Home » статьи » Ата заңмен – кемел болашаққа 

Ата заңмен – кемел болашаққа 

Жарылкапов Бактияр Усенұлы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
тарих пәнінің мұғалімі

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы – өскелең ұрпақтың азаматтығы мен отансүйгіштіктің негізі» атты форум өтті. Қазақстандық жас патриоттар академиясы 21.02.2025 күні Қазақстан Республикасының барлық аймағының балалары мен жасөспірімдерін онлайн форматта біріктірген онлайн-кездесуде бас қосты. Іс-шара – Қазақстан Республикасының Конституциясы – өскелең ұрпақтың азаматтығы мен патриотизм тақырыбында мәселе көтеріп, жастарға патриоттық рухта тәрбиеленулерінің маңыздылығын дәріптеу болды. Онлайн-кездесу Алматы қаласы Білім басқармасының ШЖҚ «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының», «Балдәурен» РОСО және оның филиалдарының педагог қызметкерлерінің, «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» Қоғамдық бірлестігі филиалдарының жетекшілерінің, Қазақстандық жас патриоттар академиясының мүшелері – балалармен, ҚР қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда ұйымдастырылды. Қазақстандық жас патриоттар Академиясының төрайымы  Битуова Ділдәш Рысқұлбекқызы форумды ашып берсе, кеңестік және қазақстандық әскери қайраткер, генерал-майор Исенгулов Айтқали Ғұсманұлы сөз сөйлеп, жастарға Ата заңды құрметтей отырып, елдің тізгінін қашан да жоғары ұстау керектігін және ел болашағы жастардың қолында екенін ерекше атап айтты.

Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, сол дала за­ңының негізінде қабылданған бүгінгі күнгі заңдары­мыз өз қызметін мүлтіксіз атқаруда.
Әдет-ғұрып құқығы – құ­қық­тық жү­йенің тарихи тұң­ғыш түрі. Қазақтың дәстүр­лік құ­қығы дәстүрлік әдет-ғұрыпқа негізделген, соның негізінде қаланатын мате­риалдық әрі сот ісін жүргізу нормалары бар заң жиын­тығы еді.

Тәуке хан хандықты нығайтуға күш сала келе, бұл үшін мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесі қажет болды. Тәуке хан қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның Қасқа жолы» мен «Есім ханның Ескі жолын» негізге ала отырып, жаңа заң жүйесін жарыққа шығарды. «Қасым ханның Қасқа жолы», «Есім ханның Ескі жолы», «Жеті жарғы» бүгінде Қазақстан Республикасы­ның Конституциясымен сабақта­сып жатқандай.

Күлтөбенің басында Төле би, Қа­зыбек би, Әйтеке билер бас қосып, «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиын­тығын қабылдады. Халқымыздың ежелден заңға бағынған, тәртіпке бас иген ел болғанының бұл нақты айғағы.

БҰҰ-да 1989 жылдың 20-қарашасында Бала құқықтары туралы конвенция қабылданып, 1994 жылдың ақпан айында ҚР «Бала құқығы туралы конвенцияға» қол қойылған болатын. ҚР Бала құқықтары туралы 2002 жылы 8 тамыздағы заңының
8-бабында әрбір баланың денсаулығын сақтауға,
9-бапта туған сәтінен бастап өзінің азаматтық құқығына ие болуға,
10-бапта өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және өміріне қол сұғылмауына, 11-бапта сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмірге араласуға, 15-бап бойынша білім алуға құқығы бары айтылған.

Осы заңдар негізінде мектепішілік жарғы құрылып, мектеп ережесін бекітіп, білім ордасында оқушыға жүріп-тұру қағидасын, қауіпсіз ортаны, еркін білім алуды қалыптастырады.

Мектебіміздегі өзін-өзі басқару ұйымының негізгі мақсаты – оқушылардың мектепті басқаруға қатысу құқықтарын жүзеге асыру, жарқын ұйымдастырушылық қасиеттері бар жеке тұлғаны тәрбиелеу, өз бетімен шешім қабылдай алатын, жауапты және тәртіпті, дербес таңдау жасауға дайын, белсенді өмірлік ұстанымы қалыптасқан қабілетті көшбасшы тәрбиелеу болып табылады. Ұйымдастырылатын шаралардың негізгі бағыттары спорт, әлеуметтік жұмыс, мәдени, жауапкершілікті арттыруға негізделген. Ұйым құрамындағы әрбір оқушы өз бағытының үздігі. Жұмыс жасау барысында біз оқушылардың мүдделерін қорғап, ойларын ескереміз. Мектеп өмірінің қызықты, әрі әсерлі өтуі өзін- өзі басқару ұйымының белсенді жұмыс жасауына тікелей байланысты.

Буллинг профилактикасының қағидалары 2022 жылы 15 тамызда бұйрық жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына жарияланғаны белгілі. Қазіргі таңда ақпараттық жүйе, ғаламтордың жылдам дамуы кибербуллингтің өрістеуіне себеп болып жатыр. Мектебіміз буллинг және кибербуллингтің алдын алу мақсатында құзырлы мекемелермен жиі етене жұмыс жасап, үлкен іс-шаралар атқарып, бала қауіпсіздігі үшін нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған Педагог мәртебесі заңы әрбір ұстаздың білім ордасындағы негізгі шынайы келбетін қалыптастыруда.Ұстаз тарапынан мұғалім этикасын сақтай отырып, оқушыға, ата-анаға қарым-қатынас жасалса, бұл әрекет әрине өз деңгейінде оң шешімін табатыны анық. Сондықтан да мектебімізде әкімшілік те, пән мұғалімдері де осы заңды негізге ала отырып, жұмыс атқаруда

Жоғарыда атап кеткендей, бала құқығы адам құқықтарының маңызды салаларының бірі. Бала құқығы барлық балалардың мүдделерін қорғауды, құрметтеуді қамтамасыз етеді және олардың денсаулығы, білімі, зорлық-зомбылықтан қорғалуының негізін құрайды. Мектебіміздің ұстаздары оқушы құқықтарын шәкірт бойына дарыта келе, кез келген қоғамдық ортада еркін өмір сүре алатын ұрпақ қалыптастыру жолында еңбектенуде.

Ұрпақ тәрбиесі – қоғам болашағы. Оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әр саналы азаматтың борышы. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – әуелі бесігіңді түзе» десе, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан атамыз болашаққа темірдей тәртіптің қажеттілігін біліп айтып кетті. Бала тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуы, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты.

Ата – ана мен мұғалімнің нәтижелі еңбегі бала өміріне үлкен өзгрістер енгізіп, оны жақсы жақтарға жетелері анық. Сондықтан да қазіргі таңда болашақ жасөспірімдердің алғыр да, зерек болып өсуі үшін – «Жаман бала болмайды, оның жақсы қасиетін тани білейік» дегім келеді.

Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ең тиімді жолы мектеп пен отбасының өзара бірлесіп жұмыс жасауы. Ата заңымыздың аясында ұрпақтың саналы да тәлімді болуы жолында мектеп пен ата-ананың атқарар қызметі орасан зор. Олай болса, осы жолда ұрпақтың патриот, рухы биік, Қазақстанды құрметтейтін, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптейтін ұрпақ болуы жолында, Ата заңымызды ұстана отырып, алға адымдайық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*