Ана — мейірімнің мәңгі шуағы, жүректің ең жылы мекені. Оның сүйіспеншілігі теңіздей терең, таудай биік, шексіз мейірімі әр баланың өміріне нұр болып құйылады. Анасының мейірімін сезінген жүрек ешқашан суымайды, оның ақ тілеуі баланың жолына жарық шашады.
Көктемнің алғашқы күндерімен қатар келген мерекені біз Алматы қаласы,
Жетісу ауданына қарасты №175 бөбекжай-балабақшасында көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні ерекше сән-салтанатпен қарсы алдық. Нақтырақ айтқанда, балабақша тәрбиеленушілері өздерінің асыл аналары мен аяулы әжелеріне арнап жүрекжарды тілектерін арнап, әсем ән мен мәнді өлеңдерді сыйға тартты. Балдырғандардың көздеріндегі қуаныш пен жүздеріндегі шаттық олардың бұл мерекені асыға күткенін аңғартты.
Ертеңгілік әсем безендірілген залда өтті. Түрлі-түсті шарлар, гүлдер мен жарқыраған стикерлер аналарға арналған мейрамның көркін аша түсті. Кішкентай бүлдіршіндер ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, сахнада еркін қимылдап, өз өнерлерін ортаға салды. «Ана – өмір шуағы», «Анашым, мен сені жақсы көремін!» сынды әсерлі өлеңдер жүректерге жылулық ұялатты. Әсіресе, балалардың аналарға арнаған «Ақ мамам» әні көрермендерді терең тебірентті. Сахна төрінен балғын үндерімен ана махаббатын жырлаған бүлдіршіндерге зал толы көрермен ризашылықпен қол соқты.
Шара барысында балалар аналарын ортаға шақырып, өз қолдарымен жасаған гүлдер мен ашық хаттарды сыйға тартты. Аналардың көздерінен байқалған шаттық пен алғыс бұл сәттің қаншалықты маңызды әрі жүрекке жылы тиетінін көрсетті. Ұстаздардың тиянақты дайындығы мен балалардың ынта-жігері ертеңгіліктің жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді.
Бұл кеш тек мереке ғана емес, аналардың еңбегін бағалауға, оларға деген риясыз алғысты білдіруге арналған шынайы мейрам болды. Әр бала өз өнері арқылы анасына деген махаббатын, құрметін жеткізді. Осындай әсерлі сәттер жүректерде ұзақ сақталып, аналардың жүзіне қуаныш сыйлады. Мейірім мен сүйіспеншілікке толы бұл кеш аналарға деген ыстық ықыластың, бала жүрегінің кіршіксіз таза сезімінің айқын көрінісі болды.
№175 бөбекжай-балабақшасының іші жарық әрі кең, балалардың жайлылығы үшін барынша ыңғайлы етіп безендірілген. Әр топтың бөлмелері түрлі-түсті суреттермен, дамытушы ойыншықтармен жабдықталғаны байқалады. Балабақша ұжымы — өз ісіне берілген, мейірімді әрі тәжірибелі тәрбиешілер мен қызметкерлерден құралған. Олар әр баланың қабілетін ашуға, шығармашылығын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ұжымның ұйымшылдығы мен жанашырлығының арқасында бүлдіршіндер балабақшаға қуана келеді, әр күні жаңа білім мен қуанышқа толы өтетініне көзіміз жетті.
Бұл сөзімізді ата-аналар қауымы да растап кетті. «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі Тукенова Меруерттің анасын сөзге тартқан едік.
«Балабақша ұнайды, баламыз қуана келеді деді ол күлімсіреп.
— Бұл жердің тәрбиешілері өте мейірімді, әр баланың тілін тауып, ерекше ықыласпен қарайды. Қызым Меруерт те балабақшаға асыға келеді, үйге келгенде көрген-білгенін қуанышпен әңгімелеп отырады. Әсіресе, әртүрлі мерекелік шаралар мен ертеңгіліктерге қатысқанына қатты қуанады. Осындай көңілді орта мен жылы қарым-қатынас үшін меңгеруші Боранбаева Нағима Рүстемқызы мен тәрбиешілерге алғысым шексіз» — деді ол шынайы ризашылығын білдіріп.
Ата-ананың ризашылыққа толы сөзі балабақша ұжымының еңбегін айқын аңғартады. Шынында да, әр балаға мейірім мен жылулық сыйлай білетін тәрбиешілердің еңбегі зор. Осындай қамқорлық пен сүйіспеншілікке толы ортада өскен балалардың болашағы жарқын болары сөзсіз.
Балабақшаның меңгерушісі Боранбаева Нағима Рүстемқызының еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Балабақшаның ішкі тәртібі мен тәрбиелік жұмыстарының жоғары деңгейде өтуі де оның тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Балаларымыз бақытты, балабақшаларымыз жайлы болсын!
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы