Әдіскерлер сайысы: “ЭРУДИТ” зияткерлік ойыны
Білім – адамзаттың ең асыл құндылығы. Ал оны дамыту мен жетілдіру ұстаздардың, оның ішінде әдіскерлердің еншісінде. Осы орайда Алматы қаласының мектепке дейінгі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі ұйым әдіскерлері арасында “ЭРУДИТ” зияткерлік ойыны өтті. Бұл шара педагогикалық тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, әдіскерлердің білімі мен тапқырлығын сынауға арналған ерекше басқосу болды.
“ЭРУДИТ” зияткерлік ойыны – әдіскерлердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, білімділік деңгейін тереңдетуге бағытталған жарыс. Бұл сайыс қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, оларды жаңашылдыққа жетелеп, шығармашылық ізденіске баулиды.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылар мектепке дейінгі білім беру саласына қатысты түрлі сұрақтарға жауап беріп, әдістемелік мәселелер бойынша өз көзқарастарын ортаға салды. Сонымен қатар, ойын барысында балабақша тәрбиешілеріне әдістемелік қолдау көрсетуге байланысты түрлі жағдаяттар ұсынылып, олардан тиімді шешім табу талап етілді.
Зияткерлік ойынына Алматы қаласының әр ауданының балабақшаларынан келген тәжірибелі әдіскерлер қатысты. Олар өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеп, командалық рухтың маңыздылығын көрсетті.
Сайыс соңында әділқазылар алқасы қатысушылардың жауаптарын саралап, үздіктерді анықтады. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға арнайы марапаттар табыс етілді.
I Дәрежелі диплом және сыйлықпен — Жетісу ауданы КМҚК «№104 бөбекжай-балабақшасы» әдіскері Байчапанова Айгерим Алтаевна,
II Дәрежелі диплом және сыйлықпен -Түрксіб ауданы КМҚК «№147 бөбекжай-балабақшасы» әдіскері Шаханова Назерке Мейрбекқызы,
||| Дәрежелі диплом және сыйлықпен Алатау ауданы — КМҚК «№183 бөбекжай-балабақшасы» әдіскері Иманбекова Жазира Ораловна марапатталды. Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Сагынгалиев Дәурен Наурызбайұлы барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
Ойынға қатысқан барлық әдіскерлер өздерінің білімі мен тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік алғандарын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында әдіскерлерге өз әріптестері – балабақша ұжымдары үлкен қолдау көрсетті. Әр кезең арасында балабақша тәрбиешілері мен музыканттары ән айтып, би билеп, шараның көркін қыздырды. Осындай өнер көрсетулер жарыстың тартысты өтуіне ерекше реңк беріп, қатысушыларға рухани серпін сыйлады.
“ЭРУДИТ” ойынының жоғары деңгейде өтуі – әдістеме орталығы мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі. Олар жарыстың әділ әрі қызықты өтуіне бар күш-жігерін салып, әр тапсырманы мұқият әзірледі. Әдістеме орталығы мамандарының біліктілігі мен шығармашылық қабілеті қатысушылардың белсенділігін арттырып, ойынға ерекше серпін берді.
“ЭРУДИТ” зияткерлік ойыны – тек бәсекеге толы жарыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу алаңы, жаңа білім мен әдістемелік тәсілдерді меңгерудің бірегей мүмкіндігі болды. Осындай іс-шаралар мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға және әдіскерлердің кәсіби деңгейін нығайтуға өз үлесін қосары сөзсіз.
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы