Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде осындай атаумен кездесу өтті.
Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, Орал қалалық прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мұхаммед Әдиетов, БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының аға анықтаушысы Айдарбек Кадирұлы қатысты.
Алдымен сөз алған университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Ұзақбайұлы басқосудың маңызына тоқталып, келген қонақтармен таныстырды. Жиын барысында сала өкілдері сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу, заң мен тәртіпке бағыну, заңсыз қаржы иелену туралы ақпараттармен бөлісіп, жастарды зиянды әдеттерден сақ болуға шақырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласының маманы Біржан Марданұлы «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және білім беру» бағыттары туралы әңгімеледі.
Қала прокуроры Мұхаммед Ғилымұлы: – Соңғы кездері есірткі қылмысы, алаяқтық оқиғалары орын алуда. Мұндай қылмыстарға шетелдіктер емес, оңай олжаға қызыққан өз азаматтарымыз баруда. Интернет пен әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен түрлі ойындардың соңы осындай жолға апарады. Сондықтан сақ болған дұрыс. Жасалған қылмыс түбінде әшкере болады. Сол кезде өздеріңіз білім алып жүрген университеттеріңіздің атына кір келтіресіздер, – деп, студент-жастарды адалдыққа үндеді.
Сонымен қатар жастарға буллинг және қаржылық пирамида туралы түсінік берді.
БҚАТУ медиа орталығы