Home » Новости » Отаным-мақтанышым!

Отаным-мақтанышым!

Алматы қаласы, Бостандық ауданы,
КМҚК «№88 бөбекжай-балабақшасында» мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған
“Отаным-мақтанышым!” тақырыбында аудандық семинар өтті.

Семинар №88 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Куатова Алсида Аманжоловнаның алғы сөзімен басталды.
— Бүгін біз үшін ерекше күн.
Біз Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді, мақтанышымызды білдіретін маңызды шараға жиналып отырмыз. «Отаным – мақтанышым!» – бұл жай ғана сөз емес, бұл әрбір қазақ баласының жүрегінде терең орын алатын ұлы сезім. Отан – біздің алтын бесігіміз, ата-бабамыздың аманаты, болашақ ұрпаққа қалдырар асыл мұрамыз. Балалар – еліміздің ертеңі, болашағымыздың айнасы. Сондықтан біз бүлдіршіндеріміздің бойына туған жерге деген махаббатты, патриоттық рухты сіңіріп, елін, жерін қадірлейтін азамат болып қалыптасуына жол көрсетуіміз қажет. Біздің балабақшада өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту, олардың білім мен тәрбиені қатар алуына жағдай жасау – басты мақсатымыз. Бүгінгі шара – сол еңбектің бір көрінісі. Баршаңызға мерекелік көңіл күй, сәттілік және игі бастамаларыңызға береке тілеймін! — деді өз сөзінде балабақша меңгерушісі  Альфида Аманжоловна ханым.

Семинардың теориялық бөлімін балабақшаның әдіскері Багила Кузембаева өткізді.
Біз балабақшада ата-аналармен жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілетініне куә болдық. Әкелер мектебі аясында әкелер ұлдарына қамшы өруді үйретсе, аналары қыздарымен бірлесе отырып киіз басты.
Балабақша – балаға тәрбие мен білім беретін алтын ұя. Бірақ сол ұяның жылуы мен берекесі тек тәрбиешілердің еңбегімен ғана емес, ата-ананың қолдауымен, олардың бала тәрбиесіне деген белсенді қатысуымен арта түседі.

Әкелер мектебі – тәрбие мен жауапкершілік мектебі
Әке – отбасының тірегі, қорғаны. Оның сөзі – ұлағат, ісі – өнеге. Әкелер мектебі – әкелердің бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыратын, олардың отбасындағы рөлін айқындайтын ерекше орталық. Бұл мектептің мақсаты – әкелерді бала тәрбиесіне тереңірек араластырып, олардың жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру. Ұрпақ тәрбиесі – уақыт күтпейтін, аса маңызды іс. Аналар мектебі мен Әкелер мектебі осы жолда ата-аналарға бағыт-бағдар беріп, олардың бала тәрбиесіне саналы түрде қарауына ықпал ететін тәрбиелік алаң екені анық.

Семинар барысында тәрбиеленушілерінің өнеріне тәнті болдық. Олар келген қонақтардың сүйіспеншілігі мен ықыласына бөленді.
Әрбір ән мен би олардың Отанға деген үлкен махаббатты ұғынып өсіп келе жатқанын жеткізгендей болды.
«Атамекен» әні арқылы балабақша ұжымы елге, жерге деген сүйіспеншілікті тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Семинарға қатысушы педагогтар балабақша ұжымының еңбегін жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді. Олар тәрбиеленушілердің өнеріне, шараның мазмұнына және ұжымның ұйымшылдығына тәнті болды. Жылы лебіздер мен алғыс сөздер балабақша ұжымы үшін үлкен қуаныш пен шабыт сыйлады. Мұндай қолдау алдағы уақытта да шығармашылықпен әрі ынтымақпен жұмыс істеуге серпін берері сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда №88 бөбекжай-балабақшасының ұжымы мен тәрбиеленушілері “алақандай жүректеріне Отанға деген Алатаудай махаббаттарын” сыйдыра алды.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*