Home » Новости » Тәуелсіздік–басты игілік, баға жетпес құндылық!

Тәуелсіздік–басты игілік, баға жетпес құндылық!


Ұланғайыр Қазақтың қасиетті даласы, топырағында аталарымыздың тұлпарының тұяғының дүбірі, ақ жаулықты аналарымыздың ақ тілегінің күбірі қалған–КИЕЛІ МЕКЕН! Елдің, ел болып қалыптасуында ТӘУЕЛСІЗ болу басты игілік, баға жетпес құндылық екені сөзсіз. Аққан қанмен төккен тердің арқасында келген тәуелсіздігіміздің бағасы мен құнын, бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп, көкейіне түйіп, қадірлеп өсуі керек.

Бүгін Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты №100 ЖББ мектепте «Тәуелсіздік–басты игілік, баға жетпес құндылық!» атты аудандық семинар өтті.
Іс–шараға: «Patriot–1986» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Смағұлов Асан Тоқтарханұлы.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Стамбаева Майгүл Абеновна.
Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Нұралиева Ақнұр Оразхановна. Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми–әдістемелік орталығының» әдіскері Қазиева Назгүл Алдабергеновна қатысты.
Семинар шымылдығын ашқан мектеп директоры Қалынбаева Қарлығаш Нұрғазықызы өз сөзінде: Құндылық дегеніміз–баға жетпес қазына. Ұлт үшін күресіп жүріп, ұлттық құндылықтарымызды қазіргі бейбіт заманымызға дейін жоғалтып алмай, сақтап, ұрпақтан–ұрпаққа мұра етіп қалдырған ата–бабаларымызға қанша алғыс айтсақ та аз болатыны сөзсіз. Қазір біз еңсесі биік, өзінің заңы, тілі, бағыты бар, мақсаты айқын айбынды мемлекетпіз, бақытты ұрпақпыз, өйткені ата–бабаларымыз бейбіт өмірмен қатар ұрпағы, біз үшін қалдырған қазынаға бай кең байтақ жері, ана тілі, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүрі бар елміз. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігін нығайту мен құндылықтарын сақтау біздің басты міндетіміз деп білемін. Құрметті қонақтар, әріптестер, оқушылар! Сіздерді 16–шы желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтай отырып отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік, болашағымыз жарқын болсын,–деді Қарлығаш Нұрғазықызы.

Күмбірлеген күйдің ырғағымен мың бұрала билеген бүлдіршіндер, әуезді әнін арнаған ұстаздар мен мектептің әнші балапандары келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетті.
«Әу» демейтін қазақтың жоғы белгілі, жанды дауыста ұстаздардың әуелете шырқаған әні әсерлі шықты, шымырлатып бойды алды, айтып тұрған әндерінің мәні мен мағынасын түсініп, бойына сіңіре білгені көрініп, естіліп тұрды.
Бүгінгі семинардың басқа іс–шаралардан өзгешелігі Төле бидің өмірінен алынған қысқаша сахналық қойылымда болды.
«Тура биде туған жоқ»,–демекші, шебер шешендігімен елге қызмет атқарып, туралықпен төрелігін кесіп айтқан Төле бидің дуалы аузынан шыққан әрбір сөзі ел аузында. Төленің төрелігі мен парасаттылығы, шешендік өнері мен даналығы жас ұрпаққа үлгі. Тәуелсіздікті әріден қозғауды жөн көрген мектеп ұжымының бұл шешімі, шыныменде оң болды,- деп білемін.

Сөз кезегін алған «Patriot–1986» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Смағұлов Асан Тоқтарханұлы.
Мектеп ұжымына алғысын айтып, жас ұрпаққа берілетін тәлім мен тәрбиенің, мәні мен мағынасы зор болса екен деп тіледі.
Халқымыздың тілін, тарихын, ұлттық дәстүрін, ата-салтын ұмыта бастаған бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуге ат салысу жалпы ұлтымыздың міндеті, деді.
Ал, аналық тілегімен жылы жүзінен мейірім төгілген, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Стамбаева Майгүл Абеновна бүгінгі ұрпаққа бақыт пен бақ, береке тіледі. Кең байтақ қазақ жерінде еркін еліміздің еңсесі биік, босағасы берік, ел іргесі тыныш, аспаны ашық, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мемлекетіміз ғұмырлы болсын,-деді.
Қазақ осы — ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады–деп ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай. Келген қонағына сый-құрметті аямаған қазақтың дәстүрінен жаңылмай Қарлығаш Нұрғазықызы да келген қонақтарына шапан жауып, орамал тақты. Көрген адам көрегендігін жасайды, бұл да ұстаздың оқушыларына беріп отырған үлкен өнегесі деп білдім, бұл құрметті көріп өскен ұл мен қыздың ізетті ұрпақ болары анық.

«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» дейді алаштың арысы, ағартушы ақын Мағжан Жұмабаев. Ендеше егеменді еліміздің ертеңі өскелең жас ұрпағымызды ұлтжанды, тәрбиелі, мәдениетті, саналы, рухани білімді етіп тәрбиелеуге ел болып атсалысқанымыз жөн.
Еңселі елдің тәуелсіздік күні құтты, ұрпағы білімді рухымен мықты болсын.
Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты №100 ЖББ мектеп ұжымымен мектеп директоры Қалынбаева Қарлығаш Нұрғазықызына бүгінгі керемет ойлы кеш үшін алғыс айтып, жүзеге асырып жатқан әрбір іс–шараларына толағай табыс тіледім!

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Назира Сұлтанмұратқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*