Home » О нас » Мейірім мен сұлулық мейрамы

Мейірім мен сұлулық мейрамы

8 наурыз – көктемнің шуағындай нәзіктік пен мейірімнің мерекесі. Бұл күн – аналар мен аруларымыздың ерекше құрметке бөленіп, шексіз сүйіспеншілік пен ізеттіліктің нышанына айналған мереке. Осы айтулы күнге орай, №198 мектеп-гимназиямызда мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл кештің басты мақсаты – аяулы аналарымыз бен құрметті ұстаздарымызға шынайы алғысымызды білдіріп, жүрекжарды тілектерімізді жеткізу болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, ел еңбегінің мәйегі саналатын кәсіп иелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Осыған орай ұйымдастырылған мерекелік кеште адал еңбегімен отбасының ұйытқысы болып жүрген аяулы аналар: ас үйде өнерімен таңдай қақтыратын аспаздар, жібек жіптен ғажап өрнек өрген тігіншілер, берік іргетас қалаған құрылысшылар мен сұлулық сыйлаған шаштараз шеберлері ерекше құрметпен шақырылды.


Кештің шымылдығы мектеп оркестрінің орындауындағы әсерлі әнмен ашылды. Сахна төріне көтерілген оқушы жігіттер мен ер мұғалімдер әсем әндерін арнап, жүректерді тербеді. Шырқалған әндер мен күмбірлеген күйлер, әсерлі өлеңдер мен көркем билер көрермендерді тәнті етіп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Әрбір нөмір – шынайы құрмет пен ілтипаттың белгісіндей әсер қалдырды. Оқушылардың таланты мен дайындықтары көз сүйсіндіріп, олардың өнерге деген құштарлығын айқын көрсетті. Әсіресе, қазақтың ұлттық билері мен заманауи ырғақта орындалған флешмобтар кештің сәнін кіргізді. Билеген қыздардың сұлулығы мен жігіттердің ширақ қимылдары мерекелік шараның көркін аша түсті. Әсем безендірілген сахна, түрлі-түсті жарықтар мен гүлдер кештің мазмұнын одан әрі байытты.

Мерекелік кеште ұстаздарымызға алғыс сөздер айтылып, олардың білім беру жолындағы тынымсыз еңбектері ерекше атап өтілді. Мектебіміздің ардақты мұғалімдері алғыс хаттармен марапатталып, бұл сәттер олардың көздеріне қуаныш пен ризашылықтың нұрын ұялатты. Әр алғыс хат – ұстаздардың шәкірттеріне деген шексіз сүйіспеншілігі мен өз ісіне адалдығының айқын көрінісі.
Ұстаздарымыздың оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі еңбектері зор. Мектебіміздің жетістіктері – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің жемісі. Осы орайда, білім беру саласында ерекше көзге түскен мұғалімдерімізге арнайы сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Сондай-ақ кеш барысында оқушылар аналарына арнап жүрекжарды өлеңдер оқып, өз қолдарымен дайындаған сыйлықтарын табыс етті. Анаға арналған әндер шырқалып, олардың мейіріміне деген ризашылықтары көрініс тапты.

Мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық ұйымдастырушыларға, оқушыларға және ұстаздарға шынайы алғысымды білдіремін. Әсіресе, шараның әр сәтін үйлестіріп, ыстық ықыласпен дайындалған өнерпаздарымызға ризашылығым шексіз. Бұл кеш – бірліктің, ынтымақтың, сыйластықтың мерекесі болғаны сөзсіз.

Барша аналар мен аруларымызды көктемнің көркем мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін! Сіздердің күлімдеп тұрған жүздеріңіз бен мейірімге толы жүректеріңіз – біз үшін таусылмас шабыт көзі.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*