Home » Новости » Жырмен өрілген жүздесу

Жырмен өрілген жүздесу

Бүгін Алматы қаласы, Әуезов ауданына қарасты
№57 бөбекжай-балабақшасында ерекше бір рухани кеш өтті. Ақын, сазгер Ясира Заханқызымен өткен бұл жүздесу балғын бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары үшін ұмытылмас әсер қалдырды.
Бұл мағыналы кездесулердің алғашқысы да, соңғысы да емес, бірақ әрбірі өзінше ерекше.

Қазақтың көркем сөз өнерін насихаттаушы ақынмен жүздесу – үлкен тәрбие мен тағылымның бастауы десек, қателеспейміз.
Балабақша ұжымы ұйымдастырған бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ұлттық әдебиет пен саз өнерінің құндылығын сіңіру, өлең мен әннің маңызын түсіндіру болды. Жиын барысында

тәрбиеленушілер ақынның жүрекжарды өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін көрсетті. Ал ата-аналар мен балабақша тәрбиешілері ақын шығармашылығына қатысты қызықты сұрақтар қойып, әсерлі әңгіме өрбітті. Кездесудің көркін ашқан Ясира ханымның сазды әуендері тыңдарман жүрегіне жылы шуақ сыйлады.


Кеш барысында тәрбиеленушілер ақын өлеңдерінен шабыт алып, өздері де өлеңдер оқып, кішкентай жүректеріндегі ақындық ұшқынды байқатты. Балаларға арналған өлеңдер мен әуендер олардың көңілінен шыққаны анық. Жас ұрпақтың санасына қазақтың қара өлеңін, мәні терең жырларын сіңіру – қашанда маңызды міндет.
Балабақша ұжымы қашан да тәлім-тәрбиеге, өнер мен білімге жақын.

Іс-шаралар өткізуге төселген тәрбиешілер бүлдіршіндерге ұлттың асыл мұрасын дәріптеуге әрдайым асық.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан балабақша меңгерушісі Бельгибаева Гульнар Айтбаевнаға, әдіскер мен ұжымға алғысымыз шексіз. Олар ұйымдастырған бұл кездесу тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол рухани азық сыйлаған ерекше кеш болды. «Өнер – ұлттың жаны» десек, осындай рухани шаралар балалардың өнер мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятары сөзсіз. Ұлттық құндылықты ұлықтаған кештің әр сәті естен кетпес естелікке айналды. Ақынның әр өлеңі – өмірдің айнасы, жүректің сырлы үні. Осындай мәнді кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таба берсін!
Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың санасына ұлттық рухты сіңіріп, олардың жүрегіне ізгілік пен жақсылық дәнін себері анық.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*