Home » статьи » Логопедиялық ойындардың инклюзивті балаларға әсері


Логопедиялық ойындардың инклюзивті балаларға әсері


Білім мен тәрбиенің негізі мектепке дейінгі кезеңде қаланады. Әсіресе, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін осы кезеңдегі қолдау аса маңызды. Алматы қаласы, Бостандық ауданы
№82 бөбекжай-балабақшасында «Логопедиялық ойындардың инклюзивті балаларға әсері» тақырыбында аудандық семинар өтті. Бұл шара педагогтердің тәжірибе алмасуына, логопедиялық ойындардың маңыздылығын түсінуге және олардың тиімділігін іс жүзінде көруге мүмкіндік берді.

Семинар балабақша меңгерушісі Иманбекова Асылхан Даутовнаның алғы сөзімен ашылды. Ол қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, инклюзивті білім берудің маңыздылығына тоқталды.
Бүгінгі шараның басты мақсаты – логопедиялық ойындардың мүмкіндігі шектеулі балалардың сөйлеу дағдыларын дамытудағы рөлін көрсету екенін атап өтті.
Балабақша ішінде «Логопедиялық ойындар құжаттамасы» атты көрме ұйымдастырылды. Онда логопедтер мен педагогтердің қолданатын әдістемелері, ойын түрлері, дидактикалық материалдар, балалардың даму динамикасын көрсететін жазбалар мен фотосуреттер ұсынылды. Бұл көрме педагогтерге өз тәжірибелерін толықтырып, жаңа әдіс-тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді.

Семинардың негізгі бөлігі логопед, педагог-модератор Магсумова Э.К-ның баяндамасымен жалғасты. Ол логопедиялық ойындардың инклюзивті балаларға әсері туралы баяндап, олардың сөйлеу дағдыларын жақсартудағы маңызын түсіндірді. Логопедиялық ойындар – баланың сөйлеуін ғана емес, ойлау қабілетін, ұсақ моторикасын және қарым-қатынас дағдыларын дамытатын ерекше әдістердің бірі.
Баяндамадан кейін қатысушылар балалармен іс-тәжірибе сабақтарын тамашалады. Магсумова Э.К. түрлі ойындарды көрсетіп, олардың қолданылу ерекшеліктерін түсіндірді. Балалар логопедиялық жаттығуларды қызығушылықпен орындап, ойын арқылы өз дағдыларын жетілдіруге тырысты. Бұл сәттер семинарға қатысқан педагогтер үшін ерекше тәжірибе болды.

Семинарға арнайы шақырылған ата-аналар да балалардың жетістіктерін көріп, педагогтерге алғысын білдірді. Олар инклюзивті білім беру ортасында балаларының өзін еркін сезінетінін, логопедиялық ойындардың оң әсерін байқағандарын айтты. Осындай тәжірибелік сабақтардың нәтижесінде балалардың сөйлеу дағдылары жақсарып, қарым-қатынасқа түсу қабілеті арта түсетінін ата-аналар ерекше атап өтті.
Шараның сергіту бөлімі қызықты тренингпен жалғасты. Қатысушылар бір-бірімен еркін пікір алмасып, шығармашылық тапсырмалар орындады. Балабақша тәрбиеленуші қыздары әсем би билеп, педагогтер өздерінің ұйымшылдығын танытып, балабақша гимнін орындады. Бұл сәт семинардың ерекше әсерлі, есте қаларлық кезеңдерінің бірі болды.

Семинар соңында қатысушылар кері байланыс беріп, жаңа білім мен тәжірибе жинақтағандарын атап өтті. Педагогтер логопедиялық ойындардың тиімділігін өз көздерімен көріп, оларды өз тәжірибелерінде қолдануға ниет білдірді.
Бостандық ауданы №82 бөбекжай-балабақшасында өткен бұл семинар педагогтердің біліктілігін арттырып қана қоймай, ерекше балалардың дамуына үлкен үлес қосатын логопедиялық ойындардың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қатысушылар алған білімдерін тәжірибеде қолданып, балалардың болашағына жарық сәуле түсіретініне сенім мол.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*