Home » статьи » «Мектепке дейінгі ұйымдағы STEAM-технологиясы»

«Мектепке дейінгі ұйымдағы STEAM-технологиясы»

Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты № 45 бөбекжай – балабақшасында “Мектепке дейінгі ұйымдағы STEAM-технологиясы” тақырыбында қалалық семинар өтті.

«Бүгінгі семинарымызда  STEAM- технологиясының мектепке дейінгі ұйымда қолданылуымен танысып, баланың  толыққанды дамуындағы маңызына тоқталып, тәжірибе алмасамыз. STEAM-қазіргі заманғы білім беру жүйесіндегі жаңа технология. Ерекше маңызға ие, әртүрлі ғылымдардың: математика, жаратылыстану, технология, инженерлік, өнер-дизайн бағыттарында балаларды инновациялық дамытуда атқарар рөлі ерекше.

Біздің мақсатымыз — заманауи балалардың инновациялық  ойлау мен дағдыларын дамытуда білім беріп, үйренуге қызығушылықтарын арттыратын STEAM технологиясын жасау болып табылады. Олай болса бүгінгі тәжірибелік алаңға хош келдіңіздер!» — деді балабақша меңгерушісі Үміт Томпайқызы.

Жиынға Алматы қаласы білім басқарамасының «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы» бөлімінің басшысы  Тумаева Раушан Қабдолдаевна, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлері және педагогтері қатысты.

Семинардың алғашқы бөлімінде жиналғандар балабақшаға экскурсия жасап, одан әрі тәрбиешілер Бакиева Ұлбосын Абзиевна  және Орынтай Ализаның жетекшілік ететін кіші «Балапан» тобының кіріктірілген іс-әрекетін тамашалады .  Іс-әрекетті ұйымдастыруда жан-жануарлар мекені, төрт мезгіл, түрлі пішіндер мен түстерді көрсете отырып, оларды ажырата білу, саусақ моторикасын дамытуға аса мән беретінін атап өту керек.  2 жастан асқан балалар “Аю” ертегісінің кейіпкерлеріне еніп ойын ойнады.

Тәрбиеші Дүйсенбекова Аида Үсейнқызы және Кишанова Қуралайдың жетекшілігімен ортаңғы «Айгөлек» тобының балалары қонақтардың алдында өлеңдерін оқып, тақырыпқа орай керексіз заттарды өңдеп, оларға екінші өмір сыйлап, пайдалы зат жасау туралы да  айтып берді. Балалардың тақырыпты жақсы меңгергені, жан-жақты тәрбие мен білім алып жатқаны жауаптарынан-ақ байқалды.

Ересек «Тұлпар» тобының жетекшісі Айткулова Ардақ Джумаханова және Сатылганова Айжан театр бұрышы, ұлттық құндылықтар бұрышын ұйымдастырған екен. Ұлттық бағытқа басымдық берген бұл топ «Теңге алу» ойынын ойнап, келген қонақтарды тәнті етті.

Ал Алемсеитова Рахима және Мұқан Айзада тәрбиешілік ететін мектепалды  «Қарлығаш» тобының балалары шаттық шеңберін құрып, жылдың төрт мезгіліне мағлұмат беріп өтті. Сондай-ақ су асты тіршілік иелері жайлы таным-түсінігімен бөлісті.  Кішкентай бүлдіршіндер теңіз түбінде мекен ететін тіршілік иелерін жатқа айтып, әр қайсына жеке-жеке сипаттма бере отырып, теңіз жұлдызы, дельфин, теңіз шаяны, ас шаян т.б. туралы көптеген мәлімет білетіндерін көрсетті. Олар “балық” сөзін талдай отырып буынға бөліп, алдарындағы бұйымдардан балық бейнесін жасап шығарды. Олар балықты жұмыртқа қабығы мен қағазды пайдалана отырып жасады. Яғни пайдаланылған заттардан жаңа дүние жасап шығарды. Дайын болған балықтарын балалар кезекпен сарқырамаға жүзуге жіберді. Бірігіп  әдемі гүлді де жасап көрермендерге ұсынды. Осылайша «Қарлығаш» мектепалды тобының іс-әрекеті әсерлі ұйымдастырылды.

Балабақшада тек балалар мен ұжым ғана емес, балалардың дамуына ата-аналар да атсалысуда. STEAM- технологиясын ата-аналар да меңгерген.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыруда ата-аналар өз үлестерін қосып, ұршық иіру,  шаш өру, қамшы өру, сырмақ сыру сияқты тәрбиелік мәні бар дүниелерді балаларымен бірге жасап, «Өнегелі 15 минутты» сәтті өткізетініне куә болдым. Тіпті балабақшаның іс-шарасына қатысуда ата-аналар ұлттық нақыштағы киімдерін киіп жүруді әдетке айналдырған. Ұзын көйлекпен қамзол киіп, үкі таққан қыздарын қазақы құндылыққа бейімдеп жатқан көрініс көз тартарлық.

Үміт Томпайқызының идеясынан туындаған композиция бүгінгі семинардың көркін кіргізді. Композицияны шараға келген қонақтар өз қолдарымен жасап, семинар барысында талқылап, сипаттама берді. Бірнеше шебердің қолынан шыққан мәнді де сәнді дүниелер жиналғандар назарына ұсынылды. Бұл үрдісті жалғастыруға басқа да әріптестер ниет білдірді. Себебі балабақша дәлізінде жасалған «STEAM-дамытушы орта» балалардың да, ата-аналардың да, педагогтердің де шығармашылықтарын арттыратын ортасы болуда.

Семинар Үміт Томпайқызының тренингімен жалғасты. Семинарға қатысушы қонақтарға шарлар таратылды. Шарт бойынша әр адам шарды үрлеп, сыртына өз атын сурет арқылы бейнелеп салуы тиіс еді. Мысалы, Гүлнұр есімді жан гүл мен нұрдың суретін салды. Бұл ойынның мәні — әр адам өзін аша алуы керек, сонда ғана өмір саған құшағын айқара ашады. Осы сияқты бірнеше  мағыналы ойындар ойнатылды. Семинар соңында қатысушылар ізгі тілектері мен алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді. Қатысушылар тарапынан балабақшаның заттық дамытушы ортасын ары қарай дамытуға ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар қатысушылар келешекте тағылымы мол № 45 бөбекжай балабақшасынан аларымыз мол деп ризашылықтарын білдірді.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Жұлдыз Смаилова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*