Тәуелсіздік – халқымыздың еркіндігі мен егемендігін паш ететін ұлы құндылық.
Осы құндылықтың қадірі мен қасиетін түсіну мақсатында №146 бөбекжай-балабақшасымызда «Тәуелсіздік тұғырым» атты ұйымдастырылған іс-шарамыз өтті.
Бүлдіршіндеріміз тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатыр. Өмірлерің мәнді де, сәнді болсын, аспанымызды бұлт шалмасын деген игі тілекпен Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты ертеңгіліктеріміздің шымылдығы түрілді. Тәрбиеленушілер ән айтып, би билеп қана қоймай, Рәміздеріміз туралы айтты.
Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген күйіне қыздарымыз мың бұралы би биледі.
Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бір ұлтты басқа ұлттан даралайтын — оның ұлттық құндылықтары, яғни, әдеби мұрасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, өнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана, жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек. Тәрбиеленушілер киіз басып, ою-өрнектерді қолдана отырып қолөнер бұйымдарын да жасады.
Мектепалды “Еркемай”, “Жұлдыз” топтары бұл күнге ерекше дайындалып, жадыда сақталардай өткізді.
Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің маңызы қашан да зор болмақ. «Толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың қанымен, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарымен, аналарымыздың көз жасымен жеткен Тәуелсіздікті әрқашан қастерлей білуге тиіспіз. Бұл — біздің азаматтық парызымыз бен борышымыз. Көк байрағымыз лайым бейбіт аспан астында желбіреп тұрсын! Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі болсын!
Алматы қаласы
№146 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Карлыгаш Кагазбековна