№198 бөбекжай-балабақшасы Әжелер мектебі: Ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі
Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №198 бөбекжай-балабақшасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында ортаңғы “Жалын” тобының тәрбиеленушілері мен әжелерінің қатысуымен ерекше танымдық-тәлімдік іс-шара – «Әжелер мектебі» өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балалардың салт-дәстүрімізге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету сияқты адами қасиеттерді бойларына сіңіру.
Іс-шара барысында әжелеріміз балалар-ға қазақ халқының асыл мұраларын паш етіп, ұлттық тағам түрлері мен олардың жасалу жолдарын көрсетті. Жүн сабау, құрақ көрпе құрау сынды ұмыт бола бастаған қолөнер дәстүрлері таныстырылып, әрбір әрекеттің мәні мен маңызы түсіндірілді. Осындай тағылымы мол тәлімнің нәтижесінде бүлдіршіндер өз халқының қолөнеріне қызығушылық танытып, асыл әжелерінің өнегелі әңгімелерін ынта қойып тыңдады.
Көпшілік қызыға тамашалаған көріністердің бірі – қазақтың қасиетті дәстүрлерінің бірі – тұсаукесер рәсімі болды. Бұл рәсімде бүлдіршіндердің ертеңгі жарқын болашағына деген ақ тілекпен, олардың өмір жолы кең, қадамы нық болуы үшін ізгі ниет білдірілді. Тұсаукесердің сәнін келтірген әжелердің ақ батасы мен жылы сөздері шараның мәнін одан әрі тереңдете түсті.
Шара барысында тек салт-дәстүріміз ғана емес, қазақтың әсем әндері мен күмбірлеген күйлері де орындалды. Ауылдың алты ауызы шырқалып, әжелер мен бүлдіршіндер қосыла ән айтты. Ортаңғы топ тәрбиеленушілері би билеп, ән салып, өз өнерлерін паш етті. Балаларға қазақ өнері мен мәдениетінің тұнық бұлағынан сусындауға мүмкіндік берілгені сөзсіз.
Осындай ауқымды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шараны өткізуге балабақша ұжымы үлкен үлес қосты. Шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан меңгерушінің міндетін атқарушы Байжанова Меруерт Айдулдаевна, әдіскер Асет Гүлсім, тәрбиешілер Кулиманова Фируза Шегеевна мен Қуанышева Балжан Еркінқызы, музыка жетекшісі Жаппар Абылай сынды ұлағатты ұстаздардың еңбегі зор. Ұжымның ұйымшылдығы мен бірлігі арқасында шара жоғары деңгейде өтті.
«Әжелер мектебі» – бұл тек іс-шара ғана емес, ұрпақтар арасындағы алтын көпір, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Осындай шаралар арқылы балабақша тәрбиеленушілері халқымыздың бай мәдени мұрасымен танысып қана қоймай, өздерінің ұлттық болмысын сезіне түседі. Біз алдағы уақытта да осындай игі шараларды ұйымдастырып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуді жалғастырамыз.-