Главное сегодня

Ұлттық әуен — рухани тәрбие бастауы

Алматы қаласы, Алатау ауданы №148 бөбекжай-балабақшасында «Ұлттық әуен — рухани тәрбие бастауы» тақырыбында аудандық семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты — ұлттық музыка арқылы балалардың рухани әлемін байытып, шығармашылық қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру.
  

Семинар барысында педагогтер қазақтың халық әндері мен күйлерінің тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталды. Домбыраның күмбірі мен дәстүрлі әуендердің бала психологиясына, сезімталдығына, мінез-құлқына әсері туралы тәжірибелік мысалдар ұсынылды. Ұлттық әуен — тек музыкалық мұра ғана емес, ол — ұлттың тарихы, болмысы мен рухының айнасы екені ерекше айтылды.

Практикалық бөлімде тәрбиешілер балалармен бірге ұлттық музыкаларды тыңдап, әуен арқылы көңіл күйді бейнелеу, қимыл-қозғалыс арқылы сезімді жеткізу, шағын шығармашылық тапсырмалар орындау жұмыстарын көрсетті. Музыкалық-дидактикалық ойындар арқылы балалардың есту қабілеті, ырғақ сезімі, сахналық мәдениеті мен тіл байлығы дамытылды.

Сонымен қатар, семинарда заманауи технологиялардың мүмкіндіктері де назардан тыс қалмады. Ұлттық әуендерді жаңа форматта ұсыну, дыбысты өңдеу және балалардың қызығушылығын арттыру жолдары талқыланды. Бұл — дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді үндесуінің айқын көрінісі болды.

№148 бөбекжай-балабақшасының ұжымы рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтарды баланың бойына ерте жастан сіңіру — болашақ саналы ұрпақ қалыптастырудың негізі деп біледі. Осындай тағылымды шаралар арқылы балалардың өнерге сүйіспеншілігі артып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығы тереңдей түсуде.

Ұлттық әуенмен сусындаған ұрпақтың рухы биік, болашағы нұрлы болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *