Home » Новости » РОБОТОТЕХНИКА – БОЛАШАҚ, БҮГІНГІ БАСТАМА

РОБОТОТЕХНИКА – БОЛАШАҚ, БҮГІНГІ БАСТАМА

Алматы қаласы, Медеу аудандық
№109 балабақшада алғаш рет педагог
Пославская Яна Анатольевнаның
робототехника бойынша авторлық бағдарламасының тұсаукесеріне арналған айтулы шара өтті. Бұл шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының жылдық жоспары бойынша Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Семинарда қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері
Раимова Л.М., аудандық білім бөлімінің басшысы А.О.Нұралиева, Медеу аудандық мектепке дейінгі білім бөлімінің маманы және Алматы қаласындағы мемлекеттік мектепкедейінгі ұйымдардың педагогтары қатысты.

Бұл семинардың мақсаты – мемлекеттікмектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарын оқу үдерісінде Botley роботының мүмкіндіктерімен таныстыру, сондай-ақ оларды мектепке дейінгі балалар үшін қызықты және тиімді робототехника әрекеттерін жасауға үйрету.

Мектепке дейінгі білім беру саласының бас­ты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдіс­терін енгізу.  Әрине, бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да бай­ланыс­ты.
Ал №109 балабақша ұжымы бұл міндетті жақсы атқарып отыр десек қателеспейміз. Себебі балалар педогогтармен бірге робототехниканың қыр-сырын толық меңгерген және меңгеріп жатыр.

Балабақша ұжымы робототехникамен бес жылдың көлемінде айналысып келе жатыр. Балабақша педагогы
Пославская Яна Анатольевна
осы саланың халықаралық деңгейдегі тренері және осы саланы оқып, сертификат алған. Қазіргі таңда балабақшада балалармен робототехника саласы бойынша толыққанды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Нәтиже де жоқ емес. Балабақша робототехника саласы бойынша бірнеше жарыстарда жүлделі орындар мен сертификаттар, кубоктар жеңіп алған екен. Бұл — балалардың, жетекшінің, ұжымның бірлігі, еңбегінің жемісі.

№109 бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері ұлттық құндылықты ұлықтаған, заман талабынан қалмай алға қарай ілесіп келе жатыр. Балабақша ұжымына ата-аналар да дән риза екенін байқадық.
— Бұл бастама өте жақсы болды. Робототехника балаларға қажет деп ойлаймын. Себебі балалар заман талабына сай дамып, жетілу керек. Бұндай пән әрбір балабақшада болса екен деген пікірдемін. Біздің балаларға өте қажет нәрсе. Бүлдіршіндеріміз жетіле берсін. Басшылыққа рахмет айтқым келеді, — дейді өз ойымен бөліскен ата-аналар.

«Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек», – дейді Мағжан Жұмабаев. Даналық ой бүгінгі күнгі білімді ұрпаққа қаратылып айтылғаны көрініп тұр. Өйткені, елдің ертеңгі тірегі – бүгінгі тәрбиеленіп отырған бүлдіршіндер. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Отбасының да, бала-бақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заманталабына сай ұрпақ тәрбиелеу.
Осындай жұмысқа ұйытқы болып отырған балабақша қызметкерлерінің бөлісетін мақсаттар мен міндеттері ортақ.

Медеу ауданының №109 бөбекжай-балабақшасында өткен бұл шарадан келген қонақтар білім қоржындарын толықтырып қайтты.
Педагог Пославская Яна Анатольевнаның
білімділігі мен ізденімпаздығы әріптестеріне үлгі боларлықтай, өз ісін сүю деген осындай болу керек деген ой түйіп қайттық.
Ал педагогтарын қанаттандырып, жарқын бастамаларының қолдаушысы болып отырған балабақша меңгерушісі Курмамбаева Орынбасар Мекибаевнаның еңбегін атап өтпеске болмас. Көп жылдан білім саласында қызмет етіп, қаншама балапанды ұясынан ұшырған, ұжымына үлгі болып отырған Орынбасар Мекибаевнаның алдағы бастамаларына сәттілік тілейміз!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, балаларымыз бақытты болсын!

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*