Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 33 жыл.
Отыз үш жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды.
Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Тәуелсіздік деген тәтті ұғымды тәрбиеленушілер бойына ұғындыру мақсатында Алматы қаласы, Әуезов ауданы, №190 бөбекжай — балабақшамызда «Тәуелсіз елдің ұланымыз!» атты ұйымдастырылған іс-шара өтті. Тәрбиеленушілерімізге ізгі ниет, ақ тілегін айтуға желтоқсаншы апамыз Қожаханова Эльмира Тұрысбекқызы келді. Тәрбиеленушілердің таза, сәби жүрегі де бұл күннің маңызын бар болмысымен түсінгендей.
Эльмира Тұрысбекқызы тәрбиеленушілерге Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сияқты ата-апалары туралы айта кетті. Бұл күннің балалар жадында сақталары анық.
Тәрбиеленушілер болса әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Ұлттық ойындарымызды ойнап, ұлттық тағамдарымыз туралы айтты.
Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, Отанды қастерлеп өту әрбір ұрпақтың міндеті. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Ендеше, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын.
Жақсы күндер де жүздесе берейік!
Алматы қаласы, Әуезов ауданы
№190 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі
Мошекенова Айман Руслановна