен жайған» көркем мінезді кәсіби актриса екендігін аңғартса керек.

Талжібек Жұмаділқызы осы күнге дейін өзінің ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Білім беру ісінің Үздігі, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Есім Жүкеұлы Сегізбаевтың шеберханасынан шыққанын мақтан етеді.
— Мен актриса ретінде де, әйел ретінде де бақыттымын! – дейді кейіпкеріміз.
— Бақытыңыз ешқашан ортаймасын, қазақ өнерінің сәулелі жұлдызы!

Шәнім Бейбіт Кәрімұлы, ҚР мәдениет қайраткері, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының директоры:

  • Театр өнер институты 1979 жылы ашылды. Оны басқарған кафедра меңгерушісі Каукен Кенжетаев ағамыз музыкалық комедия актері деген бөлім ашты. Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Ринат Майсарбаев, Қонысбек Айдаровтар сол бөлімнің алғашқы қарлығаштары болды. Талжібек Атамбек, Мұхтар Байжұманов, Майра Даулетбақтар бір курста оқыды. Біз келгенде олар үшінші курстан төртінші курске көшкен жоғары курстың студенттері еді. Бұл курстың жігіттері шетінен ұзын бойлы, сұңғақ, сымбатты-тұғын. Қыздары да өнерге ерекше құлшынып тұратын. Конкурстар өтетін. Ән айтудан бас жүлдені үнемі солар алатын.
  • Дипломдық жұмыста олар Кәукен Кенжетаевтың аудармасымен алғаш рет қазақ тілінде Имре Кальманның «Сильва» опереттасын қойды. Майра – Сильваны, Мұхтар – Эдвинді, Талжібек – Стассиді ойнады. Біз массовкада жүрміз. Мұнда дауыс та, би де бар. Кәдімгі танымал әртістер келіп ойнап жатқандай, өте керемет көрініс болды!

— Талжібектер институтты 1986 жылы бітіріп кетті. Тоқсаныншы жылдары театр ашылғаннан бері осында еңбек етіп келеді. Ол кісінің ойнаған рөлдері өте көп. Өз ісіне адал, еңбекқор адам.

 

Айгүл МОЛДАШ,
«БІЛІМ АЙНАСЫ»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*