Желтоқсан. 1986 жыл. Қазақ жастарын жауратқан қыс еді. Жолыңда жаным садаға қазағым деп алаңда бір-біріне тіреу бола білген, ағасы қарындасқа қорған боп, інісі ағасына демеу бола білген “Желтоқсан оқиғасына” биыл
38 жыл болса, тұғырлы Тәуелсіздігімізге 33 жыл толады.
Тәуелсіздігіміздің 33 жылдығына орай Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №19 жалпы білім беретін мектебінде 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушыларымен «Тәуелсіздік-аманатым» атты кездесу кеші өткізілді. Кештің қадірлі қонақтары, желтоқсаншылар — Жүнісбек Нәбибұлла Әлімжанұлы, Аухатова Айнакүл, Маржан Елгезек.
Кеш барысында желтоқсаншылар өз естеліктерімен бөлісіп, бір сәт сол шаққа қайта барып келгендей болды. Оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Мектеп оқушыларының Отанға деген махаббатпен шырқалған әндері толқыған көңілге медеу болғандай. Ару қыздар сахнада көлде жүзген аққудай әсем әнге бұрала билей жөнелгендегі көрерменнің ықыласы ерекше болды.
Бұл кештің әсерлі сәттерінің бірі — мектеп оқушыларының бірқатары “Жасұлан” ұйымының қатарына қабылданды. Салтанатты төсбелгі табыстау рәсімін желтоқсаншы аға-апаларымыз Жүнісбек Нәбибұлла Әлімжанұлы, Аухатова Айнакүл, Маржан Елгезекке бұйырды.
Кездесу соңындағы мектеп оқушылары мен ұстаздарының хоры кештің әдемі нүктесі бола білді.
Еңселі ел тәуелсіздігінің оңайлықпен келмегенін әр оқушы түсіну керек, толғану керек деген мақсатта ұйымдастырылған №19 жалпы білім беретін мектебіндегі кездесу кешінің жоғары деңгейде өткені анық. Жалпы білім беретін мектеп деген аты болмаса, мектеп оқушыларының алғырлығы мен өнерліліктері лицей, гимназия оқушыларымен пара-пар. Бұл дегеніміз №19 жалпы білім беретін мектебінің директоры Айымгуль Даурбековна мен ұжымның еңбегінің жемісі екенін түсініп,
Гимназия болуға сұранып-ақ тұрған мектеп екен деп қайттық.
Желтоқсаншылардың екінші есімі — тәуелсіздік, азаттық. 16 жасар қыздың рухы сескендірген “Желтоқсан” мәңгі есімізде. Алматының аспаны да өткенін ұмытпақ емес.
Бүгінде еліміздің әр қаласы мен ауылы шалқайып кіріп, марқайып шығатын деңгейде. Әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз тең. Саясат сахнасынан да өз орнымызды ойып тұрып алдық. Әр саланың үздіктері еліміздің атын әлемге танытып, көк туымызды биік желбіретіп, әнұранымыз шырқалтып жүр. Балалардың ұйқысы тыныш. Бұл тәуелсіздіктің бізге берген нығметі. Бабалар аманат етіп қалдырған дархан дала мен еліміздің інжу-маржанын бағалайық.
Ағыл да тегіл арындап арман ағысы,
бүтіндеп бойын бүрленді бүкіл бақ іші.
Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын
табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы.
Қағанаттардан Қазақстанға жеткендей,
қамшы салдырмас қазанаттардың шабысы.
Айбаты асқақ арыстандайын алыстым,
Абылай болып жаныштым мысын Шарыштың.
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек –
алты алаш үшін құрбаны болған Намыстың.
Қайрат пен Ербол, Сәбира, Ләззат көз жұмған
Желтоқсандағы ызғарлы желмен қағыстым.
Дүние жүзі мойындап тұрған Барыспын,
қайтпас та қайсар қазақ атыммен таныспын.
Ғылымда шыққан биігін әлем құптаған,
Марғұлан Әлкей, Имантай ұлы Қаныштың.
Төріне барып келсе де сонау ғарыштың,
текті ғой жұртым тәубесін білген табыстың.
Самалы ескен Мұғалжар, Ембі, Тұранның,
Сарыарқа төсін шарлаған қайсар Қыранмын.
Еркіндік құрған жеріме төнген қатерге
естірткен үні жаңғырып шыққан ұлармын.
Сан ғасыр бойы иыққа тіреу іздеген
сан алуан ұлттың саясы болған шынармын.
Тіні мен тілін, діні мен ділін сақтаған түпкілік тегім –
Көк Түрік, Ғұн мен Сақ бабам.
Тарихын тасқа қашаған ұлы Күлтегін
мұрасын мәңгі санаға құйып жаттаған.
Әкені – Таудай, ананы Күндей көретін
халықпыз дана баланы балдай баптаған.
Қасиет тұнған, құт қонған мекен – аймағым,
қастерлеп дәйім ұйытқан бірлік қаймағын.
Терезесі тең төрт құбыламды сайладым,
Астанам – айбын, айдыным менен айбарым!
Ерлігім, есіл өрлігім бойды қуаттап,
тік ұстап келем Тәуелсіздіктің байрағын!
Ұмытылмайды өткізген зарлы, шерлі күн,
ұрпаққа мирас етерде осы теңдігін.
Ұлықтай берем арыстарымды азаткер,
Ұлы Даламның аманаттаған кеңдігін.
Мерейің тасып, мәртебең өссін, өрелім,
мызғыма, жұртым, Мәңгілік болсын елдігің!
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы