Алматы қаласы Түрксіб ауданы
“№15 бөбекжай – балабақшасы”
тәрбиеші:
Абаева Айнур Саиповна
Балабақша – ұлттың болашақ азаматтарының тұлғалық қасиеттерін қалыптастыратын алғашқы тәрбие беру мекені. Біртұтас тәрбие аясында ұлттық құндылықтарды насихаттау – балалардың бойына ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрлерді, ізгі қасиеттерді сіңірудің маңызды жолы. Осы мақсатта Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты “№15 бөбекжай – балабақшасы” ересек “Аққулар” тобында аналар мектебі аясында ұйымдастырылған «Қыз сыны» байқауы өткізілді.
«Қыз сыны» байқауының негізгі мақсаты – қыз баланың бойына ұлттық тәрбиенің негіздерін сіңіріп, қазақ халқының әдеп-ғұрпын, инабаттылық пен сұлулықты дәріптеу. Сонымен қатар, аналар мен қыздардың арасындағы тәрбиелік байланысты нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау және балаларға ананың рөлі мен маңызын ұғындыру болды.
Байқауға ересек “Аққулар” тобының қыз балалары өз аналарымен бірге қатысты. Атап айтқанда Сүбіхан Алиша мен анасы Құралай, Бақытжанова Милана мен анасы Айгерім, Мырзабек Айзере мен анасы Жұлдыз, Мұрат Адина мен анасы Айшат, Аққұл Дана мен анасы Жібек атсалысты.
Байқау бірнеше кезеңдерден құралды:
1.Таныстыру: Қатысушылар өзін таныстырып, отбасы құндылықтары туралы айтып өтті. Бұл кезеңде балалар мен аналар отбасы дәстүрлері мен ұлттық тәрбиенің мәнін көрсетуге тырысты.
- Өнер көрсету: Қыз балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Кейбірі ұлттық киіммен ән шырқады, ал кейбірі ұлттық билерді орындады. Аналар да ұлттық өнерді қолдап, қыздарымен бірге ән айтып, би биледі.
3.Сұрақ-жауап кезеңі: «Суретке қарап, сөздің сырын ашайық»
Аналарына сурет арқылы мақал – мәтелдерді, жұмбақтардың жауабын жылдам табу ұсынылды. Әр дұрыс жауап үшін жұптарға ұпай қосылып отырды.
- Шығармашылық тапсырма: Аналар мен қыздары бірге ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап, өз қолөнер жұмыстарын ұсынды. Бұл ұлттық ою-өрнек салу, торсық, сәукеле, киіз үй макеті, киіз басу әдісін жасау сияқты тапсырмалар арқылы жүзеге асты.
- Сән көрсету: Қатысушылар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, сахнаға шығып, киім үлгілерін таныстырды. Бұл кезеңде ұлттық киімнің маңыздылығы мен ерекшеліктері айтылды.
Байқау соңында барлық қатысушылар мақтау қағаздарымен марапатталды. Ең бастысы, байқау аналар мен қыздардың арасындағы тығыз байланысты нығайтып, балалардың бойына ұлттық тәрбиенің маңыздылығын ұялатты.
«Қыз сыны» байқауы – ұлттық құндылықтарды насихаттаудың тамаша үлгісі. Мұндай іс-шаралар арқылы балалар қазақтың салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысып, ұлттық рух пен тәрбиені сезіне алды. Аналар мектебі бұл үдерісте басты рөл атқара отырып, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің тиімді құралына айналды.