Алматы қаласы Наурызбай ауданы,
«№193 бөбекжай- балабақша» КМҚК
меңгеруші
Жумадилдаева К.И.
Ғылым мен білім жан – жақты дамып, оқу – білім алуға бар мүмкіндік берілген жаһандану заманында жастардың мамандық игеруі – басты талапқа айналып отыр. «Білекке сенер заманда – ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмелік» дегендей, XXI ғасыр мықты мамандар ғасыры. Жас мамандарды қанаттандыру, білгенімізбен бөлісу мақсатында Наурызбай ауданы, №193 бөбекжай-балабақшамызда «Әр жас маман бір жұлдыз, жарқырауға көмек бер» тақырыбында аудандық семинар өткіздік.
Семинарымызға мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың меңгерушілері мен жас мамандары қатысты.
Семинар шымылдығын балабақшамыздың жас педагогтары «Жас мамандар гимнімен» түрді.
Келген қонақтардың көңіл-күйлерін көтеріп, бір серпілтіп алу үшін әдіскеріміз Тойганбаева К.Т. тренинг өткізді.
Тәжірибелі тәлімгермен байланыс орнату
«Серуен-баланың физикалық, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы үшін маңызды әрекеті» туралы білікті маман, тәлімгер — Байтурганова Ж.Е өз тәжірибесімен бөлісіп, озық ойын ортаға салды. Жас мамандардың қатысуымен топтық және командалық жұмыстар жүргізілді. Балабақшамыздың педагогтарының ұйымдастыруымен «Балабақшадағы бір күн» музыкалық көрсетілімі қойылды.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенді ұран еткен балабақша ұжымынан “Келіншек” күйі тарту етілді.
Иә, бұл семинар өзгелерден өзгерек болды. Келген қонақтарымыз білімдерін толықтырып, керек жерін өздеріне түртіп алды.
Бұл семинар – озат тәжірибелі педагогтар мен еңбек өтілдері орта буынға жеткен әріптестердің жас педагогтерге қамқорлығын және жаңартылған білім мазмұны ерекшеліктеріне сай мектепке дейінгі білім саласындағы жаңа бастауларды қабылдау жолындағы мектепке дейінгі оқу әдістемелік жұмыстардың жүйелі жүргізілу деңгейін көрсеткен мазмұнды шара болды. Сонымен қатар білім саласындағы күннен-күнге еніп отырған өзгерістермен жұмыстануға, тәжірибе сабақтастығын нығайтуға да зор септігін тигізді.
Балабақша баланың өмірінде тұлға болып қалыптасуы мен дамуы қуатты жүретін айрықша құнды, қайталанбайтын кезең. Білім шыңына жаңа баспалдақтан басталатын ерекше дәуір деуге болады.
Жақсы маман болу үшін не қажет десе, ең алдымен терең білім, еңбек, дәлдік, ұқыптылық, қойған мақсатына жетуге деген өз күшіне сенімділік қажет дер едім. Жас маман – білім мен ғылымның қозғаушы күші. Еліміздің болашағы да, тірегі де осы жастардың қолында.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін! – деп жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына, артында қалған жастардың жететініне нық сенім білдірген
Мағжан Жұмабаевтың сенімін сөзбен емес, іспен көрсететін жастарымызға тек қана сәттілік, еңбектеріне табыс тілеп, жас ұрпақ үшін талмайтын қанаттың қағылатынына ұжым болып сенім арттық.