Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған, қанды жол, қатерлі өткелмен келген Тәуелсіздігімізге – 33 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 38 жыл. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан адамға белгілі ғой, қазақ еліне Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ал бүгінгі Тәуелсіздігіміздің болашағын болжаған тарихи оқиға осы – Желтоқсан оқиғасы емес пе? Желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс. Осы мақсатпен Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп -лицейінде үстіміздегі жылдың 13 желтоқсан күні желтоқсан оқиғасына қатысушылармен «Желтоқсан- елімнің болашағын болжаған тарихи оқиға атты кездесу кеші өткізілді. Кештің ерекшелігі Желтоқсан оқиғасын көзімен көрген желтоқсаншы «Патриот» қоғамдық қорының төрағасы Смағұлов Асан Тоқтарханұлы мен Телқараев Қалибек Нұргазыұлы ағаларымыздың ортамызда болуы оқушыларға ерекше әсер етті.
«Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын»- деп азаттықтықты аңсаған,
сол жолда аянбай қызмет еткен алаш арыстарының барлығы да қуғын – сүргінге ұшырап, Сталиндік қызыл террордың құрбандары болды. Сол алаш қайраткерлерінің азаттық идеясын жалғастырған, қыршын кеткен арыстардың аманатын арқалаған кейінгі толқын іні – қарындастары 1986 жылдың желтоқсанында тәуелсіздік үшін күресе білді.
Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қандастарымызды естен шығару мүмкін бе? Олардың жүректі үні, ел намысын қорғаған ерліктері мәңгі өшпейді деп, ұстаздар мен оқушылар желтоқсан оқиғасына қатысқан ардақты азаматтарымызды 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.
Тағылымды іс-шараны Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп -лицей директоры Достанова Роза Зияханқызы ашып, кешке жиналғандарға жолдаған құттықтауын жеткізді.
– Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 33 жыл, Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген отандастарымызды ортақ мерекемізбен құттықтаймын! Ұрпақтарымыздың ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата-бабаларымыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін!-деп, Тәуелсіздіктің бастауына айналған оқиғаның маңызы турасында әңгімеледі.
Кездесуде желтоқсаншылар өз естеліктерімен бөлісіп, оқушылар ойларында жүрген сұрақтарын қойып, желтоқсанға қатысушылардың ойларына сол ызғарлы желтоқсанда болған сәтті қайта түсіргендей болды.
Кеш барысында жетіген аспабында 6 «Б» сынып оқушысы Баймурзина Баянның орындауындағы «Кербез қыз» күйі,
5 «Ә» сынып оқушысы Батырбекұлы Нұрасылдың орындауында «Адай» күйі, 2 «Б» сынып оқушыларының орындауында «Батырлар ұраны» флешмоб биі, мектебіміздің ұстазы Г. Абзалқызының орындауындағы «Желтоқсан желі» әні көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Туған халқымыздың тарихын, батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз жырлап келеді. Сол жырларды жаттап, көкейге түйіп, елімізге лайықты азамат болып өсуге міндеттіміз, басқаша болуға біздің құқығымыз жоқ, бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті, жанын қиды. Сол батырларымыздың армандаған ұрпағы білімді, дені сау Отанымыздың лайықты ұл-қызы болып өсуі қажет.
Апа — ағаларымыздың қайталанбас ерлігіне тағзым етеміз деп, 10 сынып оқушылары «Қайсар рухты Қайрат» атты қойылымында кеш қонақтарын ерекше бір әсерге бөлеп, Серік Жантуар, Қаралас Темірхан, Алимбаева Мөлдір, Нұрланов Алидар, Нышан Нұртөре, Сейділда Санжар өздеріне берілген рөлдерді ерекше орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, «Қайсар рухты Қайраттың» рөліндегі Серік Жантуардың
-Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 1986 жылғы 18 желтоқсан күні алаңға бардым, Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Ол жерге барған себебім, біріншіден, алаңда не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым жібермеді. Мен саны бар сапасы жоқ намыссыз азамат емеспін, құдайға шүкiршiлiк, менiң өр кеудемде ерге лайық намыс баршылық!
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең, алыңдар.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар!»
Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!- деген өр рухты дауысы желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ұмытылмастай шерлі, зарлы аманатын ұрпаққа мирас еткендей.
Дәл осынау тәуелсіздіктің таңын атқызуға арқау болған Желтоқсан оқиғасынан кейін арада 5 жыл өткенде, 1991 жылдың 16 желтоқсан күні қазақ елі шынайы тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік біздің басымызға қонған бақ. Бұл оңайлықпен келген арзан бақыт емес. Бұл- Тәуелсіздік Сырым Датұлы, Кененсары, Исатай, Махамбет, Аманкелді Иманұлы, Қайрат Рұсқұлбеков сияқты ардақты ұл- қыздарының төгілген қаны мен терінің нәтижесінде келген еркіндік.
Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын!
Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейдің
тарих пәнінің мұғалімі, зерттеуші-педагог
Иембердиева Құралай Рысбайқызы