Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының шуақты сәттерінің бірі – Көрісу күні. Бұл мейрам қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі болып, адамдардың бір-біріне ізет білдіріп, сыйластық пен татулықты нығайтатын ерекше күн. Осы орайда Әуезов ауданына қарасты №58 бөбекжай-балабақшасында Көрісу күні кең көлемде аталып өтті.
Балабақша ұжымы бүлдіршіндерге қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру мақсатында мерекелік шара ұйымдастырды. Таңертеңнен бастап балабақша іші ерекше мейірім мен қуанышқа толды.
Балалар мен тәрбиешілер ұлттық киім киіп, бір-біріне ізгі тілектерін арнап, төс қағыстырып, көрісу дәстүрін орындады.
Шара барысында балабақшаның тәрбиешілері бүлдіршіндерге Көрісу күнінің мәні мен маңызын түсіндіріп, оның тек амандасу ғана емес, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру екенін әңгімеледі. Бұл күннің басты мақсаты – адамдарды бір-біріне жақындастыру, реніш пен өкпені ұмытып, жүректерге жылулық сыйлау.
Балабақша ұжымы бүлдіршіндерге қазақтың ұлттық тағамдары – бауырсақ, құрт, қымыз, ірімшік ұсынып, олардың жасалу жолдары мен қасиеттерін түсіндірді. Балалар бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, «Бірлік түбі – береке» деген қанатты сөздің маңызын сезінді.
№58 бөбекжай-балабақшасында өткен бұл шара Көрісу күнінің тек дәстүрлі мереке емес, адамдарды жақындастыратын, ізгілікке үндейтін, ұлттық рухты көтеретін күн екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл игі шараның жоғары деңгейде өтуіне №58 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Мухаметрахимова Шаттык Абишевна мен әдіскер Исаева Салтанат Толегенованың еңбегі зор. Олар ұжыммен бірлесе отырып, бүлдіршіндерге ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау жолында аянбай еңбек етті.
Балабақшада Көрісу күнін ұйымдастыру барысында тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар өткізіліп, бүлдіршіндер халқымыздың асыл құндылықтарымен етене танысты. Осындай ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін мерекелер ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосары сөзсіз. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз! Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын осындай мерекелердің көп болуына тілектеспіз!
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы