Бала өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – мектеп табалдырығын аттау. Бұл сәт – олардың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы, жаңа білім мен таным әлеміне ашылған есік. Осы орайда 2025 жылдың сәуір айында Алматы қаласы, Наурызбай ауданына қарасты КМҚК “№184 бөбекжай-балабақшасының” “Айгөлек” және “Бәйшешек” мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері үшін ерекше күндердің бірі болды. Олар №200 мектеп-гимназиясына арнайы барып, болашақ білім ордасымен жақын танысып қайтты.
Балалар мектеп ауласынан бастап-ақ ерекше әсер алды. Олар үшін мектеп – үлкендердің мекені, қызыққа толы жаңа әлем. Балабақша тәрбиеленушілерін №200 мектеп-гимназиясының ұжымы ерекше ықыласпен, жылы жүзбен қарсы алды. Бұл – бала жүрегіне сенім ұялатқан сәттердің бірі болды. Мектептің жарық дәліздерімен жүріп өткен бүлдіршіндер түрлі кабинеттерді тамашалады. Информатика залы, музыка бөлмесі, спорт залы мен бай кітапхана – әрқайсысы кішкентайлар үшін таңғажайып жаңалық болды. Балаларға мектепте қандай пәндер өтетіні, қалай үйренетіні жайлы қызықты ақпараттар ұсынылып, мұғалімдер тарапынан танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білімнің арасындағы сабақтастық – бүгінгі таңда маңызды бағыттардың бірі. №184 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері мен №200 мектеп-гимназиясының ұстаздары осы бағытта бірлесе еңбек етіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында жұмыла жұмыс істеп келеді. Осындай тәжірибелік кездесулер балабақшадағы бүлдіршіндерге үлкен әсер етіп, мектепке деген қызығушылығын арттырады.
Бала жүрегіне жол тауып, оларға сенім сыйлап, мектепке деген жылы көзқарас қалыптастыруда №200 мектеп-гимназиясы ұжымының еңбегі зор. Ерекше ықыласпен қарсы алғандары үшін ата-аналар мен балабақша ұжымы атынан мектеп әкімшілігіне және осындай іс-шараның ұйытқысы болған Айнұр Нұрымқызына және директордың тәрбие жөнінде орынбасары- Рахманбердиев Ердос Санатович,
директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары-Жумаканова Маншүк Жексембаевнаға алғыс білдіреміз.
Бұл кездесу – тек танымдық шара ғана емес, сонымен қатар балабақша мен мектеп арасындағы ынтымақтастықтың тамаша көрінісі. Осындай ізгі байланыстар жас ұрпақтың болашағы жарқын, рухани бай болып қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№184 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Алиакбарова Жанна Абдуллаевна