Баймуратова Маржан Мұратқызы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі
Шығармашылық қабілет – адамның өз ойын, сезімін, идеяларын жаңа және ерекше тәсілмен көрсету қабілеті. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту – бүгінгі таңда білім беру саласында маңызды мәселе болып табылады. Балалар жасынан шығармашылықты дамыту арқылы өздерінің ішкі әлеуетін ашуға, жаңа білімдер мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады. Негізінен, шығармашылық қабілеттер тек өнер саласында ғана емес, кез келген салада маңызды рөл атқарады. Оқушының шығармашылық ойлауы, ерекше тәсілдермен мәселелерді шешуі, идеялар мен пікірлерді еркін жеткізе білуі оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына және қоғамға пайдалы азамат болып өсуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, шығармашылық қабілеттің дамуы баланың өзіне деген сенімін арттырады, оның өзін-өзі бағалауы жоғарылайды.
7-11 жас аралығындағы оқушыларының шығармашылық қабілеттерін арттыру жолдарына тоқталар болсам, ең алдымен, ойын арқылы оқыту маңызды дер едім. Балалар ойын арқылы үйренеді. Ойын – шығармашылықты дамытудағы ең тиімді тәсілдердің бірі. Балаларға түрлі рөлдік ойындар, ситуациялық тапсырмалар беріп, олардың қиялын және шығармашылығын дамытуға болады. Мұндай әдіс балалардың тапсырмаларды орындауда өздерін еркін сезінулеріне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, түрлі әдеби шығармаларды оқыту, оларға сұрақтар қойып, талдау жасау шығармашылық ойлауды дамытады. Әрбір әдеби шығарманың мазмұны мен идеясы туралы ойлауға, кейіпкерлердің іс-әрекеттерін бағалауға үйрету баланың жан дүниесін байытады. Оқушыларға жобалық жұмыстар жасату олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашады. Оқушылардың өздеріне қызықты тақырыптарды таңдап, сол бойынша зерттеу жүргізіп, нәтижелерін сыныппен бөлісуі тіпті нәтижелі болмақ. Аталмыш әдіс балалардың өздігінен жұмыс істеп, жаңалық ашуға ұмтылуына ықпал етеді. Оқушылардың қиялына ерік беріп, шығармашылық жұмыстар орындауға баулу маңызды. Олар әртүрлі жанрда жазба жұмысын жазып, түрлі тақырыптарды талқылау арқылы өз ойларын ашық әрі жүйелі жеткізуге үйренеді. Бұл әдіс балалардың тілдік дағдыларын жетілдіруге де септігін тигізеді. Балаларға сурет салу, қолөнермен айналысу сияқты көркем шығармашылық түрлеріне қатысу олардың шығармашылық қабілеттерін арттырады. Әрбір бала өзін түрлі бағытта көрсете алады. Әсіресе, мұғалімнің балалардың жеке таланттарын байқауы және оларды дамытуға ынталандыруы маңызды.
Мұғалім шығармашылық қабілеттердің дамуына тікелей ықпал етуі керек. Ол әрбір оқушының қызығушылығы мен қабілеттерін байқап, соларға сәйкес әдістерді қолдануы тиіс. Оқушылардың шығармашылығын дамыту үшін мұғалім әртүрлі педагогикалық технологияларды қолдана отырып, оқыту процесін қызықты, тиімді және нәтижелі етеді. Мұғалім балаларды тыңдап, олардың пікірлерін бағалауы, әрбір оқушыға жеке көзқарас танытуы қажет. Негізінен, оқушыларының шығармашылық қабілеттерін арттыру – оларды өз қабілеттеріне сенімді, өз пікірін еркін айта алатын, қоғамға қажетті идеяларды ұсына алатын тұлғалар ретінде тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам. Бұл қабілеттер мектеп қабырғасынан басталып, балалардың болашақта өмірде табысты болуына ықпал етеді. Сондықтан да әрбір ұстаз баланың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған түрлі әдістер мен тәсілдерді меңгергені ләзім.