Home » О нас » Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Қазақстан Ауған соғысына қатысқан ардагерлерді құрметтеп, олардың ерлігін ұмытпай, келер ұрпаққа жеткізу жолында маңызды жұмыстар атқаруда. Бүгінде ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету және олардың ерлігін насихаттау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы орайда №176 мектеп-гимназияның 6-сынып оқушылары 15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай «Отқа оранған 10 жыл» атты ардагерлермен кездесу кешін ұйымдастырды. Кешке арнайы шақырылған қонақтар – Ауған соғысының ардагерлері Кортубаев Алтынбек Бейсенбайұлы, Көшкенбаев Сұлтанбек Бахытжанұлы, Сауранбеков Адиль Сматуллаұлы, Иманбаев Асхат Елемесұлы және Желтоқсан ардагері Абдижанова Сауле Дарменбайқызы – оқушыларға өз естеліктерін айтып, өткен күннің ауыр жүгін еске алды.

Кездесу Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимн орындауымен басталып, жиналғандар ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұғалімдер мен оқушылар қонақтарды жылы қарсы алып, олардың ерлігіне деген құрметтерін білдірді. Кешті 6 «Д» сыныбының жетекшісі Кульпеисова Гульзайра Несіпбекқызы ашып, Ауған соғысының тарихына тоқталды. 1979 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған шешім бойынша КСРО әскері Ауғанстанға енгізіліп, он жыл бойы соғыс жүргізді. Бұл соғыстың зардабы қазақ жауынгерлерін де айналып өтпеді. КСРО құрамынан аттанған 22 000 қазақстандықтың 761-і қаза тауып, 484-і мүгедек болып оралды, ал 21 сарбаз хабар-ошарсыз кетті.

Ардагерлер өз бастарынан өткен қиын күндер туралы айтып, соғыстың нағыз бет-бейнесін суреттеді. Олар үшін ең ауыр сәттер – қаруластарынан айырылу, туған жерге оралу үміті үзілген сәттер еді. Бірақ сол қиындықтармен бірге, майдандас достықтың, бір-біріне деген жанашырлықтың қаншалықты маңызды болғаны да айтылды. Сұхбат барысында оқушылар ардагерлерге сұрақтар қойып, олардың жауаптары арқылы сол бір кездің ауыртпалығы мен шынайылығын тереңірек түсінуге тырысты. Кеш барысында оқушылар ардагерлерге арнап жүрекжарды сөздерін жеткізіп, олардың ерлігіне бас иетіндерін білдірді. «Жас қыран» әскери-патриоттық ұйымы өз өнерлерін көрсетіп, мектеп оқушылары Отан алдындағы адалдықтарын білдіріп, серт берді. Олардың жалынды сөздері жас ұрпақтың ерлікті ұмытпайтынын, өткеннің өнегесін жалғастыратынын көрсетті.

Кездесу соңында оқушылар ардагерлерге алғыс айтып, шағын сыйлықтарын тарту етті. Жылы жүздесу мектеп ұжымы мен оқушылардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Қанша жыл өтсе де, бұл соғыстың салдары мен ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Ауған соғысының 36 жылдығы – тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар болашақ үшін маңызды тарихи тәжірибені ұғыну мүмкіндігі.

 

Садиркулова Гулима Салкинбековна
№176 мектеп-гимназияның
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*