Кеше Астана қаласы білім басқармасына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде, Мұқағали Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясында, Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында, Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында болдым. Ұлылырдың есімін ұлықтаған оқу орындарына барғанда рухтарымен кездескендей боласың. Адымдап басуың былай тұрсын, есікті қатты жабудың өзі ұят сияқты көрінді маған. Именшіктеп кіріп, иіліп жүреді екенсің.
Мұстафа Шоқай мұражайына кірдік. Деректі құжаттар мен бұйымдарды алты бағыт бойынша жиналған екен. Кіріп келгенде көзімізге оттай басылған “Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы болмақ” – депті Мұстафа бабамыз. Ол бүгінгі күнді аңсап, армандағаны. Түсінген адамға біз соған жеттік. Сол бабалар аңсаған Тәуелсіздік оңайлықпен келді ме? Ұрпақ оны білгісі келе ме? Тарихтың қыр – қатпарын жастарға жеткізу бізге мұра. Соны ескергендіктен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы “Мектеп оқу ордасы ғана емес тәрбие мен озық ойдың ордасы. Әріп үйретумен қоса таным көкжиегін кеңейтетін, өткеніміз бен бүгінімізді елеп ескеріп отырып, болашағымыздың бағытын айқындайтын орта. Сондықтан жастарымызға үлгі ретінде ұлы тұлғалардың есімдерін мектеп атауларына бергенді жөн санадық. Ұлылардың ұлы есімдерін білім беру ұйымдарына берудің басты мақсаты олардың еңбектерін насихаттай отырып, өскелең ұрпақтың бойына дарыту.”- дейді. Жақсы үдеріс екен деп ойладым ішімнен.
Астана
BILIM AINASY
Қуантай Амантайұлы