Бала шырын, бала гүл, бала ізгілік,
О, адамдар қойыңдар, мұны біліп.
Баланы күт, аяла, баланы өсір,
Ол шығатын күнің ғой, ертең күліп— демекші балалық шақтан бойына орныққан, ана сүтімен даритын, сөз өнері сәбидің болашақ шамшырағына айналып рухани байлығын кеңейтуге жол ашады. Мектеп жасына дейінгі балалардың ой өрісін, білім дағды деңгейін кеңейту, сана, қабылдау, сезім әрекеттерін дамыту. білуге деген қызығушылық қасиеттерін арттырып, өздігінен еңбектену белсенділігін қалыптастыру қажеттілігі белгілі. Бала тәрбиесі отбасынан басталады десек те, көбінесе әдіс тәсілдер арқылы берілетін тәлім тәрбие балабақшадан басталады. Ғасырлардан жеткен жәдігеріміз, ең қымбат қазынамыз және баға жетпес асыл мұрамыз тіліміз бен дініміздің аясын кеңейтіт, мәртебесін биіктету. Халық педагогикасын қолдану арқылы балалардың сөздік қорын дамыта отыра балабақшада ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ұлттық құндылықтар – ұлттың рухани қазынасы, өткен мен болашақты байланыстыратын берік негіз. Әрбір халықтың ұлттық ерекшеліктерін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтау мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізу сол халықтың өмір сүруінің кепілі. Балабақша – ұлттық тәрбиенің алғашқы баспалдағы. Мұнда балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу маңызды міндеттердің бірі. Балабақшада ұлттық құндылықтарды дәріптеудің негізгі мақсаты – балалардың бойында отансүйгіштік, адамгершілік және мәдениеттілік қасиеттерін қалыптастыру. Олардың қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлерін білуге деген қызығушылығын арттыру арқылы өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялату.
Балаларға ана тілінде сөйлеу – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды бөлігі. Ана тілі арқылы бала халықтың мәдениеті мен болмысын тереңірек түсініп, оны құрметтеуді үйренеді. Балабақшада күнделікті іс-шараларда балаларға өлеңдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер оқыту арқылы тілге деген сүйіспеншілікті арттырамыз. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін балалардың бойына сіңіру арқылы олардың рухани дүниесін байытамыз. Мысалы, «Тұсаукесер», «Бесікке салу», «Шашу шашу», «Қыз сыны» сияқты дәстүрлерді көрсету, олардың мән-мағынасын түсіндіру балаларға үлкен әсер қалдырады. Балаларға ұлттық мерекелерді өткізу, әсіресе Наурыз тағы басқа мейрамдарда ұлттық ойындар ойнау ерекше ықпал етеді. Қазақтың ұлттық киімдері мен қолөнер бұйымдары ұлттық мәдениеттің бірегей бөлігі болып табылады. Балабақшамызда ұлттық киімдер тігу, ою-өрнек салу, ұлттық бұйымдар жасау сияқты шығармашылық тапсырмалар балалардың қол моторикасын дамытуға және ұлттық мұраларға құрмет көрсетуге ықпал етеді. Сонымен қатар «Аналар және әжелер мектебі», «Әкелер мектебі» бойынша атқарылып жатқан іс-шараларымыздың маңызы зор.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу нәтижесінде балалар:
Қазақ халқының тарихы мен мәдениетін құрметтейді;
Салт-дәстүрлердің маңыздылығын түсінеді;
Ана тілінде еркін сөйлеп, мәдени мұраларды бойларына сіңіреді;
Эстетикалық, рухани және адамгершілік құндылықтарды меңгереді. Балабақша – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды орта. Баланың тұлға болып қалыптасуында ұлттық тәрбие негізгі рөл атқарады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жүйелі және мақсатты жұмысы арқылы балалардың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді дарытып, олардың өз халқының нағыз патриоттары болып өсуіне ықпал етеміз.
Алматы қаласы Түрксіб ауданы
“№15 бөбекжай – балабақшасы”
меңгеруші;
Дусалиева А.Б.