Главное сегодня

Мектеппен жұмыс сабақтастығы

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, КМҚК №65 бөбекжай-балабақшасында
«Мектеппен жұмыс сабақтастығы» тақырыбында қалалық семинар өтті.

Іс-шараның басты мақсаты — мектеп пен балабақша арасындағы тығыз байланысты көрсету, бүлдіршіндерді мектепке барар кезеңге дейін жан-жақты дайындап, психологиялық көмек көрсету және бейімдеу болды.

Семинардың шымылдығын балабақша меңгерушісі Рубан Светлана Васильевна өзінің жүрекжарды алғы сөзімен ашты. Ол өз сөзінде балабақша мен мектеп арасындағы өзара байланыстың, баланың дамуының үздіксіз сабақтастығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, әр баланың мектепке қадам басар алдындағы дайындық деңгейі мен психологиялық бейімделуінің маңызына тоқталды.

Одан кейін балабақша әдіскері Бозымбаева Айман Рысбекқызы мектепке дейінгі ұйым мен мектеп арасындағы сабақтастық бойынша тәжірибеден алынған фотосуреттер мен бейнематериалдар арқылы жұмыстарды көрсетті. Сонымен бірге балалардың мектепке экскурсия жасаған сәттерінен әсерлі көріністер ұсынылды.

Келесі бөлімде №76 жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері Бердиева Айман Калдарбековна мен Ергазина Галия Базарбаевна сөз алып, балабақшамен орнатылған өзара тығыз байланыс пен бірлескен іс-шаралар туралы баяндап өтті. Олар №65 балабақшасының түлектері бүгінде өз мектептерінде жақсы оқып, білім мен тәртіп үлгісін көрсетіп жүргендерін ерекше қуанышпен жеткізді.

Семинар барысында АГГПК №2 оқытушысы Маметьярова Рашида Тургановна және студенттер Ильина Ольга, Василенко Светлана «Мектептегі тәжірибе: бірінші сынып оқушыларын бейімдеу» тақырыбында өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар балалардың жаңа ортаға бейімделу жолдарын, психологиялық және әдістемелік қолдау тәсілдерін түсіндіріп өтті.

Келесі кезекте «Мектепке дейінгі балаларға арналған логика» және «Менталдық арифметиканың элементтері» тақырыбында мектепалды даярлық тобының тәрбиешілері Кулешова Ирина Александровна мен Кожабай Роза Жумабайкызы ұйымдастырылған іс-әрекетті көрсетті. Балаларға мектеп өмірінің ерекшеліктері таныстырылып, қоңырау соғылған кезде тыныштық сақтап, зейін қою керектігі түсіндірілді. Математикада бүлдіршіндер түрлі геометриялық фигуралармен танысып, олардың атауларын атап, арнайы құралдар арқылы ұсақ моторикасын дамытатын тапсырмалар орындады. Балалар түрлі түсті ленталарды пайдаланып, үлкен суреттердегі пішіндердің сыртынан сызық жүргізу арқылы қызықты тәжірибелік жұмыс жасады.

Одан кейін мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Злотя Ольга Леонидовна «Супер Лото-әліппе арқылы сауат ашуды үйрету» тақырыбында балалармен қызықты оқу іс-әрекетін өткізді. Балалар аңдармен танысып, олардың атауларын әріптермен таңбалауды үйренді. Ұйымдастырылған іс-әрекет соңында бүлдіршіндер өздерінің әдемілеп жазған әріптерін және суреттерін келген қонақтарға көрсетті.

Келесі бөлімде мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Березина Елена Михайловна «Балаларды мектепке даярлаудағы зияткерлік тәсіл» тақырыбындағы бейнеролик бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді. Ол заманауи әдістер мен интеллектуалдық ойындардың бала ой-өрісін дамытудағы рөлін атап өтті.

Сонымен қатар тәрбиешілер Мансурова Айдам Адилжановна мен Березина Елена Михайловна «Отбасы мен балабақша ынтымақтастығы – баланы мектепке табысты даярлаудың кепілі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ата-анамен бірлесе жұмыс жүргізудің тиімді әдістерін ұсынды.

Семинардың соңында балабақша ата-аналары қолдан тіккен ұлттық нақыштағы киімдер мен бұйымдарды көрсетті. Бүлдіршіндер өз аналарының қолынан тігілген домбыра, ұлттық аспаптар, кесе бейнеленген киім үлгілерін киіп шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

     

Сонымен қатар балабақша психологі келген қонақтармен интерактивті ойын өткізіп, мектеп пен балабақша арасындағы байланыс жөнінде сұрақтар қойды. Қонақтар екі топқа бөлініп, қоңырау соғу арқылы жауап беру сайысына қатысты.

Іс-шара соңында пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушыларға стикерлер таратылып, әрқайсысы өз ой-пікірін және тілегін жазып, «65 бөбекжай» деп жазылған әсем безендірілген алма ағашының макетіне жабыстырды. №76 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі, осы балабақшаның түлегі Сатаров Д.С. семинар қатысушыларын әнмен қуантты.

Семинарға қалалық әдістемелік мектепке дейінгі орталықтың әдіскері Тураллина А.Ж. және Түрксіб ауданының әдістемелік тобының өкілі Сабурова Т.О. қатысты

№76 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі, осы балабақшаның бұрынғы түлегі Сатаров Д.С. әсем әнімен семинар қатысушыларының көңіл күйін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.

Семинар өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушылардың тыңғылықты дайындығы бірден байқалды. Қатысушылар мол әсер алып, жаңа тәжірибе мен пайдалы ақпаратқа қанықты. Осындай тәрбиелік мәні зор, баланы мектепке сапалы дайындауға бағытталған жұмысты табысты жүзеге асырып отырған балабақша меңгерушісі Рубан Светлана Васильевна,
әдіскер Бозымбаева Айман Рысбекқызы,
психолог Бексұлтанова Жанерке Құрметқызы,
музыка жетекшісі Жумадилла Жанар Алдабергенқызы
тәрбиешілер және барша ұжымға шексіз алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

 

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *