Home » статьи » Желтоқсан батырларымен кездесу: Ұлттық рухты жаңғыртқан жиын

Желтоқсан батырларымен кездесу: Ұлттық рухты жаңғыртқан жиын

Ұлттық тарихымыздағы ұлы оқиғалардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі. Ол қазақ халқының еркіндікке ұмтылған асқақ рухының жарқын көрінісі ретінде ел жадында мәңгі сақталады. Осындай тарихи оқиғаларды дәріптеу, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында жақында Алматы қаласындағы «Мультимедиялық дәстүрлі музыка» орталығында №156 жалпы білім беретін мектептің оқушылары және мұғалімдерімен тағылымы мол кездесу өтті.


Бұл кездесуге Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары – әр саланың беделді өкілдері арнайы шақырылды. «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Желтоқсан оқиғасының куәгері Өмірбекова Роза Қалдыбекқызы жиынға қатысушыларға сол күндердің жүрек сыздатқан естеліктерін бөлісті. Өзінің өмір жолы арқылы жастарға шынайы патриотизмнің, елге деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын түсіндірді.

Сонымен қатар, кездесуге белгілі ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты және «Құрмет» орденінің иегері Қайырбеков Әділқазы Жақсылықұлы да қатысты. Ол Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызын тереңнен қозғай отырып, ұлт тарихындағы осы оқиғаның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне әсерін ашып көрсетті. Әділқазы Жақсылықұлының сөзінде елдік пен ерлікті дәріптеуге арналған өлең жолдары да оқылып, жиынға ерекше рух берді.

Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, «Компания Орда Шатыр» ЖШС кадр бөлімінің басшысы Медетова Света Серсембекқызының естеліктері де көпшіліктің көңілін толқытты. Ол сол күндердің ауыртпалығы мен батылдықтың нағыз үлгісін айта, көтерілістің мәнін аша отырып,  қазіргі қоғам жастарына ой тастап, батылдыққа, ғылым -білімге шақырды.

«Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, желтоқсаншы Тастекеев Жүрсін Құлбайұлы мен «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбек те өздерінің қайраткерлік жолдарын баяндап, бүгінгі ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін түсінуге шақырды.

Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мустафинова Гаухар ханым мен мұғалімдер Ахметкаримова Оралғайша, Адильшеева Сейсекүл, Бекжанова Арайлы және Сатоболд Қулаиханның ұйымдастыруымен өткен бұл кездесудің тағылымы мол болды. Жас буын Желтоқсан оқиғасына қатысты тың деректерді, сол жылдардың батырларының ерлікке толы оқиғаларын естіп, өздерінің тарихқа деген құрметін арттырды.

Кездесуде оқушылардың белсенділігі ерекше байқалды. Олар қонақтарға Желтоқсан көтерілісіне қатысты көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, бұрын-соңды айтылмаған деректермен танысты. Батырлардың шынайы естеліктері мен өнегелі әңгімелері жас ұрпақтың жүрегінде елжандылықтың, патриотизмнің отын жақты.

Бұл шара тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағдар боларлық рухани сабақ болды. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі арқылы жастар еркіндіктің оңай келмейтінін, тәуелсіздікті сақтау үшін білімді, саналы, жігерлі болу қажеттігін түсінді.

Осындай кездесулердің ұйымдастырылуы – ұлттық тарихымызды дәріптеуге, өскелең ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеуге қосылған маңызды үлес. Желтоқсан оқиғасы – тек бір күндік көтеріліс емес, ол тұтас ұлттың санасын оятқан, тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болған тарихи оқиға. Осыны ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Сатоболд Кулаихан
Алматы қаласы

№156 ЖББ мектептің  
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*