Жас метеоролог

“Жас метеоролог” тақырыбындағы қалалық семинар

Алматы қаласы, Алмалы ауданы, КМҚК №6 бөбекжай-балабақшасында “Жас метеоролог” тақырыбында қалалық семинар өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттыру, табиғат құбылыстарын зерттеу арқылы ой-өрісін кеңейту және тәжірибе жасауға деген ынтасын дамыту болды.

Семинар балабақша меңгерушісі Оразалиева Зылиха Асылхановнаның өзінің алғы сөзімен ашылды.Өз сөзінде ол балабақшаның тарихына тоқталып, бүгінде төрт топтан тұратын қазақ балабақшасы ретінде балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып отырғанын ерекше атап өтті. Меңгеруші келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Одан кейін әдіскер Шопабаева Ақмарал Ансабекқызы метеорология тақырыбында мазмұнды презентация ұсынып, қатысушыларға ауа райын болжау негіздері мен метеорологиялық құбылыстар туралы қызықты мәліметтер берді.

Одан кейін “Күншуақ” тобының тәрбиешісі Молдашова Ақмарал Тулебаевна бүлдіршіндерімен бірге “Жас метеоролог” тақырыбында қызықты зерттеу жұмыстарын көрсетті. Сабақ балалармен жылы амандасудан басталып, тәрбиеші метеорология ғылымы — яғни ауа райын зерттейтін ғылым туралы түсіндіріп өтті. Балаларға ауа райының құбылыстары жайлы бейнеролик көрсетіліп, табиғаттағы өзгерістердің мәнін түсінуіне мүмкіндік берілді.

Балалар сергіту сәтінде ауа райының дыбысын тыңдап, соған сәйкес фотода бейнеленген ауа райы суреттерін сәйкестендірді. Мысалы, найзағайдың, жаңбырдың, желдің дыбыстарын тыңдап, өз ойларын айтып, дұрыс суретті таңдады. Бұл жаттығу балалардың есту, есте сақтау және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталды.

Зерттеу кезеңінде бүлдіршіндер бірінен соң бірі қызықты тәжірибелер орындады:

Бұлттың пайда болуын тәжірибе жүзінде бақылап, оның түзілуін көрнекі түрде көрсетті. Желдің бағытын анықтап, оны қалай байқауға болатынын тәжірибемен дәлелдеді. Жаңбырдың жауу үдерісін шағын тәжірибе арқылы түсіндірді. Кемпірқосақтың түстерін қант пен бояу пайдалану арқылы жасап, ерекше қызығушылық танытты.

Бұл тәжірибелер арқылы балалар табиғи құбылыстарды тек есту немесе көру арқылы ғана емес, өз қолымен жасап, тәжірибе арқылы түсінді. Бұл — баланың ойлау қабілетін арттырып, зерттеушілік дағдыларын дамытуда маңызды қадам болды.

Іс-шараның келесі бөлімінде музыка жетекшісі Бақтиярова Сандуғаш Бүркітқызы қонақтармен бірге сергіту жаттығуын ұйымдастырды. Қолдарына таяқша ұстап, музыка ырғағымен қағыспен соққы жасап, әуенмен бірге тамаша көңіл күйге бөленді.

Семинар соңында “Күншуақ” тобының бүлдіршіндері тамаша өнерлерін ортаға салды. Балалар әсем ән шырқап, қыздар ұршықпен ұлттық нақыштағы би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Пікір алмасу барысында келген қонақтар іс-шараның мазмұнына жоғары баға беріп, “Метеоролог” ұғымы мен ауа райы құбылыстары туралы көптеген тың мағлұмат алғандарын атап өтті.


Осындай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Оразалиева Зылиха Асылхановнаға, әдіскер Ақмарал Ансабекқызына, “Күншуақ” тобының тәрбиешісі Молдашова Ақмарал Тулебаевнаға, және барша балабақша ұжымына зор алғыс айғыс білдіреміз!

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *