«Инклюзивті ортада оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру» атты аудандық әдістемелік семинар
Алматы қаласы Білім басқармасының Түрксіб аудандық білім бөлімі және «№203 ЖББМ» КММ құзырет орталығының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 13 наурызында «Инклюзивті ортада оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру» атты аудандық әдістемелік семинар жоғары деңгейде өтті.
Семинарға аудан мектептерінің инклюзивті білім беру үдерісіне жетекшілік ететін директор орынбасарлары қатысты. Іс-шараның модераторы А.С. Юсупова қатысушыларды семинардың мақсаты мен міндеттерімен таныстырып, оның маңыздылығын ерекше атап өтті. Семинардың басты мақсаты – инклюзивті ортада оқу және тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастырудың озық тәсілдерін ұсыну және тәжірибе алмасу. Міндеттері – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін мейірімді әрі қолайлы оқу және тәрбие ортасын қалыптастыру, олардың сапалы білім алуына және қоғамға бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған әдістерді көрсету.
Семинарды №203 жалпы білім беретін мектептің директоры Р.С. Дайрбаева алғы сөзбен ашып, инклюзивті білім беру саласындағы мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтті. Іс-шара бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы, теориялық бөлімде спикерлер инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасады. Түрксіб аудандық инклюзивті білім беру саласының жетекшісі М.Ш. Алтынова «Инклюзивті ортада оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру» тақырыбында баяндамасын ұсынып, қатысушылардың назарын ерекше мәселелерге аударды. Сондай-ақ, №203 жалпы білім беретін мектептің педагог-психологы А.С. Юсупова «Инклюзивті білім беру процесін ұйымдастыру: теориядан практикаға» атты баяндамасында инклюзивті оқытудың психологиялық аспектілеріне тоқталса, арнайы педагог Д.Б. Муратова «Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға арналған білім беру бағдарламасын әзірлеу және оны жүзеге асыру» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Практикалық бөлімде қатысушылар мектептердегі инклюзивті оқыту тәжірибесінен нақты мысалдармен танысып, белсенді түрде пікір алмасып, сұрақ-жауап сессиялары мен тренингтерге қатысты. Бұл бөлімде мектеп директорларының орынбасарлары өзара тәжірибе бөлісіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін оқу мен тәрбие үдерісінде қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, білім беру ортасын жетілдіру және пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағытында тың ұсыныстар айтылып, оларды жүзеге асырудың нақты жолдары қарастырылды.
Семинар қорытындысында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, сертификаттар табыс етті. Қатысушылар инклюзивті білім берудің маңыздылығын ерекше атап, осындай мазмұнды әрі пайдалы семинардардың жиі өткізілуі қажеттігін баса айтты. Олар семинар барысында алынған жаңа білім мен тәжірибені өз мектептерінде тиімді қолдануға ниетті екендерін білдірді. Сонымен қатар, қатысушылар алдағы уақытта инклюзивті білім беру бағытында бірлескен жобалар ұйымдастырып, үздік тәжірибелерді ортаға салу қажеттігін атап өтті.
Атақты педагог Януш Корчактың: «Балаға құрметпен қарау – оның тұлға ретінде дамуына мүмкіндік беру» деген сөзін еске ала отырып, осы семинар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер жасау жолында маңызды бастама болғанын айқындай түсті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, білім беру жүйесінде инклюзивтілікті нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім мол. Аталған семинар инклюзивті білім беруді дамыту жолындағы маңызды әрі игілікті қадамдардың бірі ретінде есте қалды.
«№203 ЖББМ» КММ арнайы педагогы Д.Б.Муратова
«№203 ЖББМ» КММ оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары А. Мұралқан