Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №147 бөбекжай-балабақшасында “Ертегілер елінде” тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинарға Түрксіб ауданы білім бөлімінің басшысы Жылкышина Ж.К, Түрксіб ауданы білім бөлімінің бас маманы Доскиева М.Н, Түрксіб ауданы “Ұстаз” кәсіподақ ұйымының төрайы Бакторазова Б.З, Түрксіб ауданы мобильді топ құрамы КМҚК “№121 бөбекжай-балабақшасы” меңгерушісі Қолдабаева Ш.О және де Түрксіб ауданының мектепке дейінгі ұйымдарының тәрбиешілері қонақ болды.
Семинар №147 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Бейсебекова Гулайм Жумабайқызының алғы сөзімен ашылды.
—Бүгінгі басқосуымыз – кәсіби шеберлігімізді арттырып, тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Білім мен тәрбие сапасын жетілдіру – әр педагогтің басты мақсаты, ал мұндай семинарлар осы жолда маңызды рөл атқарады. Бірлесе жұмыс істеп, жаңа идеялар мен тиімді әдістерді талқылай отырып, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруге үлес қосамыз деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, жемісті жұмыс тілеймін! — деді балабақша меңгерушісі Гулайм Жумабайқызы.
Семинарға келген қонақтар №147 бөбекжай-балабақшасының ішкі тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымның шығармашылық және жаңашылдыққа деген ұмтылысын жоғары бағалады. Балабақша ішіне жасаған ерекше саяхат барысында олар робототехника кабинеті, тұзды бөлме, ертегілер театры, интерактивті дамыту орталықтары және тағы басқа заманауи алаңдардың бар екеніне куә болды.
Робототехника кабинеті балалардың техникалық ойлауын дамытуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл жерде кішкентай зерттеушілер түрлі механизмдерді құрастырып, логикалық қабілеттерін шыңдайды. Тұзды бөлме – баланың денсаулығын нығайтып, тыныс алу жолдарын жақсартуға арналған ерекше кеңістік. Ал ертегілер театры бүлдіршіндердің шығармашылығын дамытып, оларды сиқырлы әлемге жетелейтін ғажайып орынға айналған.
Балабақша ұжымы балаларға жан-жақты білім берумен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, денсаулығын нығайтуға барынша жағдай жасап келеді. Қонақтар заманауи технология мен ұлттық тәрбиені үйлестіре отырып жұмыс істеп жатқан ұжымның еңбегіне жоғары баға берді. Мұндай ортасы бар балабақша – әр баланың арманы десек, артық айтқандық емес!
Семинар барысында бүлдіршіндер өз өнерлері мен қабілеттерін жан-жақты танытуға мүмкіндік алды.
«Тұлпар» мектепалды тобы «Біз өнерлі баламыз» шығармашылық жобасы арқылы өздерінің қиялы мен өнерге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Балалардың сурет салу, мүсіндеу, қолөнер жасау және басқа да шығармашылық бағыттардағы жетістіктері көрермендерді таңғалдырды.
Ал «Ұлан» мектепалды тобы «Жайлауға саяхат» қойылымы арқылы әлеуметтік-эмоционалды дағдыларынпаш етті. Балалар сахнада бір-бірімен қарым-қатынас жасаудың, достық пен жанашырлықтың маңызын көрсете отырып, ұлттық дәстүрлер мен табиғаттың әсемдігін тамаша жеткізді.
«Ананың балаға деген мейірімі» атты көлеңке театры көрермендерді ана махаббатының шексіздігіне терең бойлатты. Педагогтар мен балалардың үйлесімді ойыны арқылы қойылым ерекше сезім сыйлап, жүректерге жылулық ұялатты.
«Ұлан» мектепалды тобының «Абай мектебі» қойылымы бала тәрбиесіндегі ұлы ойшылдың өнегелі жолын дәріптеді. Балалар Абайдың нақыл сөздерін сахналық көріністер арқылы жеткізіп, оның білім мен тәрбиедегі рөлін айқындай түсті.
Ал «Алтын сақа» ертегісінің музыкалық қойылымы көрермендерді ертегі әлеміне жетеледі. Балалар мен педагогтар ертегіні әсерлі әрі көңілді жеткізіп, жас көрермендерді қуантты.
Шара соңында педагогтар “Домбыра” әнін шырқап, ұлттық өнердің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айқындады. Балабақшадағы бұл қойылымдар бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды.
Семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырған балабақша ұжымына, сондай-ақ ұжымның білікті басшысы Бейсебекова Гулайм Жумабайқызы және әдістемелік жұмысты шебер үйлестірген әдіскер Шаханова Назерке Мейрбекқызы ерекше алғысымызды білдіреміз. Олардың кәсіби біліктілігі, жаңашылдығы мен шығармашылық көзқарасы бұл іс-шараның табысты өтуіне зор үлес қосты. Олардың балабақшадағы тәрбиелік жұмысты жүйелі жолға қоюы, бала дамуына қолайлы орта қалыптастыруы – үлкен еңбектің нәтижесі.
Балабақшаларымыз жайлы, балаларымыз бақытты болсын!
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы