Еримбетова Мауыт Джумабаевна
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,
«Рахым Сәрсенбин атындағы №192 ЖББМ» КММ
директорының міндетін атқарушы
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
«Ұлттық тәрбие – ұлттың рухани негізі» атты Зейнеп Ахметовамен тағылымды кездесу өтті
2025 жылдың 18 наурызында «Рахым Сарсенбин атындағы №192 ЖББМ» КММ-де Ұлы Жеңістің 80 жыл толуына орай қазақтың даңқты батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметовамен « Ұлттық тәрбие – ұлттың рухани негізі » атты кездесу өтті. Іс шараға Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Салтанат Амангелдіқызы Кусаинова, Наурызбай ауданы білім беру ұйымдарының директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысты. Бауыржан Момышұлының қолына су құйып, батасын алған келіні Зейнеп апамыз бүгінгі өткен кеште ұлттық қадір-қасиет пен құндылық төңірегінде сөз бастады.
Кездесу барысында Зейнеп Ахметова қазақ халқының ерлік пен елдік жолындағы күресі, Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі туралы терең мағлұмат беріп, ерлігі мен рухани мұрасын дәріптеудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесуде Зейнеп Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, салт-дәстүр, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, бабалар аманатын жеткізіп, бала тәрбиесі туралы өзінің өмірден түйген тәжірибесінен кеңінен әңгімеледі. Екі сағатқа созылған кездесуде дін мен дәстүр жалғастығын түсіндіріп, жастарды игі іске жұмылуға, тарихты құрметтеп, өткенге салауат, келешекке сенім артуды үйретті.
Кездесуде салт пен дәстүрден бөлек, батыр Бауыржан Момышұлы туралы құнды естеліктер айтылды. Сондай-ақ келген көпшілік кеш соңында көкейдегі сұрағын қоюға мүмкіндік алды.